Жуырда Павлодар қалалық №1 спорт мектебінде 6 мен 12 жас аралығындағы жас спортшылар арасында спорттық гимнастикадан Астана, Алматы, Семей қалаларынан келген спортшылар арасында Павлодардың ашық біріншілігі басталды. Жарыстың ашылу салтанатына спорт ардагерлері мен облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту басқармасының орынбасары Қайрат Ахметжанов қатысып, бүлдіршіндерге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеп, бүгінде өңірде спорттық гимнастика дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Жарыстың құрметті қонақ-тары — Париждегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлде-гері, Универсиаданың екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нариман Құрбанов және Токио-2020 және Париж-2024 жазғы Олимпиада ойындарының финалисі, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия, әлем кубогының жеңімпазы, халықаралық спорт шебері Милад Карими.
– Жас спортшылар үшін өздерінің кумирлері мен аға бапкерлерін көру қаншалықты маңызды екенін білемін. Бала кезімде мен де Олимпиада чемпиондарына еліктеп өстім. Алайда олардың жасаған ерлігі бұрын маған қолжетімсіз секілді көрінетін. Дегенмен мақсатың айқын болса, армандар орындалатынын атап өткім келеді. Егер мен де алдыма мақсат қоймасам сіздердің алдарыңызда тұрмас едім. Менің жетістігім балаларға үлгі болғанына қуаныштымын, — дейді Н.Құрбанов.
Жаттықтырушы Дарья Чевакинаның сөзінше, спорттық гимнастикаға арналған чемпионат 6 жастан 12 жасқа дейінгі ер балалар үшін ұйымдастырылған.
— Спорттық гимнастика — оқу жылы кезінде өткізілетін алғашқы жарыс. Жазғы демалыс уақытында жас гимнастар жаңа жаттығуларды игеріп, жаңа разрядтарға ие болды. Бұл – жас спортшылардың қабілет-терін тексеруге әрі арттыруға арналған жақсы мүмкіндік. Чемпионатқа 100-ге жуық жас өрен қатысып, 6 жаттығу түрі бойынша сынға түсті. Олардың арасында еркін жаттығу, ат, сақина секілді жаттығу түрлері бар. Қатысушылардың бәрі де осы алты жаттығудан өту қажет болды. Жаттығулар шебер әрі таза орындалуына қарай бағаланды, — дейді Д.Чевакина.
Жарыстың алғашқы күнінің жеңімпаздарына медальдар табысталып та үлгерді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Татьяна Вервейко.