Спортты серік етсең, сергек жүресің

Қар 13, 2025

Бүгін қарашаның ақ қары жауып тұр. Күздің айы болса да, қыстың ызғары сезіледі.
Бірақ мұндай күн де біздің кейіпкерімізге кедергі емес. Ол күнделікті әдетінен жаңыл-
май, жағажайда серуен құрып жүр. Ертіс өзені бойымен бой сергітіп, таза ауамен тыныстауда. Ел ағасы жасына жетсе де, таңғы серуенді тастамайды. Себебі, таңғы серуеннің тән азығы екенін әлдеқашан түсініп, біліп алған. Ол – көпшілігіңізге лауазымды тұлға ретінде танымал Бәкір Саматұлы Демеуов. Өз басым кейде жұмысқа ерте келгенде редакциямыздың іргесіндегі жағажайда 20 минут жүріп келетінім бар. Сол кездері Бәкір Саматұлын жиі көзім шалады. Бір күні әңгімеге тартып, сөйлесемін деген ойда жүретінмін. Міне, бүгін кездесудің сәті түсті. Кейіпкерімді күнделікті таңғы серуенде жүрген жерінен жағажайда жүздестірдім. Салауатты өмір салты, спорттың адам өміріндегі маңызы турасында аз-кем әңгіме құрдық.

– Таңғы серуен – тән азығы деп жатады. Сіздің жағажайда жиі жүретініңізді көпшілік біледі. Жалпы, таңғы серуенді қашаннан бері әдетке айналдырдыңыз?

– Спортпен шұғылдануды мектеп жасынан бастадым. 6-7-сынып оқып жүргенде қызығушылық пайда болды. Өмірлік серігіме айналды. Турникке тартылу, кір тасын көтеру, қоссырықта жаттығу күнделікті ісіміз еді. 16 келілік кір тасын 80 рет көтеріп тастаушы едім. Штангі де көтердім. Қазір жас келді, шамаға қараймыз. Мысалы, 15-20 рет турникте тартыламын. Осылайша, спортқа деген құмарлық балалық шақта басталды. Өмір бойы тоқтаған жоқпын. Әрқашан да аз болсын, көп болсын спорттан қол үзбей келемін. Уақыт табуға тырысамын. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Нархозға оқуға түстім. 1976 жылы самбо күресімен айналыстым. Жаттықтырушым Амантай Қарақовтың қолдауымен, талабымен біраз жетістікке жеттік. Спорт шеберіне кандидат атандым. Әскерге де барғанда дененің шыныққаны, шымыр болғаны маңызды емес пе?! Мұнда да спорттық нормативтер бойынша алда болдым.

Жұмысқа орналасқанда да спортқа уақыт табуға тырыстым. Әскерден кейін Павлодар қаласының қаржы басқармасына қатардағы инспектор ретінде еңбекке араластым. Қаржы командасын құрып, 1998 жылдан 2014 жылға дейін футбол ойнадық. Успенкаға әкім болып кеткенде команда тарап кетті. Футболға бейім азаматтар осы командаға шоғырланды. Сонымен бірге, 2006 жылы Павлодар қаласының әкімі болған кезімде дене шынықтыру ұжымдары арасында өткен облыс біріншілігіне «Трактор» командасы құрамында ойнап, жеңімпаз атандық. Бұл команданы құрған Петр Васильев пен Игорь Веретнов арнайы шақырып, қатысқан едім.

– Кезінде лауазымды жоғары қызметтер атқардыңыз. Қала әкімі, басқарма басшысы, аудан әкімі сынды жауапкершілігі көп орындарда жүрдіңіз. Бұл жылдары қарбалас шаруадан спортқа уақыт табу қиын болған шығар?

– Кез келген істе адамның ниеті, қалауы болса, уақыт табылады. Лауазымды қызметте жүргенде таңғы 5.30-да тұрып, үйімнен жағажайға дейін жаяулатып жетіп, жүгіретінмін. 7 жарым дегенде үйге келіп, жұмысыма дайындаламын. Қазір қоғамдық кеңеске келгелі таңғы жетіде жағажайға барып, 8 жарымға дейін серуендеп, жаттығуымды жасап аламын. Жағажайда 1996 жылдан бері серуендеп, жаттығып келемін. Мұндағы әрбір өзгеріс көз алдымда. Күніне 10 шақырымнан кем жүрмеуге тырысамын. Асырсам қуанамын, ал аз болмауын қадағалаймын. Не жүгіріп, не жүріп осы қашықтық орындалуы мен үшін аса маңызды. Кейде 15-16 шақырым жүріп тастайтын кездер де кездеседі. Бұл — күнделікті әдетім. Әлбетте, кейде түрлі жағдайларға байланысты бара алмай қаламын. Бірақ мұндай кез өте сирек.

