Жуырда ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай «Полиция барысы» ұйымдастырылды. Ауқымды жарыс аясында Екібастұз қаласындағы «Жасыбай» спорт кешенінде
70 полиция қызметкері қазақ күресінен белдесіп, бақ сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш турнирдің басты мақсаты — полиция қызметкерлерінің дене шынықтыру дайындығын жетілдіру, салауатты өмір салтын насихаттау және жауынгерлік дағдыларды шыңдау. Қызметкерлердің әрқайсысы салмақ дәрежесі бойынша бірнеше жекпе-жек өткізіп, жеңімпаздар сәуір айында өтетін республикалық мәреге жолдама алды.
Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин ағымдағы жылы қазақ күресінен дәстүрлі ашық чемпионат кеншілер шаһарында өтіп жатқанын ерекше атап, татамиде бас қосқан барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Біздің алдымызда тұрған мақсатымыз — салауатты өмір салтын ары қарай қоғам ішінде дамыту. Сондықтан осыған өз үлесін қосып жүрген аға-бауырларымызға мың алғыс. Полиция барысы іс-шарасына келетін болсақ, мұның маңызы өте жоғары. Себебі сіздер күнделікті өмірде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген жандарсыздар. Бүгінде полиция қызметкерлері арасында кәсіби спортта үлкен жетістіктер көрсетіп жүрген азаматтар жүргені үлкен үміт ұялатады. Барлық қатысушыларға лайықты және адал жеңіс тілеймін, — деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар, облыстық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қайыржан Шақарғалиев іріктеу турнирінің қатысушылары алты салмақ дәрежесінде жарысып, үздіктердің үздіктері абсолютті чемпион атағына таласып, «Полиция барысы» атанбақ. Биыл бұл атақты павлодарлық арнайы бөлімшелерінің жауынгерлері жеңіп алды.
— «Полиция барысы» — ұлттық спорт түрлерін насихаттауға бағытталған ауқымды іс-шара тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Біздің полицейлер әртүрлі жарыстарда әрқашан жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгінгі таңда облыстық департаментте 150 қызметкер спорт кандидаттары мен спорт шеберлері атағына ие. Сондай-ақ, әлем және Қазақстан чемпиондары бар. Біз олимпиадалық жекпе-жек түрлерін дамытуға тырысамыз. Алдағы уақытта да олар біздің департаменттің абыройын лайықты қорғайтынына сенімдімін, — деді ол.
Ал, Жергілікті полиция басқармасы қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев облыстық полиция департаментімен бірлесе ұйымдастырған қазақ күресіне жалпы саны 70 адамды құрайтын 14 команда қатысып жатқанын жеткізді. Айтуынша, «Полиция барысы» — құқық қорғау қызметкерлерінің рухын нығайтып, ұлттық спортымызды дәріптейтін ауқымды шара. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Олар білімді, білекті, төзімді әрі қайратты болуы керек. Сондықтан қазақ күресінің тәрбиелік маңызы зор. Сол себепті ел қорғаушылардың ұлттық спорт түріне көңіл бөлуі жас ұрпаққа үлгі. Ұлттық намысты көтеріп, жанкүйерлерге асқан шабыт сыйлаған байрақты бәсекеге кіл мықтылар қатысты. Балуандар алты салмақ дәрежесінде бақ сынасты, ең жеңілі – 66 келі, ең ауыры — 100 келі.
— Біріншіден, бұл жарыс — «тәні саудың — жаны сау» деген қанатты сөздің парқын ашып, полиция қызметкерлерінің рухын көтереді, саптық әскери даярлығын жетілдіре түседі. Президентіміз жылдағы халыққа Жолдауында салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортқа баулу керектігін айтады. Бұл жарыс та осы мақсатта ұйымдастырылды. Оның үстіне күрес білмейтін қазақ жоқ. Ауылда өскен баланың барлығы қазақша күресті білуі керек. Бәріміз осы ұлттық спорттың деңгейін көтеру жолында жұмыс істеудеміз, — деді А.Күркебаев.
Айта кетейік, аталмыш чемпионат күні бойы жалғасып, қатысушылар нағыз жауынгерліктерін және шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде, жарыс қорытындысы бойынша «Полиция барысы» чемпиондық белбеуінің иегерлері мен табанды жекпе-жекте абсолютті чемпион атағын 100 келі салмақта Сапарғали Еркебұлан, Қасымжан Темірлан жеңіп алса, 90 келі салмақ дәрежесінде Талап Сағындықов үздік деп танылды. Сондай-ақ, 82 келі салмақта күрескен Шеризат Нұғарбеков, 74 келі салмақта белдескен Қанағат Ыдырышев және 66 келі салмақта бағы мен бабын сынаған Олжас Бараухан жеңіс тұғырына көтерілді.
Бұдан басқа, жарыс қорытындысы бойынша командалық турнирде Екібастұз қаласы полиция басқармасының командасы топ жарып, жеңіске жетті. Сондай-ақ, Борис Костеренко, Батырбек Елемес, Мейрам Қаңтарбаев, Нарынбет Нұрсұлтан, Алмаз Ерғабұлов пен Мадияр Агвай сынды қызметкерлер медальдар, грамоталар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Айта кетейік, алты түрлі салмақ дәржесінде жеңімпаз атанған қатысушы сәуір айында Петропавл қаласында өтетін республикалық сайыста өңір намысын қорғайды.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.