Облыс орталығында көптен күткен спорт нысаны ашылды. «Спорт сити» шағын ауданында орналасқан жекпе-жек орталығында бір күнде 800 адам тегін жаттыға алады. Мұнда республикалық  жарыспен қатар, халықаралық турнирлерді өткізуге мүмкіндік бар  екенін ескерсек, алдағы уақытта дүбірлі додалардың куәсі болатынымыз анық.

Жаңа орталық KAZ Minerals компаниясының қолдауымен ашылғанын атап өткен жөн. Игі шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, жекпе-жекпен айналысатын балаларға жетістік тіледі.

– Облыстың қалалары мен ауылдарының инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындарымыздың жайлы  өмір сүруі үшін жағдай жасауға қолдау көрсететін компанияларға алғысымды айтамын. Нысанның сұранысқа ие болатынына және балалар мен жастарды тарту орталы-ғына айналатынына сенімдімін. Жас спортшылар, сіздердің есім-деріңіз бүкіл әлемге әйгілі болсын және сіздерге қарап үлгі алатын ұрпақтың өсуіне тілектеспін! – деді аймақ басшысы. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерғабуловтың айтуынша, спорт сарайында олимпиадалық емес жекпе-жек түрлерінің 19 федерациясы орналаспақ.

– Бұған дейін балалар жауынгерлік және жекпе-жек өнерімен жертөлелерде айналысып келген-ді. Соған қарамастан жас спортшыларымыз өте жақсы нәтиже көрсетуде. Өткен жылы республикалық және халықаралық турнирлерде 500-ден астам медаль алды. Сондықтан олардың жаттығуы үшін үлкен сарай қажет деп шештік, – дейді ол. Бүгінде облыста жекпе-жектің әртүрлі түрлерімен 6000-нан астам адам шұғылданады. Жаңа орталықтың 3 заманауи мамандандырылған залында спортшылар жекпе-жектің 19 түрі бойынша айналыса алады. Олардың қатарында муайтай, самбо, таэквандо, кикбоксинг, каратэ, белбеу күресі, пенчак силат, қоян-қолтық ұрыс, ашихара, жауынгерлік самбо, грэпплинг және тағы басқалары бар. Орталықтың ашылу барысында облыс әкімі Асайын Байханов барша спортшыларды, жаттықтырушылар мен спорт ардагерлерін спорт күнімен құттықтап, тиісті марапаттарды табыстады. Бұл күні орталық жағалауда балаларға арналған ашық аспан астындағы бассейн ашылды. Аймақ басшысы жаңа нысан бала-лардың қауіпсіз демалысына арналғанын айтты.

– Бассейн суды сүзу және жылыту жүйелерімен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік желілерде кейбір қала тұрғындарының бұл нысанды кеш ашып жатқа-нымызды және оны ақылы ету туралы ұсыныстарын көрдім. Біз мұндай нысандарды бір маусымға ғана емес, алдағы жылдарға іске қосатынымызды атап өткім келеді. Биыл тұрғындар food-аймақтың жұмысына оң баға берді, енді бассейн де балаларды қуантатынына сенімдімін, – деді аймақ басшысы. Бассейн ересектердің қадағалауымен 5 пен 14 жас аралығындағы балаларға арналған. Суға түсу тегін. Жұмыс уақыты 9.00-ден 21.00-ге дейін, дүйсенбі — санитарлық күн. Мұнда 50 жатын орын, 2 душ, 2 киім ауыстыратын кабина орнатылған. Болашақта бұл жерде скуд-өткізу жүйесі іске қосылып, суға түсу уақыты максималды 1 сағатпен шектелетін болады. Сондай-ақ, нысанның тазалығы және тәулік бойы күзетпен қамтамасыз етіледі. Екі хауыздың тереңдігі 1,25 және 0,75 метр. Ішіндегі су жылытылып, күн сайын жаңартылып отырады. Су үнемі ағып кетіп отыратындықтан келушілерге медициналық анық-
тама талап етілмейді.

О.АХМАДИЯ.