– Жүруге, жүгіруге бара алмаған кезде өзіңізді қалай сезінесіз?

– Өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Мұны спортты бала кезден серік еткен адамдар жақсы түсінеді. Серуендеуге бара алмаған, жаяулатып жүрмеген, жүгірмеген күні өзімді жайсыз сезінемін. Өміріме бір дүние жетіспей тұрғандай күй кешемін. Дене-бойың да шаршағандай көрінеді. Сергектік жоғалады. Көңіл-күйге де әсері байқалады. Өмірге көзқарасың өзгере ме, әйтеуір, бір жайсыздық бойды билеп алады.

Жеке үйде тұрамын. Ауламда есік алдына турник, қоссырық орнатып қойғанмын. Бірнеше рет тартылып, бойымды жазып аламын. Күніне 1,5 сағат жаттығу жасаймын. Таңғы серуен адамның таңғы ас сияқты. Ағзаңа аса қажет. Жұмысқа да құлшыныспен кірісесің. 67 жасқа аяқ бастым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де спорттан қол үзбедім. Тіпті, уақыт көбейіп, керісінше, көп жүретін болдым.

– Жағажайдағы көрініске жиі куә боласыз. Бұл әсем орынға, әдетте, көпшілік
серуендеуге, спортқа бейім азаматтар таза ауада жаттығу жасауға ағылады. Соңғы жылдары нені байқайсыз? Кімдер көп жүреді?

– Алдымен, биліктегі азаматтарға барлық жағдай жасап жатқанына алғыс айтқым келеді. Ертіс жағасы көркейіп, спортпен шұғылдануға, серуендеуге өте жайлы. Соңғы жылдары, тіпті, оң өзгеріс көп. Таңертең жағажай мені тартып тұрады. Бір байқағаным, адам қарасы жыл өткен сайын көбейіп келеді. Біраз ақсақалдармен 1996 жылдан бері осы жағажайда жүреміз. Әсіресе, жастар жағы салауатты өмір салтына бет бұра бастағанына ризамын. Жазда спорт мектептерінің балалары келіп, жаттығып жатқанда кәдімгідей сол көрініске сүйсінемін. Жалпы, спортты серік еткен әрбір жанды сыйлаймын, жақсы көремін.

– Салауатты өмір салтын ұстануды қалағанымен, бастауға жүрексінетін, кейде жалқаулық жеңіп кететін азаматтарға қандай ақыл айтар едіңіз?

– Бұл жерде адамның өзімен күресі жатыр. Бірнеше рет санасындағы екі ойды жеңіп шықса, ары қарай әдетке айналып кетеді. Бәрі тәртіппен, жүйелілікпен келеді. Бой үйренген соң өзі-ақ сізді спортқа жетелей береді.

– Осы орайда, айналаңызға спорттың маңызын жиі айтып, қатарыңызға қосуға тырысатын боларсыз…

– Жора-жолдастар, таныстар арасында спортқа бет бұрғандар аз емес. Кейбірі тұрақты айналысып келеді. Құрдастарым жас емес, сондықтан шамаларына қарай шұғылданады. Шамалас замандастарымның көбі жағажайда серуендеуге бейімделіп алған. Араларында волейбол, футбол ойнайтындары бар. Кейбірі жаттығу залдарына барып тұрады. Оларды әрдайым қолдап, демеп жүремін. Кез келген отырыста замандастарыммен талқыланатын тақырыптың бірі спорт. Ой бөлісіп, пікір алмасамыз. Соңғы кезде бокстағы жетістіктеріміз қуантты. Төрт спортшымыз әлем чемпионы атанды. Әрине, Өзбекстан — алдымызда. Бірақ оларға жетуге қауқарлымыз. Менің ойымша, өзбектер бокстағы жемқорлықты жеңді. Өз елдерінде өтетін чемпионатқа төрешілерді шеттен шақыруға көшті. Бізде әлі өзімізге өзіміз төрелік етеміз. Пенделікпен бүйрек бұру болады. Содан шын мықтыларды анықтауда кемшілік кетіп жатады. Осыны реттеп алсақ, біз де төрешілерді Қазақстан чемпионатына шетелден шақыруды бастасақ, бокстың шаршы алаңында атой салатын азаматтарымыз аз болмайды.

