Бұрнағы күні Орталық стадионда отандық чемпионаттың екінші лигасында сынға түсіп жатқан облыстың екі командасы – «Ертіс» және «Ақсу» ойыншылары өзара шеберлік байқасты. Алғашқысы биыл ғана қайта жаңғырып, үлкен футболға оралса, ақсулық команда бірнеше жыл бойы тұтас аймақтың намысын Премьер-Лигада қорғаған еді. Бұл жолы екі команданың «текетіресін» тамашалауға жанкүйерлердің рекордтық саны – 8 мың адам жиналды.

Аталмыш кездесуге екі команданың ойыншылары да сақадай сақ шықты. Дей тұрғанмен, матчтың бірінші таймының алғашқы минуттары бәсекелестіктен гөрі жолдастық ойынға көбірек ұқсады. Ара-тұра ақсулық футболшылар басым-дықты қолына алғанымен, ұрымтал сәттерді голға айналдыра алмады. «Ертіс» ойыншылары қарымта шабуылға шыққанымен, одан да нәтиже болмады. Бұл ретте жастардан құралған «Ақсу» командасының қорғаушылары сауатты ойнағанын атап өту керек. Олар тәжірибелі қарсыластарының шабуылдарына лайықты төтеп бере алды. Тайм соңына қарай ақсулық Данил Денисов есеп ашуға тырысты. Бірақ баспен соққан добы голға ұласқан жоқ. Сөйтіп, екі команда бірінші таймнан 0:0 есебімен тарқасты.

Екінші таймда ойын өрнегі өзгере түсті. «Ертіс» аяқдопшылары шабуылды үдетіп, ақсулықтарды өз қақпасына қарай тықсыра бастады. Сондай сәттердің бірінде Руслан Есімов бағыттаған доп «Ақсу» ойыншы-сының қолына тиіп, төреші Нұрсұлтан Әлібеков 11 метрлік айып добын белгіледі. «Ертіс» тәрбиеленушісі Арман Смаилов мүлт кеткен жоқ. Есеп – 1:0.

Бұдан соң алаң иелері қарқынды одан әрі үдете түсті. Бірнеше ұрымтал сәттер туындағанымен, есеп еселене қойған жоқ. Ақсулық ойыншылар да қарап қалмады. Ара-тұра Қанат Баязитов қорғаған қақпадан саңылау іздеді. Бірақ еш нәтижесіз. Қорғаушылар ақсулық шабуылшы Әлихан Ынтықбаевты айып алаңында құлатты. Алайда төреші пенальти белгілемеді. Керісінше, шабуылшыға симуляция үшін сары қағаз көрсетті.

Ойынның соңына қарай капитандық белгіні алып жүрген Руслан Есімовтің орнына Тимур Байжанов шығып, капитандық қызметті өз қолына алды. Алып қана қоймай, «Ертістің» шабуылын ширата білді. Бұл ретте «Ақсу» командасының қорғаушылары мен қақпашының еңбегін ерекше атап өту керек. Тіпті, қақпашы бірнеше рет тамаша сейв жасап, қауіптің бетін қайтарды.

Дей тұрғанмен, кездесудің 90-минутында «Ертіс» капитаны Тимур Байжанов есепті еселей түсті. Бұл қорытынды есеп болды. Павлодарлық «дербиде» «Ертіс» басым түсіп, «Ақсуды» 2:0 есебімен жеңді.

Облысымыздың екі командасы арасын-дағы ойынды аймақ басшысы Асайын Байханов, Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тамашалады. Жалпы, бұл күні Орталық стадионға 8 мың жанкүйер жиналды. Еліміздің бес дүркін чемпионы – «Ертіс» футбол клубы мұндай көп жанкүйерді соңғы рет еурокубоктық ойындар кезінде ғана жинаған болуы керек. Екінші лига ойынын 8 мың адамның тамашалауы – рекордтық көрсеткіш. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұған дейін павлодарлық команданың кездесулерінде орта есеппен 3000-4800 жанкүйер қолдау көрсететін еді.

Таймдар арасындағы үзіліс кезінде футболсүйер қауымның алдында «Дарите женщинам цветы» әнімен танымал болған жас әнші Жасдәурен өнер көрсетті. Көрерменнің қарасы көп болуы да сондықтан шығар, бәлкім. Қалай болғанда да, жас та, жасамыс та «Ертіс» пен «Ақсу» командаларын бөліп-жармай, екі клубқа да жанкүйер бола білді.

Ал бұл күні жеңіске жеткен «Ертіс» қарағандылық «Шахтер Ж» командасын қуып жетіп, ұпайларды теңестірді.

 

Арман СМАИЛОВ, «Ертіс» футбол клубының ойыншысы:

– Бүгінгі матч біз үшін ерекше болды. «Ақсу» командасы жастардан құралғанымен, жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Біз де жеңіске жету үшін барымызды салдық. Төреші пенальти белгілеген кезде жауапкершілікті өзіме алып, 11 метрлік айып добын соғуға бардым. Мұндай соққыларды жаттығу барысында да жасап, біраз шыңдалғанымызбен, жасыл алаңда сәттіліктің серік болар-болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Абырой болғанда, айып алаңынан асырған доп голға айналып, алға шықтық. Бірақ 1:0 есебімен жеңіп тұрғанның өзінде кездесудің соңғы минуттарына дейін ойын тартысты өтті. Біздің есепті еселейтін, ал ақсулық футболшылардың теңестіретін мүмкіндіктері болды. Біз бұл мүмкіндікті тек ойын соңында нақты голға айналдыра білдік. Бастысы – міндет орындалды, үш ұпайды қоржынға салдық.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.