Бір аптадан соң Франция астанасы – Париж қаласында жазғы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын өрендердің қатарында жерлесіміз, жеңіл атлет Ольга Сафронова бар. Ол дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімінде көк Туымызды алып шығады.

 

Таяуда облыс әкімі Асайын Байханов Париж қаласында өтетін 2024 жылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Ольга Сафроновамен кездесті. Павлодарлық жеңіл атлет Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің Туын алып шығу құрметіне ие болды. Көк байрағымызды Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов ұстап шығады.

— Жеңіл атлетика спорты түрінен біздің облысымыздан Ольга Сафронованың өткенін мақтан тұтамыз. Бұл Павлодар спорты үшін жоғары жетістік екені сөзсіз, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова үшін бұл — төртінші Олимпиада ойындары. Париждегі байрақты бәсеке алдында спортшы жеңіл атлетикадан халықаралық Silk Road to Paris жарысында 200 метрге жүгіруде алтын жеңіп алған болатын.

Облыс әкімі спортшыға сәттілік тілеп, ақшалай сертификат табыстады. Өз кезегінде Ольга Сафронова облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, жанкүйерлердің сенімін ақтауға бар күшін салатынын жеткізді.

Айта кетейік, төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындары биыл 26 шілдеде басталып, 11 тамызға дейін жалғасады. Ел құрамасының қоржынында спорттың 25 түрінен 92 лицензия бар.  Парижде барлығы 80 спортшы ел намысын қорғайды. Жалпы, Франция астанасына 206 елден 10 мыңға жуық спортшы жиналады. Олар 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан арнайы сыйақылар қарастырылғанын атап өтті. Биыл жүлде көлемі өзгерген жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, чемпионға 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы табысталмақ. Күміс жүлде иегеріне 150 мың АҚШ доллары, қола еншілеген спортшыға 75 мың АҚШ доллары беріледі.

Төртіншіден алтыншы орынға дейін иеленген спортшыларға тиісінше 30, 10 және 5 мың доллардан төленеді. Сонымен қатар, чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындауға қатысқан бірінші, жеке және бас бапкерлерге ақшалай ынталандыру қарастырылған. Командалық спорт түрлері бойынша чемпиондар мен жүлдегерлерге ақшалай ынталандыру төлемдері әрбір спортшыға алған әрбір орын үшін ақшалай ынталандырудың 100 пайызы мөлшерінде төленеді. Олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік рекорд орнатқан жағдайда спортшы тағы 5000 доллар, ал жаттықтырушы 3000 доллар алады.

— Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар чемпиондар мен жүлдегерлерге коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді тегін пайдалануға береді. Бұл ретте мемлекет чемпиондарға немесе жүлдегерлерге, сондай-ақ оларды дайындаған жаттықтырушыларға, еңбек өтілі кемінде 20 жыл болған олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына өмір бойы ай сайынғы материалдық қолдау көрсетеді, —
деді министр.

Париж төрінде ел мен аймақ намысын қорғайтын Ольга Сафронова жеңіс тұғырынан көрініп, мемлекет тарапынан осындай сый-қолдауға ие болар деген үміттеміз.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев