Photo Valeriy BUGAYEV

Жақында Астана қаласында өткен «Chess Class» олимпиадасына қатысқан павлодарлық жас шахматшылар жеңіспен оралды. Облыс әкімі оларды жетістіктерімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Chess Class» олимпиадасына 35 командадан тұратын 175 талантты және тәжірибелі шахматшы қатысып, бақ сынады. Аталмыш турнир 7 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылды. Байқаудың барлық бағытынан сүрінбей өткен Павлодар қаласындағы №29 мектептің командасы турнирдің жеңімпазы атанып, 900 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

Аймақ басшысы Асайын Байханов шахмат олимпиадасының жеңімпаздарымен кездесіп, алдағы уақытта да олардың биік белестерді бағындыра беруіне тілектес екенін жеткізді.

— Өтіп бара жатқан жылдың қоржыны тағы бір лайықты жеңіспен толықты. Шахматтан республикалық «Chess Class» олимпиадасының алғашқы чемпиондары сіздер болғандарыңыз ерекше қуантады. Осындай оқушыларымыздың зияткерлік, спорттық, шығармашылық конкурстардағы жеңістерімен бүкіл облыс мақтанады, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңір басшысы талантты да талапты оқушыларды тәрбиелеп жүрген павлодарлық ұстаздарға да алғысын білдіріп, жас буынның өз елінің патриоты болуы үшін мектеп, отбасы, қоғам және мемлекеттің бірлесіп әрекет етуі маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Асайын Байханов республика көлемінде алғаш болып Павлодар облысында «Мектептегі шахмат» жобасы сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда аймақтағы оқу орындарында жалпы саны 12,5 мыңнан астам баланы қамтитын 245 шахмат кабинеті жұмыс істеуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.