Тағы бір алаң салынады

Жел 4, 2025

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығындағы шағын аудандар мен қалаға қарасты ауылдық аймақ тұрғындарымен кездесуді бастады. Алдымен Теміржолшылар кентіне барып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті.

Аталмыш кент тұрғындарымен кездесу еркін форматта өтті. Көпшілік көкейде жүрген сауалдарын қойып, өтініштерін айтты. Бұған дейін кент азаматтары футбол алаңын орнатуды сұраған еді. Бұл тілек орындалып, биыл бір шағын футбол алаңы салынды. Енді тұрғындар спорт алаңына сұраныстың жоғары екенін алға тартып, кенттің тағы бір бөлігінен екінші алаң қоюды өтініп отыр.

— Жалпы, биыл облыс басшылығының қолдауымен Павлодар қаласында 10 шағын футбол алаңын орнату жоспарлануда. Қалалық қызметтер қазірдің өзінде тұрғындардың өтінімдерін қабылдап, коммуналдық ұйымдармен бірге аумақтарды зерделеуді жүргізіп жатыр. Теміржолшылар кентінде де тағы бір футбол алаңын салу туралы шешім қабылданды, — деді Х.Хабылбеков.

Шаһар басшысы спорт бөліміне аумақтарды зерттеуді жедел аяқтап, мердігерді анықтап, 2026 жылдың көктемінде футбол алаңдарын орнату жұмыстарын бастауды тапсырды. Ауылдық аймақ, кент тұрғындарымен осындай кездесулер 12 желтоқсанға дейін жалғасады. Соның барысында жұртшылықтың көкейінде жүрген мәселелер талқыланбақ.

Сонымен қатар, Хасар Хабылбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Айталық, таяуда қабылдау барысында қала тұрғындары тұрғын үй қатынастары, коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік мәселелерді көтерді. Әрбір өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар беріліп, проблемалық мәселелердің шешілу барысы жеке бақылауға алынды.

Қала тұрғындары қабылдауға eGov порталы, E-otinish.kz арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына тікелей жүгіну арқылы жазыла алады. Мекенжайы: Генерал Дүйсенов көшесі, 80, 1-қабат, 69-терезе. Байланыс телефондары: 65-04-28, 65-04-32.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.