Былтыр ерлер арасында волейболдан ел чемпионы атанған жергілікті «Павлодар» клубы биыл күміс жүлдені еншіледі. Сонымен қатар, Суперкубок пен кубокты қанжығасына байлады. Енді араға 10 жыл салып Азия елдері арасында өтетін клубтық бәсекеде бақ сынамақ. Бұл додаға дайындық қалай? Жалпы, жергілікті волейболшылар үшін өткен маусым қалай өрілді? Алдағы міндет-меже қандай? Бұл туралы команда капитаны, спорт шебері Нияз Нұрғазинмен аз-кем тілдескен едік.

— Нияз, алдымен күміс жүлдемен құттықтаймыз! Бұл да – павлодарлық команда үшін бір белес! Турнирге әзірлік қалай өтті?

— Иә, рақмет! Плей-офф кезеңіне жақсы дайындалдық. Бас бапкер Игорь Никольченко, ойыншы әрі жаттықтырушы Алмаз Исин басты міндет-терімізді айқындап берді. Жаттықтырушылар физикалық тұрғыдан жоғары деңгейде болуымыз үшін барын салды. Сондықтан бұл кезеңнің ойындарына дайындық мығым болды деп айта аламын.

—  Өз алаңымызда өткен кездесулер тартысқа толы болды. Әсіресе, «Тараз» командасымен шеберлік байқасқан ақтық ойын көпшіліктің назарын ерекше аудартты. Осы кездесуге тоқталсаңыз…

— Финалдық бәсекеде байырғы қарсыласымыз – «Тараз» ойыншыларымен кездестік. Бірінші финалдық ойын жақсы өрілді. Үш партияда да жеңіске жетіп, тараздық әріптестерден алға шыға білдік. Өкінішке қарай, одан кейін ойынымыз ойдағыдай жүрмей қойды. Екінші матчта бірінші партияны 20:16 есебімен жеңіп тұрғанымызбен, партия соңында қарсы командаға есемізді жіберіп алдық. Үшінші күні де допты ойынға қосу мен қабылдау кезінде біраз қателік болды.  Сөйтіп, күміс жүлдені місе тұттық.

— Әдетте «үйде» өткізген матчтар ойыншыларға ерік-жігер беріп жатады. Бұл жолы не кедергі келтірді?

— Шынымен, өз алаңымызда шеберлік байқасу ерекше күш береді. Маған да сырт алаңнан гөрі өзімізге үйреншікті «Баянтау» спорт кешенінде ойнаған ұнайды. Мұндайда жанкүйерлердің қолдауын, демеуін айрықша сезінесің. Дей тұрғанмен, өз алаңдағы доп бәсекесінде жауапкершілік те жоғары болады. «Қалай болғанда да жергілікті жанкүйерлер алдында жеңіске жету керек» деген ішкі ой маза бермейді. Кейде бұл ой кері әсер етіп, қысымдық көрсететіні тағы бар. Финалдық соңғы екі ойында солай болған сыңайлы.

— Дей тұрғанмен, жергілікті волейболшылар ақтық сында ерекше көзге түскен сәттер болды. Әсіресе, байланыстырушы ретінде жасаған айлалы амалдарыңыз команда қоржынына ұпай салып жатты. Мұндай тактика ойын алдында ойластырылды ма, әлде алаңда пайда болған оңтайлы мүмкіндік пе?

— Әрине, кез келген кездесу алдында бапкеріміздің нұсқауымен тактика дайындап, соған сай жаттығамыз. Бірақ нақты «Тараз» командасымен өткен ойын барысында бос аумақты көріп,  допты тордың ар жағына асыра салдым. Оның ұпай әкелгеніне қуаныштымын. Жалпы алғанда, біздің ойыншылар жақсы ойын көрсете білді деп ойлаймын. Айталық, Илья Морозов пен Никита Козлов «Үздік шабуылшы» деп танылып, арнайы аталымға ие болды. Максим Мищенко, Роман Хандролин, Борис Кемпа, Эдуард Погребняк, Сергей Окунев, Асқар Серік сынды тәжірибелі спортшылар да барын салды.

— Осы плей-офф кезеңінде ең ыңғайсыз қарсылас қай команда болды?

Бұл кезеңнің біздің қалада өткенінің өзі қуаныш. Волейболсүйер қауым еліміздің мықты топтарының бәсекелерін тікелей тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Ойынға келер болсақ, бізге Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын «Есіл СК» командасы ыңғайсыздық тудырды десек те, болатын шығар. Бұған дейін петропавлдық әріптестерімізбен 7-8 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттік. Кездесулер бес партияға дейін жалғасты. Негізі, «Есіл СК» жігіттері кез келген командамен ойынды бес партияға дейін жеткізе алады.

— Сіздің ойыңызша, «Павлодар» командасының басым және кемшін тұсы қандай?

— Жалпы, маусым аралығында қатарынан 15 жеңіске жеткен кездеріміз болды. Барлығы
22 ойында қарсылас командадан басым болдық. Мұның өзі жақсы нәтиже деп ойлаймын. Біздің басымдығымыз – ұйымшыл ұжым. Бәріміз бір идея төңірегінде әрекет етеміз. Командадағы 14 адамның мақсат-мүддесі бір. Жергілікті ойыншылар мен легионерлердің бірден тіл табысып, бірін-бірі түсіне білуі, бапкерлердің қолдауы мен тәлімі жеңіске жетелейді. Бұл – біздің басым тұсымыз. Ал кем-кетіктер кез келген командада кездеседі. Мәселен, бізге допты ойынға қосу мен қабылдап алу жағын жетілдіре түсу артық болмас.

