Кіл мықтылар — Азия ойынында

Ақп 6, 2025

Ертең Қытайдың Харбин қаласында салтанатты түрде ІХ қысқы Азия ойын-дарының ашылуы өтеді. Бұл жолғы бәсекеде 34 ел үкілеп қосқан сайып-қырандар спорттың алты түрі бойынша өзара сайысады. Құрлықтың басты бәсекесінде бағын сынайтын спортшылардың қатарында біздің жерлестеріміз де бар. Павлодарлықтар хоккей, биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы және фристайл акробатика бойынша сынға түседі.

Харбинде – екінші рет

Айта кетейік, Қытайдың Харбин қаласы Азиаданы осымен екінші рет қабылдап отыр. Бұған дейін 1996 жылы Азия ойындары дәл осы шаһарда өткен болатын. Араға 30 жылға жуық уақыт салып құрлықтың кіл мықты спортшылары тағы да Қытай қаласына жиналды.

Азия ойындарының биылғы бойтұмарының эскизі шорт-тректе сынға түсетін спортшының қимылдары арқылы жасалған. Сондай-ақ, Харбиндегі қалалық гүл – сирень мен оралған лентаның бейнесі де бар. Бойтұмарларда бейнеленген сібірлік жолбарыс-тарға Бинбин мен Нини деген есім берілген. Олардың ұраны — Азиядағы қысқы арман мен махаббат.

Биылғы жарыста спорттың 6 түрі мен 11 дисциплина бойынша 64 спорттық оқиға өткізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, спортшылар коньки түрлері (шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау), шайбалы хоккей, керлинг, шаңғы жарысы түрлері (тау шаңғысы, сноубординг, фристайл, шаңғымен жарысу), биатлон және шаңғы альпинизмінен сынға түседі.

30 қаңтар күні біздің елдің намысын қорғайтын спортшыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Аталмыш шараға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Әлімжан Ақаев, 1998 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 1996 жылғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, павлодарлық белгілі конькиші Людмила Прокашева, шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Мәдіғали Қарсыбеков, спорт ардагерлері, бапкерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Рәсім барысында мемлекеттің көк байрағын салтанатты шарада алып шығатын спортшылар — хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихоноваға Қазақстан Республикасының туы табысталды.Жалпы, Азия ойындарында ел намысын барлығы 137 спортшы қорғайды.

Азиаданың салтанатты бөлігі мен жарыстар жеті спорт нысанында өтеді. Олардың қатарында Харбин хоккей аренасы, халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы, Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы, Харбин спорттық университетінің студенттік мұз айдыны, Хэйлунцзян жаттығу орталығының мұздағы жарыстарға арналған көпфункционалды залы, Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы және Ябули тау-шаңғы курорты бар.

Ал ертең Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium стадионында сары құрлықтың басты бәсекесінің ашылуы өтеді. Шоудың қоюшы-режиссері – тәжірибелі Ша Сяолань. Ол бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындары мен 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының шығармашылық топтарында жұмыс істеген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашылу салтанатының бағдарламасы үш бөлімнен тұрады. Бағдарлама Азия ойындарының ұраны – «Қысқы арман, Азия жүрегіндегі махаббат» тақырыбымен үйлеседі. Бұл тақырып халықтарды спорт және қысқы мәдениет арқылы біріктіру идеясын бейнелейді. Шоу барысында жасанды интеллект пен толықтырылған шындық сияқты озық технологиялар қолданылмақ. Мұндай технологиялық мүмкіндіктер бұрын-соңды осы деңгейлес спорттық сайыстарда қолданылған емес. Сондықтан алғаш рет пайдаланылатын құралдар көпшілікке ерекше әсер қалдырады деген сенімде ұйымдастырушылар.

— Біз 2024 жылдың қараша айында дайындықты бастап, негізгі алаңды және бес университеттің спорт залдарын пайдаланып, дайындық шараларын жүргіздік. Біздің мақсатымыз – ойындардың ұранымен үндесетін қарапайым,
бірақ әсерлі ашылу салтанатын ұсыну. Сондай-ақ, шоу Харбиннің мәдени және сәулеттік ерекше-ліктерінен шабыт алған. Көптеген элемент шоу бағдарламасына енгізіліп, қаланың эстетикасын көрсету үшін пайдаланылмақ, — деді Сяолань.

80 минутқа созылатын ашылу шарасындағы негізгі оқиғалар Харбиннен басқа аймақтарға, одан әрі бүкіл Азияға саяхатты бейнелеу, бала кезден бастап арман қуып, сол армандарды жүзеге асыру жолын көрсету болмақ.

Отандық спортсүйер қауым мұндай ерекше шоуды ертең сағат 17.00-де «Qazsport» телеарнасынан тамашалай алады.

