Былтыр облыста қабылданған өңірдің дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасынан күтеріміз көп. Қуантарлығы, негізгі басымдық бұқаралық және балалар спортын жандандыруға беріліп отыр. Әйтпесе, еліміздің кәсіби клубтарында легионерлер қаптап, отандық спортшылардың тынысы тарылғаны жасырын емес. Шеберлерді өзіміз—ақ дайындауға болады емес пе?
Жетістік һәм жетілдіру
Халықтың денсаулығы — елдің дамуы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай елімізде бұқаралық спортты дамыту бойынша орасан зор жұмыстар атқарылды. Бірақ шынын айту керек, бұл бағыттағы шаруаларды әлі де жетілдіре түскен абзал. Қасым-Жомарт Тоқаев спорт мәселесі талқыланған жиындарда бұқаралық және балалар спортын дамыту керектігін жиі айтады. Әсіресе, балаларға үйірмелердің қолжетімді болуына назар аударады. «Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл — ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі. Алайда, 8 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақ-станның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Ұлттық құрамның Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет. Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек», деген болатын.
Бұған дейін Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобалары әзірленген еді. Онда балалар мен жасөспірімдердің дене шынық-тыру клубтары және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансер-лерінің желісін кеңейту, дене шынықтыру және спорт бойынша сыныптан тыс сабақтарды жүргізгені үшін мұғалімдерге қосымша ақы енгізу, білім берудің барлық деңгейлерінде дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонентті енгізу, халықпен жұмыс істеу үшін спорт нұсқаушыларын штаттық бірліктермен қамтамасыз ету сияқты мәселелер қарастырылған.
Жүйе жанданады
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, өңірдің дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында негізгі 6 бағыт қамтылған. Атап айтсақ, бұқаралық спорт және балалар спортын дамыту, спорттық инфрақұрылымды жаңғырту, мүмкіндігі шектеулі жандарға спортпен айналысуға ыңғайлы жағдай жасау, жоғары спорттық жетістіктерге жетудің тетіктерін жетілдіру және адами капиталды дамыту. Тұжырымдама шеңберінде 37 іс-шара көзделіп, бұған 48 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Сөйтіп, 2025 жылға дейін 200 жаңа спорт нысаны салынып, облыс тұрғын-дарының 50 пайызы спортпен айналысады деп күтіліп отыр.
– Облыста 3165 спорт нысаны бар. Оның 1852-сі ауылдық жерде орналасқан. Мердігердің шала әрекеті және қаржыландырудың кешіктірілуі салдарынан 5 нысанның құрылысы уақытылы аяқталмады. Атап айтсақ, Шарбақты ауданы Галкин ауылы, Кенжекөл ауылы, Ақсу қаласына қарасты Береке және Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдарда дене шынықтыру және сауықтыру кешені әлі салынып жатыр. Облыс орталығындағы Спорт сити қалашағы аумағындағы жекпе-жек орталығының құрылысы да кестеден кешікті. Алдағы уақытта аталған нысандардың барлығы қолданысқа беріліп, бұқаралық спорттың дамуына сеп болатынына сенім мол. Бұдан бөлек, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Павлодар ауданы Кемеңгер ауылы, Ақтоғай ауданы Қараоба ауылы және Шарбақты ауданы Хмельницкий ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешені қолданысқа берілетінін атап өткен жөн. Аталған бағдарлама шеңберінде 2024 жылға дейін тағы дәл сондай 5 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр, – дейді Н.Есембаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды бұқаралық спорт түрлеріне белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және балалар клубтарының қызметін жандандыруды тапсырғаны белгілі. Өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секция-ларды жүргізуге мемлекет тарапынан тапсырыс беріліп,жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілген болатын. Биыл облыста аталған бағдарламаның жүзеге асуына 2 млрд 118 миллион теңге қаражат бөлінген. Әзірге он мыңға жуық бала бағдарламаның қызығын көріп отыр. Кезекте тағы сонша бала тұр. Н.Есембаев қосымша қаражат қарастырылып, әр тоқсан сайын жаңа орындар ашылып жатқанын жеткізді.
Ауылға көңіл бөлінсе…
Еркін күрестен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ораз Мұхаметәлінов нағыз жүйріктер ауылдан шығатынын айтады.
— Материалдық-техникалық базаның әлсіздігі ауылдық, аудандық жерлерде бұқаралық спорттың дамуына негізгі тежеу болып отыр. Өңірлердегі спорт объектілерінің саны әлі де болса көбейтуді қажет етеді. Спорттық кешендердің барлығы дерлік облыс орталықтарында, қалаларда орын тепкен. Шалғайдағы аудан-ауылдардағы жұртшылық теннис корттары, баскетбол алаңдары мен спорттық аула клубтарынан мүлдем мақұрым. Кейбір қалалардың өзінде стритбол, шағын футбол, пинпонг сияқты бұқаралық спорт ойындары, ары кеткенде мереке күндері ғана өткізіледі. Тұрғындар алдағы уақытта билік басындағылар спортқа сөзбен емес, іспен серпін береді деп үміттеніп отыр, — дейді Ораз Мұхаметәлінов. Бұқаралық спортты дамытудың бірден-бір жолы – мектеп, колледж және жоғары оқу орын-дарының спорт залдарында жаттығуға мүмкіндік жасау. Яғни, салауатты өмір салтын ұстанған адам міндетті түрде ірі спорттық нысандарды жағалап қажет емес. Мектептер мен колледждегі, сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы спорт залдарды сабақтан тыс уақытта көпшіліктің пайдалануына рұқсат. Қала берді, дене шынық-тырумен айналысу үшін аулаларды, саябақтарды жабдықтау маңызды. Соңғы жылдары облыс орталығындағы саябақтарда, қала көшелерінде бірқатар Street Workout, стритбол алаңдары көптеп салынғанын атап өткен жөн. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар және жасөс-пірімдер спортын дамытудың кешенді жоспары сәтті жүзеге асатын болса, зор нәтижелерге қол жеткізілетініне сенім мол.
Оралхан ҚОЖАНОВ.