—  Алда – байрақты бәсеке. Азия елдері арасындағы клубтық чемпионатта бақ сынайсыздар. Әзірлік қалай?

— «Павлодар» командасы соңғы рет осыдан тура 10 жыл бұрын аталмыш чемпионатқа қатысқан екен. Содан кейін осы жарысқа қатысудың сәті енді түсіп отыр. Суперкубок және Кубок иегері ретінде ел намысын қорғау үшін барымызды саламыз. Меже – кемінде үздік төрттік қатарына ену. Ол үшін ойын сапасын арттыра түсуіміз керек. Шілде айында басталатын оқу-жаттығу жиыны барысында оның негізгі бағыты түзіледі. Ал Азия чемпионатының өзі қыркүйек айында Иранда өтеді деп жоспарланып отыр.

—  Осы орайда павлодарлық волейбол мектебі туралы тоқталсаңыз. Кәсіби спортшылар мен жас ойыншылар арасын-дағы байланыс қандай?

— Алдымен клуб пен облыс басшылығы тарапынан зор қолдау барын баса атап өткім келеді. Спортшыларды әлеуметтік тұрғыдан демеуге айрықша назар аударылады. «Баянтау» спорт кешенінде жаттығатын залдың да, ойнайтын алаңның да сапасы жоғары. Кездесулерден соң спортшылардың аз уақыт аралығында қалпына келуіне барлық мүмкіндік бар. Массаж жасайтын мамандар, дәрігерлер, жаттықтырушылар бұған мән береді.

Ерекше атап өтерлігі, біздің өңірде волейбол спортының мықты мектебі қалыптасқан. Ұрпақтар арасындағы өзара сабақтастық бар. Соның бір жарқын үлгісі – жақында Ауған соғысы ардагерлері ұйымының ұйымдастыруымен 24-інші рет өткен волейбол турнирі. Жыл сайын бұл бәсекеге облыстың түкпір-түкпірінен спортқа қызығу-шылық танытқан талай жас қатысып, ойынын жетілдіріп жүр.

Біз де ізімізден еріп келе жатқан інілерімізге ақыл-кеңесі-мізді айтып, олармен тығыз байланыста болуға тырысамыз. Мәселен, осы сенбі күні Марғұлан университетінің спорт залында талай тәлімді шәкіртті тәрбиелеген мықты маман Антон Николаевич Каратаевтың тәрбиеленушілері алаңда бас қосады. Бізді ұлттық лига деңгейіне дейін көтерген бапкеріміз «Павлодар» волейбол академиясын құрып, қазір спортшылардың жаңа буынын жаттықтыруда. Академияның бүгінгі оқушылары мен  біз сияқты кезіндегі шәкірттерінің қатысуымен шеберлік сағаты болады. Онда Иван Винокуров, Эдуард Погребняк, Асқар Серік сынды тәжірибелі спортшыға айналған шәкірттерінің ойынын тамашалай аласыздар.

— Антон Каратаевтың шәкірті екеніңізді тілге тиек еттіңіз.  Жалпы, спорттың бұл түріне деген қызығушылық қалай пайда болды?

— Мен Ақсу қаласына қарасты Құркөл ауылының тумасымын. Мектеп кезінде біздің ауылдың балалары тек волейбол, үстел теннисі және шаңғы тебумен шұғылданатын. Олардың үшеуімен де айналыстым, десе де, волейболға деген қызығушылық басым түсті. Спорттың осы түрінің «әліппесін» үйреткен бапкерім Яхин Сергей Рашидұлына айтар алғысым зор. Сол кісінің тікелей жаттықтыруымен волейболдың алғашқы сабақтарын алдым. 6-7-сыныпта оқып жүрген кезде Екібастұз қаласы командасының құрамында жарыстарға қатыстым. 9-сыныпта Павлодар қаласына қоныс аударып, №25 мектепте білімімді жалғастырдым. Ол кезде Қасымов Талғат Дәулетханұлының жетекшілігімен жаттықтым. Осындай ағалардың арқасында нәтижелерге жетіп жүрген жайымыз бар.

— Сонымен қатар, Ұлттық құрама сапында ойын көрсетесіз.  Бұл бағыттағы жоспарлар қандай?

— Иә, құрама қатарына шақырту алдым. 25 сәуір күні Тараз қаласында оқу-жаттығу жиындары басталады. Кейін 2-9 маусым аралығында Азия кубогы сарапқа салынатын жарыста бақ сынаймыз. Ендігі ретте сол ойындарға дайын-
даламыз.

— Сөз соңында волейболмен айналысуды қалай-
тын жас өрендер үшін   қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз? Мықты спортшы болу үшін не істеу керек?

— Алдымен өздеріңе сеніңдер дегім келеді. Бұл өмірде мүмкін емес жағдай жоқ. Ал мықты спортшы атану үшін қажет басты қасиет – тәртіп. Тәртіп бар жерде нәтиже де, жеңіс те бар. Сондықтан сенімділікті нығайтып, тәртіпке бағыныңдар дер едім.

— Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Құндыз Қабылденова.