Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарынан қос спортшымыз олжалы оралды. Роман Иванов фристайл-акробатикадан чемпион атанса, Дарья Климина биатлоннан қола жүлде еншіледі. Спортшыларды жақындары, жаттықтырушылары мен спорт саласының өкілдері сән-салтанатпен әуежайдан қарсы алды.
Айта кетейік, Роман Иванов Шерзод Хаширбаевпен дуэтте синхронды секіруде еліміз үшін тарихи жүлдені қоржынға салған болатын. Олар осы спорт түрінен Азия ойындарының алғашқы алтынын алды.
— Біздің негізгі мақсат жеңіске жету болды. Финалға дейінгі кезеңде олқы тұсым болып, құлап қала жаздаған едім. Бірақ ақтық сында оның барлығын артта қалдырып, жүлде үшін барымды салдым. Аспалы жолмен келе жатқанымызда Шерзод екеуіміз бәрін талқылап, жоспарлап, пысықтап алдық. Сол ойымыздың барлығы сәтті жүзеге асты. Қазақ еліне алтын жүлде алғанымыз үшін қуаныштымыз, — деді туған қаласына табан тіреген Р.Иванов.
Роман спортпен төрт жасынан бастап айналысады. Бастапқыда спорттық акробатика бойынша жаттықса, кейін фристайлға ауысты. Спортшы Азия ойындарынан соң қалпына келіп, кейін тағы бір ірі жарыс – Италиядағы Олимпиадаға дайындықты бастамақ.
Харбин қаласындағы Азия ойындарында жүлде алған тағы бір жерлесіміз – Дарья Климина да туған жеріне жетті. Биатлоннан қола жүлде еншілеген ол кіл мықтылар сайысқан жарыста барын салғанын айтты.
— Азия ойындары жоғары деңгейде өтті. Әлем кубогы кезеңдерінде жүлде алып жүрген мықтылармен сынға түстік. Еліміздің қоржынына медаль салу үшін аянып қалған жоқпыз. Әрине, бұдан да жақсы көрсеткіш көрсетіп, алтын алуды қалаған едік, бірақ қоланың өзіне де көп күш сарп еттік. Бастысы, жүлде алуымыз тиіс деген мақсатта жеттік, — дейді жүлдегер.
Енді Дарья Климина да біраз уақыт тыныққан соң келесі жарысқа әзірлікке кіріседі. Алдағы жарыс – спартакиада. Павлодарлық биаотлоншы мұнда да үздік нәтиже көрсетуге ниетті.
Суретті түсірген – Ольга Бугаева.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.