Спорттық нысандар жеткілікті ме?

Мау 5, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Бүгінде облыстың 300 мыңға жуық тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысады. Дегенмен, бұл көрсеткіш Успен ауданында өте төмен. Аудан жұртшылығының 40 пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана спортты серік еткен. Ал Ақтоғай және Аққулы аудандарында дене шынықтыру нысандары аздық етеді.

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиын барысында өңірдегі бұқаралық спортты дамыту мәселелері қозғалды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтің дерегінше, өңірде 296 268 спортпен жүйелі түрде айналысады. Оның ішінде 126 714 мыңнан астам ауыл тұрғыны бар. Алайда  Успен ауданы азаматтарының спортқа салғырт қарайтыны анық байқалады. Ресми дерек бойынша, мұндағы тұрғындардың тек 38,5 пайызы дене шынықтыруға ден қойған. Аудан әкімі Нұрболат Мақашев оның себебін былай түсіндірді:

— Жақында аудан орталығында жаңа дене шынықтыру – сауықтыру кешені ашылды. Мұнда олимпиадалық спорт түрлері, дзюдо, баскетбол, волейбол секцияларына қатысуға мүмкіндік бар. Бұл тұрғындарды тартуға, олардың белсенділігін арттыруға оң әсер етеді деген ойдамыз, — деді аудан басшысы.

Жалпы, бүгінде аймақта 2200 спорт нысаны бар. Жыл басынан бері Ақсу қаласында мұз аренасы, Успен ауданының Успен, Шарбақты ауданының Шалдай, Ақтоғай ауданының Қараоба, Шарбақты ауданының Хмельницкое ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Павлодар қаласында шаңғы жарысы мен биатлон секциялары үшін спорт залы ашылды.

— Сонымен қатар, қазіргі уақытта Баянауыл ауданының Баянауыл, Аққулы ауданының Қарақала, Май ауданының Қаратерек, Павлодар ауданының Кемеңгер, Ақсу қаласының Үштерек ауылында спорттық нысандар салынуда. Ал Ақтоғай ауданының Ақжол ауылы мен Ақсу қаласына қарасты Пограничник, Алғабас, Жолқұдық және  Еңбек елді мекендерінде кешендердің құрылысы түрлі себепке байланысты тоқтап тұр, — деді Азамат Имашев.

Бұл ретте спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі Ақтоғай және Аққулы аудандарында төмен екені белгілі болды. Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқановтың сөзінше, бүгінде аудан тұрғындары бір дене шынықтыру кешені мен мектептердің спорт залдарында ғана шынығады. Жыл соңына дейін Қарақала ауылындағы кешен қолданысқа берілген соң сол елді мекен азаматтарына жайлы жағдай жасалады.

Ал Ақтоғай ауданында өткен жылдың қорытындысы бойынша спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі – 47 пайыз. Осыдан біраз уақыт бұрын Қараобада тағы бір кешен тұрғындар игілігіне берілді. Соның нәтижесінде нысанмен қамту көрсеткіші 72 пайызға дейін өседі.

— Оған қоса, Қожамжарда бокс, Әуелбекте күрес залы қолданысқа тапсырылады. Бұл көрсеткішті
82 пайызға дейін жеткізеді. Ал жыл соңына дейін Ақжол ауылында кешен құрылыс аяқталса, тұрғындар 100 пайыз инфрақұрылыммен қамтылады, — деді аудан әкімі Қаршыға Арынов.

Бұл ретте облыс әкімі Асайын Байханов аудан-қалалардағы құрылыс барысына сол жердегі басшылар тікелей жауапты екенін ескертті.

— Дене шынықтыру – сауықтыру кешендерінің құрылысы тек облыстық құрылыс басқармасының жобасы екен деп шетте қалып қоюға болмайды. Әр спорт нысаны сіздер басшылық ететін аудан жұртшылығының игілігі үшін салынуда. Сондықтан құрылыс барысын қатаң бақылауға алуларыңыз керек, — деді аймақ басшысы.

Жиын барысында облыс әкімі өңір спортшыларының алдағы Ақ олимдадаға дайындық барысын да сұрады. Азамат Имашевтің сөзінше, 6-22 ақпан аралығында Италияда өтетін қысқы Олимпиадаға төрт спорт түрі бойынша өңірдің алты спортшысы дайындалуда. Бар үміт – фристайл-акробатикадан Азия чемпионы Роман Ивановта. Өзге спортшылар да жеңіске жету үшін барын салады. Аймақ басшысы облыс пен ел намысын қорғайтын әр спортшының жаттығуы ойдағыдай болуы үшін барлық жағдайды жасауды жүктеді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.