Бұрнағы күні «Баянтау» спорт кешенінде еркін күрес бойынша КСРО спорт шебері, ҚР құрметті спорт қайраткері Амантай Аймағамбетовтің құрметіне арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасында өңіраралық турнир өтті. Сайысқа 300-ге жуық жас балуан қатысып, боз кілемде шеберліктерін сынады.

Аталған турнирдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов ардагер спортшы Амантай Аймағамбетовтің үстіне шапан жауып, мұндай шаралар ердің ғана емес, елдің беделін арттыратынын атап өтті.

– Спорт – ел мерейін асырып, абыройын асқақ етер сала. Саламатты өмір салтын ұстану – рухтың күштілігі, ұлт денсаулығының берік кепілі. Бүгінгі Амантай Аймағамбетовтің құрметіне арналған ашық турнирге еліміздің әр өңірінен мықты спортшылар келіп, бақтары мен баптарын сынамақ. Әр аймақтың мықтылары жиналған боз кілемдегі белдесуде өңіріміздің балғын балуандары да намысты қолдан бермейтініне кәміл сенеміз, — деді ол. Сонымен қатар, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерғабұлов дәл осындай ашық турнирлер спортшылардың жігерін жанып, олардың үлкен белестерді бағындыруына жол ашатынын айтты.

— Қазір елімізде спорт саласының дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Балуандарымызға артылған үміт көп. Бүгінгі турнирде 280 жас балуан күш сынасты. Оның ішінде 40 қыз бен 140 ұл бала бозкілемде кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады. Еркін күрес бойынша КСРО спорт шебері, ҚР құрметті спорт қайраткері Амантай Аймағамбетовтің мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл турнирде өнер көрсеткен азаматтар алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарынан жүлделі орындарды иеленеді деген үміттеміз. Спортшылардың күндіз-түні жаттығу алаңдарында өткізген уақыты мен еңбегі ақталып, алтыннан алқа тағынса деп тілеймін, – деді басқарма басшысы. Өз кезегінде ардагер спортшы Амантай Аймағамбетов турнирдің жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтып, жас балуандармен спорттағы жолы мен жетістіктерімен бөлісті. Оның айтуынша, жарыстың көркін қыздырып, балуандар жарысына асыққан жанкүйерлерде қисап жоқ. Олар кәсіби күрес мамандарының пікірлері мен әділ бағаларына разы болысып, жауырыны қақпақтай азаматтардың шын айқасына куә болды.

— Қазіргі күрестің деңгейі биік. Турнирге облыс аймақтарынан келген үш жүздей жасөспірім жас санаты мен салмақ бойынша сынға түсті. Осындай спорт түрлері көрермендерге көптеп жол тартса, облысымыздың спорт саласында жасындай жарқылдаған жас балуандар ұлттық құрама сапында бой көрсетіп, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлделі болады. Барлығы еңбек пен тәжірибемен келетінін айта кеткен жөн. Демек, облыста күрес одан әрі дамуы үшін әр ауданда бапкерлер мықты болу керек. Сонда ғана күрес ілгерілейді деп ойлаймын, – деді А.Аймағамбетов. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды 26 келіде белдескен жас балуан Даниял Батырханов, 32 келі салмақта Аңсар Амангелді, 41 келі салмақта Имран Әлмұхамбетов, 44 келі салмақта Алдияр Батырханов, 52 келі салмақта Мажит Зандаров, 68 келі салмақ бойынша Максим Дробышев иеленді. Ал жүлделі ІІ орын 38 келі салмақта Дүйсенбек Мейрамбаевқа, 44 келі салмақ бойынша Имам Айвазовқа, 48 келі салмақта Мұса Зекенге, 52 келі салмақта Қуат Асылханға, 68 келі салмақта Думан Қайырболатовқа және 75 келіден жоғары салмақ бойынша Сәбит Айқынға бұйырды. Сондай-ақ, жеңіс тұғырына көтеріліп, ІІІ орынға ие болған жас балуандар арасында 26 келі салмақта белдескен Қайрат Нұрғали, 32 келі салмақ бойынша Павел Спиридонов, 41 келі салмақ бойынша Амантай Ерәлі 44 келі салмақ бойынша Жаңаталап Нұралы, 52 келі салмақ бойынша Нұртілек Асылханұлы және 68 келі салмақ бойынша Григорий Спринсян бар. Шара соңында облыстың құрметті меймандары мен ел ақсақалдары, атқамінер азаматтар жас балуандарға бата беріп, алдағы уақытта қазақ күресін үзбей өткізіп тұруға, спорт саласына үлес қосқан азаматтар мен бапкерлердің атын елге таныстырып, арнайы жүлделер тағайындауға уағдаласты.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.