Әлем спортшыларының басын біріктіретін V Дүниежүзілік көшпен- ділер ойындарының басталуына тура бір ай уақыт қалды. Маңызды додаға мемлекет деңгейінде дайындық мығым. Байрақты бәсекеде павлодарлық спортшылар да ел намысын қорғайтын болады. Овари ойын түрінен жасақталған құрама команданың екі мүшесі де Павлодар облысының азаматтары екенін ерекше атап өту керек.

Аталмыш ойын түрінен Отанымыздың абыройын қорғайтын спортшының бірі – Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Серік Ақтаев. Ол — тоғызқұмалақ ойынынан әлемнің 3 дүркін чемпионы, Овари ойынынан Халықаралық 12 турнирдің жеңімпазы. Дүбірлі дода алдында жерлесімізбен тілдесіп, ұлттық құнды-лығымыздың қайталанбас болмысы паш етілетін маңызды шараға дайындық барысын сұрадық.

Серік Ақтаев бақ сынайтын овари — батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны. Құрылымы жағынан қазақтың тоғызқұмалақ ойынына ұқсайды. Овари тақтасы екі қатардан тұрады. Онда 12 отау және 48 тас болады. Тақтадағы алты шұңқырша ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша сәйкесінше, қарсыластың алаңы. Ойыншылар мүмкіндігінше көп шар жинауға тырысады. Кім көп шар жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.

— Овари ойынынан Батыс Африкадағы Нигерия, Гана, Бенин елдері және Кариб теңізі аралдарындағы Антигуа мен Барбуда елдерінің спортшылары мықты. Астана қаласында үздік спортшылар бақ сынайтын болады. Ұлттық құрама командасы қатарында барынша жақсы ойын көрсету үшін барымды саламын. Қазір www.playok.com сайтында онлайн жаттығу жасаудамын. Ел намысын қолдан бермеуге тырысамын, — дейді спортшы.

Серік Ақтаев овариден шетелде халықаралық жарыс жиі ұйымдастырылатынын айтады. Әсіресе, Ұлыбритания, Франция, Чехия сынды елдер дәстүрлі түрде өткізеді. Қазақстанда аталған ойын түрін санаулы спортшы ойнайды.

— 2008 жылы алғаш рет овари ойынын үйреніп, Чехияның Прага қаласында өткен жарысқа қатысып, 1-орынды жеңіп алған едім. Кейін осы ойынға әуесқой деңгейде қызыға бастадым. Бүгінде оваримен айналысқаныма 16 жыл толды. Жетістіктерім көп. Өкініштісі, бұл ойын елімізде еш жерде үйретілмейді. Үйірмелер де жоқ. Сондықтан еліміз бойынша овариді меңгерген спортшы аз, — дейді С.Ақтаев.

Серік Ақтаев Павлодар қаласында дүниеге келген. Спортқа деген қызығу-шылығы мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтте басталған. Ол 1-сыныпта бокспен, 5-сыныптан бастап баскетболмен айналысқан. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ ойнап, домбыраны да оқушы кезден жанына серік еткен. Оқумен қатар спортты да қатар алып жүрген. Бүгінде спорт саласында жүргеніне 25 жыл толыпты.

— Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 8 қыркүйек Астана қаласында басталады. Мықтылар бақ сынайтын додаға 30 күн қалды. Ұлттық құрама командасының жарысқа дайындығы қарқынды жүруде. Бастысы, ел намысын қолдан бермей, қанжығамыз майланса деген үміттеміз, — дейді спортшы.

Дүниежүзі спортшылары бақ сынайтын айтулы шарада жерлестерімізге тек жеңіс тілейміз!

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.