Төрткіл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесі – XXXIII жазғы Олимпиада ойындары аяқталғалы айға жуықтады. Спортсүйер қауым көгілдір экран алдына телміріп, күн сайын саңлақтарымыздың өнерін қалт жібермей тамашалап, тақым қысып отырды. Алайда, қанжығамызға жалғыз алтын бұйырды. Бұл көрсеткіш спорт саласындағы бірқатар қордаланған мәселелердің бетін ашып берді. Соның бірі – легионерлер. Бұрнағы күні Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты. Сонымен, спорт саласын дамытудың даңғыл жолы қайсы? Бізге «гастролер спортшылар» керек пе? «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрдік…
Аслан ҚАЖЕНОВ, спорт журналисі (пікір интернеттен алынды):
— Өңірлердегі спорттың жағдайы мүшкіл. Негізі ұлттық құрама-ларға резерв дайындайтын күш – өңірде. Ал біз қазір тек Париж олимпиадасының нәтижесін ғана айтып жүрміз. Ал тереңірек ойласақ, 2028 жылы Лос-Анджелесте де, 2032 жылы Брисбенде де осылай масқара болуымыз мүмкін. Неге? Өйткені, сапалы резерв жоқ. Мәселен, боксты алайық. Қазір жастар құрамасында тек 8 өңірдің өкілдері жүр. Қалған 12 облыстың спортшылары жоқ. Күрес түрлерінде, әсіресе, еркін күрес және әйелдер күресінде 5 аймақтың бірде-бір баласы жоқ. Ең көп медаль сарапқа салынатын жеңіл атлетиканы алайық. Жастар және жасөспірімдер құрамасында 5 облыстың спортшылары мүлде кездеспейді. Дәл солай жүзу спортында құрамамыздан 9 өңірдің өрендерін таппайсыз. Спорттық гимнастикада 10 аймақтың спортшылары жоқ. Осылай-осылай кете береді. Тағы бір өзекті мәселе, біраз аймақта дарынды балаларға арналған спорттық мектеп-интернат-колледждер де жоқ. Ауыл-ауылдан икемі, таланты бар балаларды таңдап, дайындайтын да — солар.
Максим ОЛЕЙНИК, футбол жанкүйері, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Легионер-спортшылардан үзілді-кесілді бас тартуға болмайды. Әлемнің барлық елдерінде легионерлер ойнайды. Оның ішінде әртүрлі спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Мәселен, футболға тоқталайық. Испаниядағы «Реал Мадрид» клубы ойыншыларының 70-80 пайызы Бразилия, Англия, Франция ойыншылары емес пе? Кезінде футзалдан «Қайрат» клубы құрылғанда негізінен бразилиялық ойыншылар тартылды. Оларға қарап біздің спортшылар бой түзеді.
Қазір футзалдан ұлттық құрама сапындағы ойыншылардың дені – қазақтар. Үлкен футболда да, хоккейде де, волейболда да мұндай тәжірибе жемісін береді деп ойлаймын. Сондықтан тәжірибе алмасу үшін өзге елдің спорт саңлақтарымен арқа тіресіп, аламан додада бірге өнер көрсеткенге не жетсін?! Сондай-ақ, бұл салада өз есімін қалыптасытырып үлгерген спорт жұлдыздары көрермен қауым жинауға, жастарға спортқа баулуға өз әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Оңғар ҚАБДЕН, қоғам белсендісі, блогер:
— Елдегі спорт саласындағы проблема аз емес. Оны ел Президенті Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде ашық айтып отыр. Соның бірі – легионер-спортш ылардың жетістігі. «Бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайтынын» түсіндік. Бұл спорт саясатының түбегейлі өзгеруі керек екенін көрсетті. Бұрынғы тәсіл тиімсіз әрі шығыны мол. Мемлекет қаражаты босқа далаға кетті. Шетелден легионер әкелгенше бапкер әкелу керек! Бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық беріп, барынша өзіміздің спортшыларымыздың резервін қалыптастырып алу керек. Екінші мәселе, олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждерге жан-жақты қолдау көрсету. Осы ретте, балаларды жаттықтыратын білікті мамандарды тарту мәелесі де өзекті. Шындығы сол, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Мемлекет басшысы айтқандай, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет. Сонда нәтижеден үміт күтуге болады.
«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.