Теледидардан еркін күрестен кез келген турнирді көрсетіп жатса, «Павлодарлық балуан жоқ па екен?» деп іздеу салатын болдық. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде жергілікті балуандардың халықаралық жарыстарда былай тұрсын, ішкі бірінші-лікте жүлде салғанын көріп жүргеніміз жоқ. Кейінгі жылдары Дәулет Шабанбай, Мамед Ибрагимов, Ернұр Қабатаев сияқты балуандар жарқ еткенімен, қазір сол жарықтың сәулесі де көрінбейді…

Әңгімемізді отандық балуандар жайлы, әлемдік рейтинг туралы мәліметтермен әрлемеске амал жоқ. Еркін күрес шеберлерінің әлемдік рейтингінде Грузия мен АҚШ балуандарының өзгелерден мысы басым. ТОП-10-дықта Қап тауының 11 және Американың 10 апайтөсі бар. Иран құрамасының да қарқыны күшті. Парсы елінің 8 пехлеваны сол тізімге еніп отыр. UWW рейтингінде Әзербайжанның – 7, Моңғолияның – 6, Түркияның – 5, Армения, Қырғызстан, Үндістан, Болгария, Украина, Польшаның – 4, Пуэрто-Рико, Мажарстан және Словакияның 3 өкілінің есімін кезіктірдік. Көш-басшылар жайында айтар болсақ, бұл тартыста АҚШ алдына жан салар емес. 10 салмақ дәрежесінің үшеуінде америкалықтар бірінші орында тұр. Түркияның екі балуанының өзгелерден тұғыры биік. Олардан бөлек, Армения, Иран, Қырғызстан, Словакия және Грузияның да сайыпқырандары топ басында келеді. Осы мәліметтерден-ақ, аталған спорт түрі қай мемлекеттерде қарқынды дамып келе жатқанын анық аңғаруға болады.

Қазақстан ұлттық құрама командасы мүшелері арасында ең жақсы нәтижеге Азамат Дәулетбеков қол жеткізіп отыр. 29 жастағы отандасымыз былтыр Белградта өткен әлем чемпионатында қола медальді мойнында жарқыратып, күллі қазақ қауымын қуантқан еді. Азия біріншілігінде ол 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Биыл Астанада жалауы желбіреген сары құрлықтың басты додасына Азаматтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Барлық қарсыластарын қапы қалдырған ол финалда ирандық Әлиреза Каримиді жеңгенде Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайына жиналған жұрттың бөріктерін аспанға атып қуанғаны есімізде.

Соңғы уақытта отандық еркін күрес шеберлері арасында ең нәтижелі өнер көрсетіп жүрген дәл осы Дәулетбеков екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Қазақтың ұлы тек Словакияның намысын қорғайтын осетин жігіті Борис Макоев (әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері) пен Польшаның дүлдүлі Себастьян Езежаньскиден (Еуропа чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері) қалып келеді. Тіпті, ирандық Хасан Яздани (Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы, екі мәрте финалисі, бір мәрте қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлықтың екі дүркін чемпионы), америкалық Давид Тейлор (Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы және бір мәрте күміс жүлдегері, Панамерика чемпионатының екі дүркін жеңімпазы), әзербайжандық Әбубакр Абакаров (әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері), испаниялық Таймураз Фриев (әлем чемпионатының қола жүлдегері) сынды атақтары алысқа жайылған жампоздардың өздері біздің Азаматтан төмен тұр.

UWW рейтингінің ТОП-10-дығына тағы бір қандасымыз еніп отыр. Ол – Рахат Қалжан. 57 келі салмақта белдесіп жүрген балуандар арасында Рахат тоғызыншы орынға тұрақтады. 25 жастағы Қалжан көптеген халықаралық додаларға қатысып, былтыр Ұланбатырда және биыл Астанада жалауы желбіреген құрлық біріншілігінде күміс пен қола медальді мойнына ілді. Өкінішке қарай, өзге еркін күрес шеберлерінің қарқыны баяу.

Балуандарымыз алдағы уақытта дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап, сонымен қатар әлемдік рейтингтегі жағдайларын да жақсартады деп үміттенеміз.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ.