Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Бозкілем бәсекесіне Ақмола, Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 200-ге жуық жас палуан қатысты.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты. Аймақ басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңызы туралы айтып өтті.
– Бұл залда еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік балуандар жиналды. Әлсіз қарсыластар болмайды, әрбіріңізге жеңіс тілеймін. Спорт ұлт пен ұлтты, ел мен елді әрқашан жақын қылуға шақырады. Бүгінгі турнирдің басты мақсаты – жастардың арасында қазақ күресін және жалпы салауатты өмір салтын насихаттау, — деді Асайын Қуандықұлы.
Тұлғаны ұлықтауға арналған тартысты турнирде, алдымен боз кілемге жасөспірімдер шықты.
Олар 8 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйақы, бағалы сыйлықтармен қоса, Жоғары оқу орындарының гранттары табысталды. Қарағанды қаласындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат коллед-жінің 11-сынып оқушысы Серғазы Қайыркенов Торайғыров университетінің, Павлодар қаласындағы олимпиадалық резервтің маман-дандырылған мектеп-интернат- колледжінің 10-сынып оқушысы Абай Құнанбай Алматы қаласындағы Сәтбаев университетің, Қарағанды қаласындағы №86 жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Әлішер Салық Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің білім гранттарына ие болды.
Ұлттық спорттың жанашырлары мен жанкүйерлерінің делебесін қоздырған, алапасын асырған негізгі тартыс – ересектер арасындағы түйе палуан бәсе-кесі болды. Салмағы 100 келіден асатын нағыз алыптар белдесуіне 16 палуан қатысты. Бұл сында «Баянауыл барысы» Мұхтар Дәлелханұлының мерейі үстем болды. Екінші орынды маңғыс-таулық Нұрдәулет Жарылғапов, үшінші жүлдені жамбылдық Айдар Бескемпір иеленді.
Республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен спорт ардагерлері, белгілі спорт сайыпқырандары келді. Құрметті қонақтардың қатарында ҚР Парламенті Сенатының депуттары Алтынбек Нухұлы, Нұржан Әшімбетов, Павлодар облысының Құрметті азаматы, елағасы Ерқанат Дүйсекенов, 1996 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко, 2007 жылғы XXIV Универсиаданың жеңімпазы, жеңіл атлетика шебері Татьяна Азарова, палуандар Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Тұрсынбай Құлахмет болды.
Жарыстың басты ұйымдастырушысы – ардагердің ұлы Марат Ізбастин. Ол жарысты ұйымдастыру тек майдангер әкесінің есімін ұлықтау үшін ғана емес, жас палуандарды қолдау үшін қажет екенін, ұйымдастыру шараларын қолдаған, барлық жұмыстың басы-қасында жүрген азаматтарды атап өтті.
Батыр ҚАЙЫРБАЕВ,
Павлодар қаласы.