Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт клубында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген спорт шебері Амантай Сапарғалиұлы Аймағамбетовтің құрметіне арнфалған ұлдар мен қыздар арасындағы еркін күрестен жалпықалалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Биыл бұл жарыс спорт ардагерінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Алдымен Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Бұл сәт жарысқа жиналғандарды ерекше мақтаныш пен бірлік рухына бөледі.
Сахнаға шақырылған Амантай Сапарғалиұлы жылы лебізін біл-діріп, қатысу-шыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде бұл турнирдің 20 жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын және оның басты мақсаты – жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру екенін атап өтті.
– Менің 85 жылдығыма арнап осындай жарыс ұйымдастырғандарыңызға алғыс айтамын. Бұл турнирге қатысушылар – еліміздің ертеңі, намысын қорғайтын батыр ұл-қыздарымыз. Олар – біздің үмітіміз, еліміздің болашағын құрайтын кірпішіміз, – деді ардагер спортшы.
Биылғы жарысқа Ұлытау облысы, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары, сондай-ақ Май, Аққулы, Ертіс, Ақтоғай, Баянауыл, Тереңкөл және Павлодар аудандарынан жасөспірімдер қатысты. Барлығы 200-ден астам спортшы өзара бақ сынауда.
Қатысушылардың арасында 12 жастағы батыл да қайсар қызымыз Інжу Шәмшитдин де бар. Ол Ұлытау облысынан келгенін және бұл жарысқа алғаш рет қатысып отырғанын айтты.
– Мен батыр, мықты болғым келеді. Еркін күрес менің өмірімнің бір бөлігіне айналды. Осы спорт арқылы өзімді шыңдап, жаңа биіктерге жетуді қалаймын, – деді Інжу.
Жезқазған қаласынан келген жас спортшы София Чуперка да өз ойымен бөлісті. Ол бұл спорт түрімен 2 жыл 8 ай айналысып жүргенін, еркін күрестің адамды тәртіпке, төзімділікке және рухани мықтылыққа тәрбиелейтінін айтты.
– Еркін күрес – жауапты әрі нәзік өнер. Ол күшпен қатар ақыл мен шеберлікті қажет етеді, – деді София.
Турнирдің ұйымдастырылуына Павлодар облысының еркін күрес федерациясы, Павлодар қаласының әкімдігі зор қолдау көрсетті. Федерацияның атқарушы директоры Ержан Қыстаубаев жас спортшыларға табыс тілеп, мұндай жарыстардың өңірде жиі өткізіліп тұруының маңыздылығын атап өтті.
Ал Қазақстан Республикасы чемпио-натының қола жүлдегері, еркін күрестен спорт шеберіне үміткер Арман Багаев бұл спорт түріне деген сүйіспеншілігімен бөлісті.
– Мен қазір жаттықтырушы болып қызмет атқарамын. Павлодар қаласында ашылған жаңа спорт клубында 80-ге жуық бала еркін күреспен шұғылданады. Менің мақсатым – шәкірттерімді халықаралық деңгейге шығару. Ертең еліміздің атын әлемге танытатын тұлғаларды тәрбиелеп жатырмыз деп сенемін, – деді ол.
Жарысқа келген көрермендер мен ата-аналар да балаларының жетістіктеріне қуанып, қолдау білдірді. Көпшіліктің
айтуынша, мұндай турнирлер балалардың шынығып қана қоймай, рухани тұрғыдан да дамуына ықпал етеді.
Турнир алдағы күндері жалғасып, үздік спортшылар анықталмақ. Павлодар төрінде өткен бұл дода жас балғындарға шабыт сыйлап, еркін күрестің жаңа жұлдыздарының жарқырап шығуына жол ашарына сенім мол.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.
Суретті түсірген -Есенжол Исабек.
