Елімізде балалардың шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына баруын жан басына қаржыландыру қағидасы қабылданғаны белгілі. Бүгінде облыста жаңашылдыққа қадам басқан спорт клубтары көбеюде. Бұл бағытқа бөлінетін қаражат та артып келеді. Мәселен, осы жылы өңірде бағдарламаның жүзеге асуына 2 млрд 118 миллион теңге бөлінген.
Әзірге он мыңға жуық бала бағдарламаның қызығын көріп отыр. Кезекте тағы соншама бала тұр. Қосымша қаражат қарастырылып, әр тоқсан сайын жаңа орындар ашылып жатқанын атап өткен жөн. Жаңа жүйе бойынша жұмыс істеп жатқан клубтардың бірі – «De Sport». Ондағы дзюдо, футбол, көркем және спорттық гимнастика үйірмелерінде 1000-ға жуық бала шеберліктерін шыңдауда. Аталған клубтың басшысы Михаил Гарафеевтің айтуынша, жан басына қаржыландыру жобасы жалғыз ата-аналарға ғана тиімді емес, спорттық үйірме-
лердің табысын арттыруға да жол ашпақ.
– Жаңа бағдарлама арқылы жұмыс істеудің артықшылықтары аз емес. Табысымыз артқан сайын үйірмелерді жабдықтау мәселесі оң шешіледі деген сенімдемін. Спорттық құралдарды да өз қаражатымызға сатып алып, балаларға ұсынуға мүмкіндік бар. Осы жылдың маусым айынан бастап жаңашылдыққа аяқ бастық. Әр спорт түріне бекітілген баға әртүрлі. Мәселен, дзюдо үйірмесіне келген баланың бір жаттығуы 1257 теңгені құрайды. Айына әр бала 12 рет жаттығу өткізеді. Бір ата-ана табельді толтыруға қатыспаса, құжат қабылданбайды. Оны толтыру электронды форматта жүргізілетіндіктен, кейбір ата-аналар паролін ұмытып жатады. Бізде 1000-ға жуық шәкірт барын ескерсек, табель толтырудың өзі көп уақытты қажет етеді. Жаңа жүйе болғандықтан алдағы уақытта олқылықтар реттеледі деп ойлаймын, – дейді М.Гарафеев. «De Sport» клубының облыс орталығында 2 филиалы бар. Павлодар ауданы Новочерноярка ауылында үшінші филиал тіркелген. Жергілікті әкімдік кері байланысқа шығып, 350 орынға арналған ғимаратты жалдауға ұсыныпты. Ендігі жерде ауыл балалары да тұрақты түрде спортпен айналысуға мүмкіндік алмақ. Айтпақшы, мұнда жаттықтырушылар құрамы толық. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері атағы бар білікті бапкерлер тәлім береді. Бүгінде 15 жаттықтырушы тіркелген. Олар әрдайым білімін жетілдіріп, біліктілікті арттыру курстарына жіберілуде. Дзюдо жаттықтырушысы Денис Амелиннің айтуынша, бұған дейін балалар-жасөспірімдер мектептері дзюдо үйірмесіне баланы 10 жастан бастап алып келген. Жаңа бағдарламаның тиімділігі сол, баланы 4 жастан бастап қабылдап, «іргетасын» мықтап қалауға мүмкіндік зор.
— Батыс елдерінде бұл жүйе әбден қалыптасып үлгерді. Спорттық клубтарға кішкентай кезінен барып жүрген балалар спортты жанына мәңгі серік ететінін дәлелдеген. Мемлекет басшысының көздегені де сол. Бұқаралық спортты дамыту — ұлт саулығының кепілі. Десе де, әлі де бұл бағытта жетілдіретін тұстар көп. Мысалға алсақ, зауыттарда жұмыс істейтін азаматтар бос уақытында арнайы спорт түрімен айналысқысы келеді. Қайда барады? Мемлекеттік порт мекемелері маңына жолатпайды. Спорт клубтарының барлығы дерлік балалар мен жасөспірімдерді қабылдайды. Амалсыздан тренажерлік залдарды ғана жағалайды. Бұқаралық спортты дамытамыз десек, әр жастағы азаматтардың да үйірмелерінің қамтылуын назарға алған жөн, — дейді Д.Амелин.
Оралхан ҚОЖАНОВ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.