Ел намысы – үздіктердің қолында

Қытай төрінде өтетін қысқы Азия ойындарына 34 елдің спортшылары қатысады. Сайысқа Камбоджа мен Сауд Арабиясының спортшылары алғаш рет қатысқалы отыр. Ал біздің елдің Азиадада тәжірибесі мол.

Қысқы спорт жанкүйерлері бірінші кезекте шаңғышылар, биатлоншылар мен хоккейден Ұлттық құрама ойыншыларынан жеңіс күтері хақ. Себебі дәл осы үш спорт түрі тұрақты түрде елімізде Азия медальдарын олжалап жүр. Жай олжа емес, алтын медальдар әкелген сайыпқырандар. Анығын айтсақ, бұған дейін шаңғышылар құрама қоржынына 26 медаль салған еді. Бұл – жалпы есеп бойынша ең көп алтын алған спорт түрі. Биатлоншылардың еншісінде 19 алтын жүлде болса, ал шайбалы хоккейшілер Азия ойындарында жеті рет чемпион атанған. Сондықтан биылғы бәсекеде де осы спорт түрлерінен ел намысын абыроймен қорғауға аттанған споршылар басты үздіктер сапында.

Жекелей жарыстарда сынға түсетін спортшыларға да сенім зор. Айталық, ерлер арасында жеке сырғанаудан Михаил Шайдоров жүлдеге ілінеді деген үміттеміз. Ол жыл басында Туринде өткен Универсиадада нәтижесін жақсартып, 260,15 ұпайды есебіне жазып, қола жүлдеге бір қадам ғана жетпей қалды. Енді Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінеді деген ойдамыз.

Конькимен жүгіру бойынша құраманың басты үміті – Надежда Морозова. Ол Әлем кубогы кезеңдерінде үздік ондыққа кірген еді. Сол сияқты Әлем кубогында төртінші орыннан көрінген Кристина Силаеваны да атап өтуге болады.

Шорт-трек командасы да медальсіз қайтпайды деген сенімдеміз. Эстафеталарда ғана емес, жеке жарыстарда да тәжірибелі спортшылары — Денис Никиша, Абзал Әжғалиев алдына жан салмауы керек. Қыздар — Яна Хан, Ольга Тихонова, Алина Әжғалиева да есесін жібере қоймас.

Бұл ретте павлодарлық спортшыларды да бөле-жара атап өту керек. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы, биатлоншы Дарья Климина, спорт шебері, конькимен жүгіруші Арина Ильященко, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шаңғы-мен жарысқа түсетін Дарья Ряжко мен фристайл-акробатикадан сынға түсетін халықаралық дәрежедегі спорт шебері Роман Иванов Харбинде медаль алу үшін барын салады. Әрқайсысының бұған дейінгі түрлі жарыста еншілеген жүлдесі аз емес. Мәселен, Арина Ильященко өткен жылдың желтоқсан айында ғана Әлем кубогының жасөспірімдер сынға түсетін кезеңінде 1500 метр қашықтыққа жүгіруде қола медальге қол жеткізді.

Бұл жолы Харбинде алғаш болып жарыс жолына шаңғышы Дарья Ряжко шығады. Ол 8 ақпан күні сағат 11.00-де шаңғы жарысы бойынша іріктеу жарыстарына қатысады. Арина Ильященко Азия ойындарын 8 ақпан күні сағат 12.00-де бастайды. Ол бұл күні 100 және 1500 метрлік сайыста сынға түссе, 11 ақпанда 1000 метрге жүгіруден командалық сында бақ сынайды. Фристайлдан шаңғышы Роман Иванов 9 ақпанда жарысқа шығады. Павлодарлық жекелей сында, сондай-ақ аралас коман-далық және синхронды жарыстарда жүлде алуға тырысады. Ал биатлоншы Дарья Климина 11 ақпанда сағат 10.00-де 7,5 шақырымдық спринтте, 13 ақпанда 4х6 шақырымдық эстафетада мықтылармен сайысқа түседі.

Сонымен қатар, «Ертіс» хоккей клубының ойыншылары – қақпашы Максим Павленко мен қорғаушы Данил Бутенко хоккейден ҚР ұлттық құрама сапына қосылды. Олар да медаль еншілейді деген үміт зор.

Айтпақшы, Харбиндегі Азия ойындарының салтанатты ашылуы ресми түрде ертең өткенімен, негізгі ойындар бірнеше күн бұрын басталып кетті. Хоккейден ерлер құрамасы да қыздар тобы да «жорықты» сәтті бастады. Алдымен хоккейші қыздар Гонконг ойыншыларын 12:0 есебімен ойсырата жеңсе, кейін ерлер құрамасы Тайланд спортшыларын дәл осындай есеппен ұтты.

Жалпы, Азия ойындары 14 ақпанға дейін жалғасады. Ойындардың тікелей көрсетілімін «Qazsport» телеарнасынан тамашалай аласыздар. Байрақты бәсекеде жерлестерімізге жанкүйер болайық!

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суреттер olympic.kz сайтынан алынды.

Nur.kz сайтынана алынды.