Спортқа шақыру демекші, айналамда спортпен айналысатындар баршылық. Інілерімнің бәрі спорт-
пен шұғылданады. Ұлым да спортқа жақын. Кезінде спорт мектебінде футбол ойнады. Акробатикамен, жүзумен, каратэмен айналысты. Қазір жаттығу залына жүйелі түрде барып тұрады.

Бүгінде ақыл алатын адам болса, кәсіби кеңес әлеуметтік желіде көп. Ақыл айтатын, спортқа шақыратын, өзімен күресуге жетелейтін азаматтар аз емес. Оларды да қарап отырамын. Пайдалысын аламын. Кейбір дене жаттығуларын сол мамандардан қарап, жасайтыным бар. Жалпы, күніне 1,5 сағаттай уақытымды дене жаттығуларына арнаймын.

– Сіз өзгелерді спортқа үгіттеп, айналысуына мұрындық болған екенсіз. Ал сізге кім ықпал етті?

– Әкейдің үлкен ағасының балалары, яғни, ағаларым ғой, ақыл айтып, спортқа шақырды. Олар Алматыда студент болатын. Марқұм Айдар Демеуов деген ағам — еркін күрестен спорт шебері. Ағаларым Алматыдан Баянауылдың Жосалысында тұратын маған пошта арқылы хат жазатын. Олар «бауырым, спортпен айналыс, өмірде керек болады» деп хат жолдайтын.

– Ауа райына қарап, кейде даладағы жаттығу мен серуеніңізді шектеп отырасыз ба? Әлде аязға да, жаңбырға да қарамайсыз ба?

– Бұрын 35 градус суыққа дейін шыға беретінмін. Қазір жұбайым қатты суық күндері «үйде отыр» деп тізгінді тартып отырады. Амандығымды тілеген түрі ғой. Әйтпесе, бір күн шықпасам, мазам кетеді. Тым болмағанда аулада турникке тартылып, бой жазып тұрамын. Әйелім спортқа жақын емес. Десе де, арасында өзіммен бірге жаттығулар жасауға шақырып, кешкі астан кейін үй маңында, аула ішінде серуендеуге шығарып тұрамын. Себебі, жүру денсаулыққа пайдалы. Өмір – қозғалыс дейді ғой. Күндерімізді қимылсыз өткізбеуге тырысамын.

– Елімізде бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінуде. Спортсүйер азамат ретінде аймағымызда спортпен шұғылдануға жасалған жағдайды қалай бағалар едіңіз?

– Қазір спортпен айналысқысы келген жас пен кәріге жағдай жетерлік. Жыл санап, инфрақұрылым жақсарып жатыр. Қалада да, ауылда да заманауи спорт алаңдары, спорттық кешендер салынып, балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Ендігі кезекте спорт саласына жауапты органдар насихатты күшейту керек деп санаймын. Әр спорт тартымды болуы үшін жарнамасы да мықты жасалса деймін. Алдымен спорт басшылары өздері үлгі болғаны жөн. Яғни, сөзбен емес, іспен шақырса, футбол, волейбол ойнап, турникке тартылып, өнеге көрсетсе, спортқа ағылатын жастар аз болмайды. Спорттық сайыстар жиі ұйымдастырылуы тиіс. Спортпен айналысу — денсаулық кепілі. Ал дені сау ұрпақ — ел болашағы екенін ұмытпауымыз қажет.

