Қазақстандық спортшылар күзде Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық жүргізуде. Жақында жамбы ату спортының шеберлері Алматы облысында бас қосты.

 

Жамбы атудан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына (ат үстінде садақ ату) құраманың барлық облыстағы мүшелері жиналды. Жамбы атудан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашевтің айтуынша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты жыл басында бастап кеткен. Бұған дейін мұндай оқу-жаттығу жиындарының екі кезеңі өткен. Ойын басталғанша тағы бір мәрте жиналамыз, дейді.

— Жаттығу жиынына жамбы ату спорты бойынша жасақталған спортшылардың 2 құрамы қатысуда. Біздің спортшылар дүниежүзілік ойынға 70-80 пайыз дайын деуге болады, әлі де жұмыс істеуіміз керек. Қазір біз жылқыларды спорттық дайындаумен де айналысамыз. Жарыс барысында Моңғолия, Индонезия, Малайзия, Венгрия және Араб елдерінің өкілдерін біздің спортшыларға мықты қарсылас болады деп санаймыз, — деді жамбы атудан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев.

Еске салсақ, Жамбы ату республикалық федерациясы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, қауымдастық құрамында бәйге, көкпар, аударыспақ, садақ ату, құсбегілік, асық ату, теңге ілу, «JORYQ» және т.б. спорт федерациялары бар. Қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

 

Өз тілшіміз.