Мұз үстіндегі өнер

Жел 18, 2025

Өткен демалыс күндері облыста алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионаты өтті. Маусымның басты ұлттық жарысы болып есептелетін бұл сайыста елдің үздік спортшылары анықталып, халықаралық жарыстарға қатысатын құрама команда жасақталды. Олардың қатарында павлодарлық мәнерлеп сырғанаушылар да бар.

Облыс орталығындағы мұз сарайы 20 жылдан астам уақыт бұрын ашылса да, бұған дейін мұндай деңгейдегі жарыс өткен емес. Биыл жергілікті дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының тікелей мұрындық болуымен мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионатын өткізу орны ретінде Павлодар таңдалды. Сондай-ақ, ұйымдастыру жұмыстарына Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті, «Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Павлодар облысының мәнерлеп сырғанау федерациясының өкілдері атсалысты.

«Астана» мұз сарайына еліміздің 11 облысынан кіл мықты спортшылар жиналды. Олардың қатарында ұлттық құрама көшбасшылары, Қысқы Олимпиада ойындарына лицензия иегері — Софья Самоделкина, Диас Жиренбаев, Анна мен Мария Санникова, Вероника Ким бар. Атап өту керек, аталмыш жарыста спорт шеберлігіне үміткер және спорт шебері дәрежелері бар үздіктер бақ сынады. Олар екі күн бойы ерлер мен әйелдер арасындағы жеке бағдарламалар және мұздағы би бағдарламалары бойынша өнер көрсетті. Барлығы 69 спортшы мұз айдынына шықты. Атап өтерлігі, өтінімдер спорттық клубтардан немесе мектептерден емес, аймақтық командалардан қабылданды. Бұл – назар аударарлық жайт. Осы орайда Денис Тен атындағы академия шәкірттері жоғары дайындығымен, жеңіске деген құштарлығымен ерекше көзге түсті.

Екікүндік жарыс көптің көңілінен шықты. Мәнерлеп сырғанаушылар да барын салуға тырысты. Спорт шеберлігіне үміткерлер жеке, спорт шеберлері жеке сынға түсті. Нәтижесінде спорт шеберлігіне үміткерлер арасында өткен мұз айдынындағы би бағыты бойынша астаналық Ева Набоженко мен Рахат Бралиннің жұбы үздік атанды. Қыздар арасында сырғанаудан бас қаланың намысын қорғаған тағы бір спортшы – Карина Шеина топ жарды. Ерлер арасында қарағандылық Никита Козлов жеңіске лайық деп танылды.

Ал спорт шеберлері нағыз шеберліктің үлгісін көрсетті. Кілең мықтылар өзара бақ сынаған сайыс тартысты өтті. Мұздағы би жарысында ақтаулық Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев көш басынан көрінді. Ерлер арасында шымкенттік Олег Мельников теңдессіз өнер көрсетсе, әйелдер қатарында Амира Ирматова алдына жан салмады.

Біздің аймақтың абыройын қорғаған Мария Санникова спорт шеберлігіне үміткерлер арасында қола жүлдеге ие болды. Ол – Денис Тен атындағы академия шәкірті. Бұған дейін бірнеше рет өзінің жоғары шеберлік деңгейін растай отырып, түрлі республикалық жарыстардың жүлдегері және жеңімпазы атанған болатын.

— Туған қаламда ұйымдастырылған турнир өте жоғары деңгейде әрі қызықты өтті. Бұған дейін Өскеменде өткен сайыста бірінші орын алсам, бұл жолы үшінші орын иеленіп, қола жүлдегер атандым. Бұл – мен үшін жақсы нәтиже. Енді Қазақстан Кубогы сайысына дайындаламын, — дейді ол.

ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Денис Тен атындағы академияның негізін қалаушы Оксана Тен чемпионаттың нәтижесі көңіл қуантарлық екенін алға тартты.

— Спорт шеберлері де, спорт шеберлігіне үміткерлер де өнерлерімен бізді тәнті етті. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Чемпионаттан іріктелген мықтылар алдағы уақытта біздің елдің намысын әлемдік деңгейде абыроймен қорғап, мұз айдындарында кәсіби біліктіліктерін көрсетеді деген ойдамын. Бұл ретте павлодарлықтарды алғашқы медаль алуымен құттықтаймын. Аталмыш аймақтың мәнерлеп сырғанауда әлеуеті жоғары. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы – соның бір көрінісі, — дейді Оксана Тен.

Іс-шара чемпионат жеңімпаздарының қатысуымен өткен әсерлі гала-қойылыммен аяқталды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.