Төрт жыл тағатсыздана күткен Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Франция астанасында өткен басты бәсекеден біздің спортшылар жеті жүлде еншілеп келді. Бірақ жанкүйерлердің басым бөлігі одан да жоғары нәтиже күткені жасырын емес. «Жүлде алады-ау» деп сенім білдірген кей спортшылардың олжасыз оралғаны қынжылтпай қоймады. Ал біздің облыстан дүбірлі додаға жалғыз спортшы – жеңіл атлет Ольга Сафронованың ғана жолдама алуы ойлантарлық жағдай. Мұндай нәтижеден қандай ой түйіп, қандай сабақ алуымыз керек? Кем-кетікті түзетіп, жетістіктерді еселеудің жолы қайсы? Аталмыш мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.
Олег КОЛЬЕВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
— Олимпиада ойындарына біздің облыстан жалғыз спортшы барды екен деп, өңірде спорт саласы мүлде дамып жатқан жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Дәл қазіргі уақытта Ольга Сафроноваға елімізде тең келері жоқ. Ол биыл төртінші Олимпиадасына барып қайтты. Әрине, жеңіл атлет үшін 30-дан асқан шақта әлемнің, оның ішінде Африканың мықты спортшыларымен бәсекеге түсу оңай емес. Соған қарамастан ол барын салды. Төртжылдықтың додасына бара алатын өзге де әлеуеті жоғары спортшыларымыз бар, тек жолдама алудың сәті түспеді. Айталық, балуан Мамед Ибрагимов, батутта секіруден атлет Виктория Буторина жарақатына байланысты лицензиялық жарыстарға қатыса алмады. Велоспорт, таэквандодан лицензиялар жекелеген спортшыларға емес, тұтас елге беріліп, оның иегері кім атанатынын федерация өзі шешеді. Әйтпегенде, бұл спорт түрінен де Олимпиадаға бара алатын мықты спортшыларымыз аз емес. Айтпағым, біздің өңірдің жоғары деңгейлі әлемдік сайыстарға түсіп, олжалы оралатын қауқары бар. Жастар шеберліктерін шыңдап, жасындай жарқылдауы үшін әкімдік тарапынан барлық мүмкіндікті жасауға тырысып жатырмыз. Заманауи спорт кешендерінің салынуы, жаңа құрал-жабдықтармен толығуы, материалдық-техникалық базаның жақсаруы – соның дәлелі. Ендігі ретте ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жету үшін тек уақыт керек.
Қален СҰЛТАНҒАЗИН, ҚР Ғаламдық таэквандо федерациясының президенті:
— Шыны керек, кейінгі жылдары Олимпиада ойындарына деген қызығушылық төмендеп бара жатқан сыңайлы. Бұрынғыдай таңды таңға ұрып, теледидардың алдында көз алмай отыру деген жоқ. Бұған сайыс нәтижесінің көңіл көншітерлік болмауы себеп деп ойлаймын. Оны жақсартып, спортшылардың табысын арттыру үшін мәселелерді түбегейлі шешкен жөн болар. Соның бастысы әрі маңыздысы – жергілікті жаттықтырушыларды қолдап, олардың мықты шәкірттерді тәрбиелеуі үшін жағдай жасау. Өкінішке қарай, кейде қолда бар алтынның қадірін білмей жатамыз. Жақында өткен Олимпиададан жарқын мысал – қазақстандық Есбол Сұлтанов таэквандодан Тунис елінің ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде жоғары жетістікке жетті. Оның бір спортшысы алтын медаль иеленсе, тағы бір таэквандошы қола жүлдеге қол жеткізді. Есесіне өз отандастарымыз жүлдесіз қайтты. Осындай мықты мамандарды елде алып қалсақ, біз де тунистік спортшылар сынды жетістікке жетер ме едік, кім білсін?! Спорттың басқа салаларында да шеберлігі жоғары кей бапкерлердің басқа елдің құрамаларын жаттықтыратынын көріп жүрміз. Сондықтан бірінші кезекте бапкерлермен жұмысқа мән беру керек. Жаттықтырушының жағдайы дұрыс болса, тәрбиеленушілер де жақсы нәтиже көрсетеді.
Сайдолла СӘБЕНОВ, пауэрлифтингтен әлем чемпионы:
— Жанкүйер ретінде биылғы Олимпиададан көңілім қалды. Төрткіл дүние төрт жыл күткен сайыста қазақстандық спортшылардың нәтижесі ойдағыдай бола қойған жоқ. Ұлттық рух, намыс пен жігердің үлгісін көрсете білген дзюдошы Елдос Сметовті ғана бөле-жара айтуға болады. Міне, чемпиондықтың нағыз үлгісі. Өкінішке қарай, оның жеңісті жолын жалғар ешкім болған жоқ. Балуандар да, боксшылар да аса жарытпады. Жанкүйерлерді қынжылтатын мұндай жайттар болмас үшін жүйелі жұмыс керек деп ойлаймын. Мысалы, теннис, жеңіл атлетикадан барған легионерлерден еш қайыр болған жоқ. Оларға жұмсалған қыруар қаржыны ауыл балаларын жаттықтыруға жұмсасақ, әлдеқайда дұрыс болар еді. Сол кезде елінің шынайы патриоттары мемлекет намысын абыроймен қорғайтыны анық. Ал сырттан келіп-кететін спортшыларда мұндай жанашырлық болмайды. Яғни, көзінде оты бар, жүрегінде отансүйгіштігі бар жастарды тәрбиелеуге баса мән беру керек. Сонымен қатар, осындай әлемдік додалардың алдындағы оқу-жаттығу жиындарына баса назар аудару қажет. Мәселен, байдаркамен есу спортшылары екі ай шетелде дайындалған көрінеді. Бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Бірақ нәтиже жоқ. Бұдан да ой түйіп, мемлекет қазынасын тиімді пайдалануға көңіл бөлсе, артық болмас.
«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.