Біздің кезімізде заман басқа, қазіргідей жағдай жоқ. Ауылда алаңды қолымызбен жасайтынбыз. Стандартты футбол алаңының мөлшерімен айналдыра қазып, ақ кірпішпен қоршап шығамыз. Көкөніс салынатын торлы дорбаларды бір-біріне жалғап, қақпаны жасап алатынбыз. Допты, аяқ киімдерді қаладан поштамен тапсырыспен алғызамыз. Көше-көшеге бөлініп, футбол ойнап, жеңімпаздарды өзара анықтаушы едік. Оны бізге ешкім ұйымдастырып берген жоқ. Кәдімгідей турнирлік кесте жасап алатынбыз. Арамызда көзге түскендерді сыйлық жасамасақ та, атап мойындайтынбыз. Мықты қақпашы, шабуылшы деп атын атап, жігерлендіретініміз бар еді. Спорт туралы газет-журналдан оқып, жаңалығын біліп отыратынбыз. Еліміздің намысын қорғаған атақты спортшыларымыз Серік Қонақбаев, Жақсылық Үшкемпіров ағаларымыздың жеңістеріне марқайып, мақтан тұтып өстік. «Қайратта» ойнаған Сейілда Байшақов, Құралбек Ордабаев, Анатолий Ионкин сынды сол кездегі атақты футболшыларға қызығатынбыз.

– Футболды бір кісідей жақсы көріп, әр матчын асыға күтетін әрі спортты серік еткен азамат ретінде сізден қазақ футболы жайлы, бүгінгі аяқалысы турасында пікіріңізді білгеніміз
жөн болар…

– Қазіргі ойындарға қарап, футболда болашағымыз зор деп топшылауға әбден болады. Мемлекет тарапынан қолдау жан-жақты жасалуда. Клубтарды жекеменшікке беру мәселесі қаралуда. Бұл да өте дұрыс әрі ұтымды жол деп санаймын. Жеке қаржысын салған соң иесінің жауапкершілігі артады, жеңуге, команданы дамытуға мүдделі болады. Ең бірінші, балалармен жұмысты күшейту керек. Яғни, балалар футболына көп көңіл бөлінгені абзал. Футбол инфрақұрылымын жетілдіру маңызды. Бұл тұрғыда әжеп-тәуір ілгерілеу байқалады. Енді Қазақстанға әлемдік стандарттарға сай келетін стадиондар көбірек салынуы тиіс. Одан кейін шетелдік футболшылар әкелуде олардың сапасына мән беру қажет деп санаймын. Бір кездері өзіміздің «Ертісте» Нилтон Мендос есімді бразилиялық футболшы ойнады. Әр ойынына сүйсіне қарайтынбыз. Міне, сондай легионерлерді әкелсе, сөз жоқ. Ал өзге елдерде жарамай қалғандарды шақырып, қыруар қаржы жұмсауға қарсымын. Одан да өз балаларымыз ойнасын. Әлбетте, әлемдік футбол командаларында шетелдік ойыншылардың болуы — қалыпты дүние. Әлемнің үздік футболшыларын тарту қымбатқа түседі. Десе де, он шақты осалдарын шақырғанша, бір мықтымен жұмыс жасаған әлдеқайда тиімдірек. Ал біздің жігіттер екінші, үшінші құрамда отырып, жалығып, ойнауға мұрша бермеген соң біртіндеп кете бастайды. Оларды ұстап қалу үшін ойнауға мүмкіндік берілуі керек. Кейінгі кезде мықтылықтарын көрсетіп жүрген жігіттер аз емес. Тамерлан Анарбеков, Дастан Сәтпаев, Дамир Қасаболат, Ғалымжан Кенжебек сынды мықты қазақ футболшылары шығып жатыр. Негізі, қазақ балалары футболды жақсы ойнайды. Оларды дұрыс бағалап, жағдай жасау керек. Футбол миллиондардың ойыны саналады, әлемде ең дамыған спорт түрі. Сондықтан өзгелермен иық тірестіруге ұмтылуымыз орынды.

– Бүкіл әңгімеңізден спорт сіздің өміріңіздің ажырамас бөлшегіне айналғанын аңғар-
дық. Оның қандай пайдасын көріп келесіз.

– Әрине, спортсыз өмір жоқ демеймін, бірақ спортпен өмір қызықтырақ, сапалырақ дегім келеді. Еңбек өнімділігіне де оң әсері көп. Спорт — ауырмау амалдарының бірі. Десе де, адам болған соң суық тиіп, сырқаттанасың ғой. Бірақ, мұндай жайсыздық сирек кездеседі. Соңғы бірнеше жыл ауырмаппын, шүкір етемін. Ковид кезінде ауырып тұрдым. Жалпы, спорттың пайдасы өте көп. Сондықтан көпшілікті жүгірмесе де, жаяулатып жүруді әдетке айналдыруға, таңғы жаттығу жасауға шақырар едім.

– Әңгімеңізге рақмет! Сергектік әрдайым серік болсын!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.