Көкшетау қаласында ересектер арасында асық ату ұлттық ойынынан республикалық чемпионат өтті. Онда павлодарлық асықшылар тұңғыш рет спорт шебері атағын алды.
Облыстық асық ату федерациясының президенті Қалибек Қуанұлының айтуынша, үш күнге созылған дүбірлі додада асық атудан Павлодар құрама командасы еліміздің 15 өңірінен келген командалар арасынан үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі екінші орынға ие болды.
– Чемпионат ережесі бойынша бірінші және екінші орын иеленген ойыншылар спорт шебері атағын алады. Бұл чемпионат 15-ші мәрте ұйымдастырылуда. Бұған дейін ересектер командасы жүлделі болып көрмеген. Айта кету керек, бұған дейін биыл Еуразия кубогының иегері атанған болатынбыз, – дейді Қалибек Қуанұлы.
Бұл додада өңіріміздің намысын қорғаған Қанат Әшірбек, Қуаныш Қабылда, Керім Жаздықбай, Жандос Төкенов, Қаппас Бижанов, Қалибек Қуанұлы жүлдегер атанып, спорт шебері атағын иеленді. Ал бірінші орынды Астана қаласының спортшылары иеленді.
Айта кету керек, бес асықтан өткен сайыста қыздар командасы 4-орынға табан тіреді.
Өз тілшіміз.