Желмен жарысқан жүйріктер

Мау 12, 2025

Екібастұз қаласында алғаш рет RWS RUN қалалық жартылай марафоны өтті. Теміржол кластеріндегі жетекші компания жергілікті биліктің қолдауымен ұйымдастарған жарысқа Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ, тіпті Чилиден барлығы 1300 спортшы қатысты.

Шара таңғы алтыда денені шынықтырудан бастады. Қатысушылар қазақстандық жеңіл атлетші Татьяна Азарованың жетекшілігімен бойды сергітіп алған соң басты сайысқа қатысты. Алдымен 21,1 шақырымда бақ сынауға бел буған спортшылар жарыс жолына шықты. Кейін 10 және 5 шақырымда жүгіретін қатысушылар қосылды.

Жартылай марафон қорытындысы бойынша, 21,1 шақырымда ерлер арасында алматылық Нұрысбек Сексембай мәре сызығын бірінші болып кесті. 10 шақырымдық қашықтықта семейлік Руслан Бекешов жеңімпаз болды. Ал бес шақырымдық қашықтықта Астанадан келген Әлімжан Балтабек чемпион атанды. Әйелдер арасында астаналық Айгүл Аржаникова, қарағандылық Диана Ассауова және павлодарлық Галина Якушева алдына жан салмады.

Railways Systems KZ бас директоры Роман Павлингердің өзі де 21,1 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Ол RWS RUN жартылай марафоны Екібастұз қаласының спорттық инфрақұрылымын дамытып, жаңа дәстүрдің қалыптасуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Ал жарыстың арнайы сыйлығы сал ауруына шалдыққан баласымен бірге марафонға қатысқан Қуаныш Бейсекеевке табысталды.

— Ұлым Арсенге осындай жарыстарға қатысқан ұнайды. Біз – бір командамыз! Ұлым қай жерде жылдамдықты қосып, қай тұста баяулау керек екенін айтып отырады. Мұндай сайыс аяққа нық тұруға жігерлендіреді, — деді ол.

Жарыс ұйымдастырушылары жартылай марафон жыл сайын өтетін басты сайыстардың біріне айналады деп үміттенеді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.