Бүгінде өңірімізде бұқаралық спорттың дамуына айрықша назар аударылып келеді. Ол үшін заманауи талаптарға сай ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, түрлі спорт алаңдары салынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Баянауыл мен Май ауданында алғаш рет бассейннің бой көтеруі – саланы ілгерілету жолында жасалған жарқын қадамдардың бірі. Спорт күні қарсаңында осы бағытта атқарылып жатқан өзге де жұмыстарды шолып шығуды жөн көрдік.
Жеңісті жол жастайынан басталады
Павлодар облысы – спорттық жетістіктері жайлы ауыз толтырып айтуға тұрарлық өңірлердің бірі. Жыл басынан бері жергілікті спортшылар түрлі республикалық, әлемдік додаларда топ жарып, олжалы оралып жүр. Бұл ретте Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия чемпионатында алтын медаль еншілеген фристайл-акробатшы Роман Иванов, қола жүлдемен оралған биатлоншы Дарья Климина, Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында өткен спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында жекелей және командалық сындарда жеңімпаз әрі жүлдегер атанған Нұртан Ыдырысов, Роман Хегай, Артем Ковалев және Роман Маменов, Чехияның Пардубице қаласында өткен Әлем чемпионатында барлық медаль жиынтығын иеленген тоғызқұмалақшылар — Аяжан Егінбай, Ерасыл Әутәліпов, Жәмилә Баилдяшева, Сұлтан Смағұлов, Ринат Керейбаев, Аружан Әбдіханова, Малайзияда өткен жасөспірімдер арасындағы VIII Азия чемпионаты және таеквондо WT-дан кадеттер арасындағы VI Азия чемпионатының жүлдегерлері — Павел Эм, Егор Шаптефраць, Аиша Әмірді ерекше атап өтуге болады. Аида Аблаева — ММА бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдесін облыс қоржынына салған алғашқы қыз. Тізе берсек, облыс пен ел намысын абыроймен қорғап жүрген осындай жалынды жастарымыз жетерлік. Олардың әрқайсысының жеңісі мен жүлдесі – аймақтың олжасы. Жалпы, Қазақстан Республикасының барлық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларының құрамына Павлодар облысынан 705 спортшы кіреді. Оның ішінде 257 спортшы негізгі, 448 адам жастар және жасөспірімдер құрамында бар. Әлбетте, мұндай жетістіктердің барлығы тынымсыз дайындық, ерен еңбек, төккен маңдай термен келеді. Бұл ретте жаттықтырушылардың да қызметі жоғары бағалауға лайық.
Бұл ретте спортшыларымыздың осындай биік белестерді бағындыруына оң әсерін тигізген инфрақұрылымдық жағдай, бұқаралық спорт, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мәселесіне тоқталуды жөн санадық.
Жалпы, кез келген спорттық жеңіс бала кезден басталған жаттығулар, үздіксіз дайындықтардан бастау алады. Бұл бағытта жас спортшылармен жұмыс жасайтын, олардың қабілеттері мен дағдыларын ерте жастан дамытатын 20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, өңірде олимпиадалық резервтің 4 мектебі және олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі бар. Бұл оқу орындарында жоғары санатты спортшыларды даярлау үшін жағдайлар жасалады. Оған қоса, өңірде жоғары спорттық шеберлік мектебі, 3 спорт клубы, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері жұмыс істейді. Дайындық жүйесіндегі маңызды буын — олимпиадалық резервті даярлау орталығы. Бұл орталық спорттық әлеуетті қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 24 356 спортшы жаттығады. Оларды барлығы 641 жаттықтырушы дайындайды. Спорттың 28 түрі бойынша 116 өнім беруші тіркеліп, онда 12 800 бала спорттың түр-түрімен тегін айналысатынын да атап өту керек.
Заманауи нысандар салынуда
Енді бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ойыссақ. Өңірде 4 мыңнан астам адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл ретте баскетбол, волейбол, бокс, үстел теннисі, футбол, шахмат, дойбы, жеңіл атлетика, еркін күрес, грек-рим күресі, гір спорты, армрестлинг, фитнес, бильярд, жүзу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, аударыспақ, садақ ату сынды спорт түрлері қарқынды дамуда. Өңірдің 116 елді мекенінде «Павлодар облыстық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы» КММ-нің 148 спорт нұсқаушысы тұрғындармен дене шынықтыру-спорттық жұмыстарын жүргізеді. Сол арқылы салауатты өмір салтын сақтайтын азаматтар қатарын арттыруға ден қояды.
— Мұндай бағыттағы жұмыстардың ауылдық жерлерде жүргізілуі маңызды. Себебі бұл мәселелер ауылда өзекті болып отыр. Сонымен қатар, жаттығулар кешкі уақытта өткізіліп, бос уақытты тиімді пайдалануға жағдай жасалады. Бұл ересектер мен жастар арасында салауатты өмір салтын белсенді енгізуге мүмкіндік береді, — дейді басқарма басшысы Азамат Имашев.
Бұқаралық спортты, кәсіби спортты дамытуға материалдық-техникалық база, жоғары сапалы инфрақұрылымның болуы да маңызды. Сондықтан жергілікті билік өңірде заманауи талаптарға сай келетін жаңа нысандарды салуға көп көңіл бөледі. Қазірдің өзінде облыс бойынша 220 спорттық нысан бар. Биыл олардың қатары жаңа орталық, кешендермен толыға түсті. Атап айтқанда, Ақсу қаласында мұз аренасының, Успен ауданының Успен, Шарбақты ауданының Шалдай және Хмельницкое, Баянауыл ауданының Баянауыл ауылы, Ақтоғай ауданының Қараоба ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Павлодар қаласында шаңғы жарысы мен биатлон секциялары үшін шаңғы тебу жолы және ғимараты салынды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Аққулы ауданының Қарақала, Май ауданының Қаратерек, Павлодар ауданының Кемеңгер ауылдары мен Ақсу қаласына қарасты Үштерек елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Биыл Тереңкөл ауданының Песчаное ауылы мен Екібастұз қаласына қарасты Қоянды ауылында, Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылында тағы 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу бойынша жоба жүзеге аспақ. Ал үш ауыл тұрғындарына тамаша тарту жасалмақ. Атап айтқанда, Успен ауданының Успен, Ертіс ауданының Ертіс, Май ауданының Көктөбе ауылдарында бассейндер салынып, көпшілік игілігіне беріледі. Мұндай мүмкіндіктердің барлығы бұқаралық спортты дамытып, оған бет бұратын тұрғындар қатарын арттыруға оң ықпал ететіні сөзсіз.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.