Футболдан ҚР Премьер-лигасында облыс намысын қорғаған «Ақсу» командасы бұл «жорығын» аяқтады. Турнирлік кестенің соңына жайғасқан жергілікті клуб енді қайтадан бірінші лигаға оралуы мүмкін.

Осыдан екі жыл бұрын ақсулық аяқдопшылар ел чемпионатының бірінші лигасында жеңімпаз атанып, Премьер-лигаға жолдама алған-ды. Былтыр украиналық маман Руслан Костышиннің шәкірттері үздік алты команданың сапына ілігіп, жанкүйерлерді бір қуантты. Алайда биылғы чемпионат олар үшін сәтті бола қойған жоқ. Біріншілік басталған соң бірнеше ойын қатарынан біздің футболшылар жеңілістен көз ашпаған соң шетелдік бапкердің орнын отандық маман алмастырды. Вахид Масудов «Ақсу»-дың тізгінін ұстап, ойынға қан жүгіртпек болған еді. Бірақ одан да түк шықпады. Жексенбі күні біздің ойыншылар өз алаңында қызылордалық «Қайсар» командасын қабылдады. Ойын қызу тартысқа толы болды деуге келмес. Екі команданың ойыншылары уақыттың басым бөлігін өзара доп алмасумен өткізді. Айтарлықтай қауіпті сәттер де туындай қойған жоқ. Десе де, ақсулықтарға сәттілік серік болды. Ойынның 19-минутында Евгений Кобзарь есеп ашып, біздің команданы алға шығарды. Бұл гол спортшыларды да, жанкүйерлерді де бір серпілтіп тастағаны анық. Бірінші тайм осы есеппен аяталды. Үзілістен соң жергілікті ойыншылар қарқынды сәл арттырды. Сөйтіп, Дінмұхамед Қараман 59-минутта есепті еселеді. «Қайсардан» айласын асырған «Ақсу» үш ұпай еншілеп, барлығы 18 ұпай жинап, турнир кестесіндегі 14-орыннан бір саты жоғарылады. Бірақ оның өзі Премьер-лигада қалуға мүмкіндік берген жоқ. Себебі, «Оқжетпес» сырт алаңда «Қызылжарды» жеңіп, 25 ұпаймен біздің командадан тіпті ұзап кетті. Енді алдағы екі ойында жергілікті клуб жеңіске жеткен күннің өзінде «Оқжетпестің» алдын орап кете алмайды.

— «Қайсарға» қарсы ойын жақсы өтті. Жігіттер ештеңеге қарамастан жасыл алаңға шығып, соңына дейін күресті. Әрине, Премьер-лигадағы сапарымыз осымен аяқталатыны өкінішті. Бірақ «Ақсу» кейбір басқа командалардан осал емес. Шеберлік деңгейі бойынша да оларға есе жіберіп отырған жоқпыз. Кейбір мәселелердің бары рас, соған қарамастан қарсыластарға «Оңай шағылар жаңғақ» болдық деп айта алмаймын. Шама-шарқымызша барын салдық. Өкінішке қарай, жағдай солай: турнир кестесінің соңына ығыстық. Бұл ретте әркез қолдау көрсетіп, сенім білдірген жанкүйерлерге зор алғысымызды білдіреміз, — деп түйіндеді бас бапкер. «Ақсу» командасы Премьер-лигадағы ойындарын чемпионаттың тәжірибелі командалары – «Қайрат» пен «Тобыл»-ға қарсы матчтармен қорытындылайды. 21 қазан күні біздің команда Алматының жасыл алаңында доп тепсе, 29 қазанда өз алаңында қостанайлық команданы қабылдайды.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.