Кіл мықтыда кім мықты?

Мау 26, 2025

Республикалық және облыстық басылымдардың тілшілері Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында бірнеше спорт додасында бақ сынады. Алдымен журналистер сенбі күні өткен теннис турнирінің барысында спорттан кенде еместігін байқата білді. Олар бір сәт қаламдарын тастап, қолдарына теннис ракеткасын алды. «Ertis Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамындағы «Halyq Radiosy-ның ұйымдастыруымен өткен спорттық бәсеке Әлкей Марғұлан атындағы университеттің қабырғасында өтті.

Жарыс барысында облыстық және республикалық басылымдарда меншікті тілші болып қызмет етіп жүрген баспасөз саласының 20-ға жуық өкілі турнир көрігін қыздырып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Алдымен олар оқу-жаттығу дайындығын жасап, кейін негізгі ойынға кірісті. Олар үшін бұл бәсеке таныстық пен тәжірибе алмасудың алаңы болды.

Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасындағы бәсекеде республикалық «31» телеарнаның операторы Әділхан Мүтәлап жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені «Aiqara.kz» порталының  бас редакторы Асыл Әбіш иеленсе, үшінші орынды «Ertis» телеарнасының операторы Арман Якубов еншіледі. Ал «Жұбаныш сыйлығы» «Ertis» телеарнасының операторы Медет Кәрімге бұйырды.

Қыздар арасындағы жарыста «Ertis» телеарнасының жүргізушісі Сабина Жолдасбаева жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды «Halyq Radiosy-ның» жүргізушісі Айдана Дүйсен, үздік үштікті облыстық «Saryarqa samaly» газетінің беттеушісі Маржан Шекенова түйіндеді. Ал «Жұбаныш сыйлығы» облыстық «Saryarqa samaly» газетінің шеф редакторы Құндыз Қабылденоваға бұйырды.

Жеңіс тұғырынан көрінген БАҚ өкілдері дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Барлық қатысушыға «Ertis Media» ЖШС атынан Алғыс хаттар табыс етілді. Жарыс соңында «Halyq Radiosy-ның» бас редакторы Бекболат Сауырбай турнирге қатысушыларға алғысын білдірді.

          * * *

Жексенбі күні «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында «Ertis» телеар-насының 60 жылдығына арналған волейболдан жарыс өтті. Тартысты өткен жарыс «Алтын сақа» орталығы мен «Jebe» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«Ертіс Медиа» ЖШС-інен құралған команда қарсыластарымен ойын барысында есеп жабылғанша есе жібермеуге бар күшін салды. Нәтижесінде жүлделі 2-орынды иеленді. Ал 1-орынды  «Алтын сақа» орталығы иеленіп, жеңіске жетті. Үштікті  «Ertis» телеарнасының қызметкерлері түйіндесе, «Жұбаныш сыйлығы» республикалық басылымдардың облыстағы меншікті тілшілеріне бұйырды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

 

WhatsApp