Жуырда Астана қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер, жастар, жасөспірімдер және мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Азия және Океания чемпионаты өтті.
Мұндай біріншілік елімізде тұңғыш рет ұйым-дастырылғанын атап өткен жөн. Байрақты бәсекеге әлемнің 30 елінен 600-ге жуық спортшы қатысты. Ал елімізден 24 мүмкіндігі шектеулі спортшы, 126 шебер, ұлттық құрамадан 72 самбошы бақ сынады. Олардың қатарында павлодарлық спортшылар да бар. Жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтата білді.
Атап айтсақ, Оразбай Мунтынов, Болат Жүнісов, Дәурен Мұқышев, Ерғанат Тергеубеков жарыс жеңімпазы атанса, Евгений Ращук пен Исмағұл Аюпов күміспен күптелді. Бәкібай Шұғайыпов, Руслан Қаңтарбаев, Марат Омаров, Өміртай Шәріпжанов, Берік Молдажанов өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Әйелдер арасындағы жауынгерлік самбодан Зульфия Мұхамедьярова қолаға қол жеткізді.
Жарыс жеңімпаздарының бірі Оразбай Мунтыновтың айтуынша, жергілікті самбошылар чемпионатқа жүйелі түрде дайындалған. Психологиялық тұрғыдан да дайындықты мықтап қолға алған. Үздік нәтиженің себебі де – осы.
– Биыл мамыр айында өткен ел чемпионатында да жақсы нәтижелерге қол жеткізген едік. Мұның бәрі — дайындықтың арқасы. Алдағы уақытта да дайындығымызды пысықтап, республикалық, халықаралық жарыстарда облыс намысын қорғауға барымызды саламыз, – деді ол.
Азия және Океания чемпионатының жеңімпаздары Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін дүниежүзілік жекпе-жек ойындарына қатысады.
Оралхан АХМАДИЯ.