Төрт жылдық үзілістен соң қайта жаңғырған павлодарлық «Ертіс» футбол клубы бүгінгі таңда ел чемпионатында үздік ойын өрнегін көрсетіп жүр. Жақында павлодарлық футболшылар Екінші лига аясында петропавлдық «Қызылжар М» командасын тізе бүктірді. Сырт алаңда өткен матч 3:0 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.

Облыс әкімі Асайын Байханов ойын алдында «Ертіс» футбол клубының спортшыларына сәттілік тілеп, ыстық ықыласын жолдады. Аймақ басшысы қайта жаңғырған футбол командасының бүгіні мен ертеңіне үміт артып, клубтың кешегі жеңісті күндерін де сағына еске алды.

— Павлодар облысының әкімі болып тағайындалғалы бері аты аңызға айналған футбол командасын жандандыру туралы маған көптеген өтініш түсті. Бұл процесс оңай болған жоқ және ұзақ уақыт пен үлкен күш-жігерді қажет етті. Бірақ мен, көптеген адал жанкүйерлер сияқты, бұл мүмкін екеніне сендім. Сенім артқан командамыз маусымды жақсы бастап, үнемі тамаша нәтижелер көрсетіп келеді. Сол сияқты «Қызылжар М» командасына қарсы маусымның ақтық ойынынан да сәтті өтетініне сенімдімін. Осылайша уақыт өте келе «Ертісіміздің» бұрынғы даңқын қайтара алатынымызға күмәнім жоқ. Жеңіс пен жаңа белестерді бағындыруларыңызға шын жүректен тілектеспін, — деді Павлодар облысының басшысы спортшыларға.

Футбол клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, аймақ басшысы бастаған бірқатар азаматтардан жолданған мұндай бейнехабарламалар ойыншылар үшін нағыз тосын сый болды. Облыс әкімінен бөлек, футболшылардың балалары, туған-туыстары да осы іспетті бейнехабарлама жазып, жолдады. Бұл спортшыларға күш-жігер сыйлап, жаңа шыңдарға шығуларына шабыт сыйлады.

— Командадан жасырын түрде қолдау көрсету туралы бейнежазбаны түсіруді сұрады. Олар мұны біздің ойыншыларға матч басталар алдында көрсетті. Шынында, бұл әсерлі болды. Бізді маусым бойы қолдағандардың барлығына алғыс айтамыз! Біз сіздерді бағалаймыз! – деп хабарлайды «Ертістің» Instagram-дағы ресми парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, Екінші лигада павлодарлық футболшылар Петропавлда жергілікті «Қызылжар М» командасымен жекпе-жек өткізіп, ойынды жеңіспен аяқтаған болатын. Осылайша, қайта жанданған «Ертіс» командасы жанкүйерлер үмітін ақтап, келесі жылы Бірінші лигаға жолдама ұтып алды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дәл осы міндетті алға қойды.

Өз тілшіміз.