Өткен жылы футболдан екінші лиганың көшін бастаған, 60 жылдық тарихы бар, еліміздің бес дүркін чемпионы «Ертіс» футбол командасы биылғы маусымда бірінші лигада бақ сынайды. Жаңа ойыншылармен жасақталған құрамды таяуда бапкерлік қызметке тағайындалған белгілі спортшы, білікті маман Қайрат Нұрдәулетов жаттықтырады. Жергілікті аяқ доп шеберлері бұған дейін ҚР Кубогының іріктеу ойынына қатысып үлгерді. Енді нағыз қызған маусым басталмақ. Осы орайда команда тізгінін қолған алған бапкермен дайындық барысы, алдағы уақытқа белгіленген міндет-меже туралы аз-кем тілдесудің сәті түсті.
— Қайрат Жұмабекұлы, Павлодарға қош келдіңіз! Кезінде «Ертіс» сапында ел чемпионы атанып едіңіз. Енді бапкер ретінде оралған қалай екен?
— Рақмет, қош көрдік! Тарихы тереңде жатқан, елдің бес дүркін чемпионы атанған «Ертіс» футбол клубы жаныма қашан да жақын. Бұл команда, бұл қала маған бөтен емес. «Ертістің» бас бапкері болу – зор жауапкершілік. Соңғы бірнеше жылда көзден таса боп қалған, былтыр қайта оралған команданы алға жетелеуіміз керек. Аймақ басшылығы белгілеген мақсат-міндет бар. Енді кезінде дүркіреген команданы қайта жаңғырту үшін бар күшімізді саламыз.
— «Ертіс» сіздің жетекшілігіңізбен іріктеу матчтарын өткізді. Бастапқы екі кезеңде қарсыластан басым түскенмен үшінші турда ақтаулық клубқа есе жіберді. Қай сәттерде қателік кетті деп ойлайсыз?
— Иә, Қазақстан Кубогы сарапқа салынған турнир аясында үш матч өткіздік. Алғашқы екі ойын ойдағыдай өрілді. Бірінші кездесуде-ақ азулы «Шахтер» командасына қарсы тұрып, пенальти сериясында жеңіске жеттік. Кейін «SD family» командасымен жасыл алаңда бақ сынасып, 2:1 есебімен басым түстік. Ал үшінші кезеңде ақтаулық «Каспий» командасымен өткен ойында қақпамызға жауапсыз үш гол өткізіп алып, жарыс жолын аяқтадық. Бұл ретте команда бапкерлік қателігімнің салдарынан жеңіліс тапты. Біріншіден, үш ойынға да бірдей құраммен шықтық. Сол себепті жігіттер күш жағынан толығымен қалыпқа келмей қалды. Екіншіден, тактика жағынан олқы тұстар кездесті. «Каспий» командасының ойынын тереңінен зерттеп, анықтап алмадық. Сол себепті кемшін тұстар болды. Ал жігіттер жасыл алаңда барын салды.
— Алдағы ойындарға жоба-жоспар қандай? Тактикалық тұрғыдан қандай айла-тәсіл ойластырып жатырсыздар?
— Негізі, бір футбол командасының ойын тізбегін құру үшін екі-үш, тіпті кейде төрт жыл керек. Дей тұрғанмен, біз аз уақыт аралығында жақсы құрам жинап, жасақтай алдық деп ойлаймын. Қазіргі уақытта нақты қандай да бір тактикалық әдістерді айта алмаспын, десе де бір анығы – «Ертіс» шабуылдап, прессинг жасап, бірінші нөмірмен ойнауы керек.
— Команда жасақталып жатқан тұста кей жанкүйерлер жергілікті футболшыларға басымдық берілсе екен деп жатты. Бұл жағы қалай болды?
— Бірінші лига командаларын салыс-тырып қарар болсақ, бізде және «Шахтер» клубында ғана жергілікті балаларға басымдық беріліп отыр. Басқа командаларда жергілікті 2-3 ойыншыдан ғана бар. Павлодарлық жігіттер футболды жақсы ойнайды. Жалпы, бұл өңірден мықты аяқ доп шеберлері шыққан. Бүгінгі жастар олардың жолын жалғайды деп ойлаймын. Тек «кілтін» тауып, қолдау көрсетіп, жігерлендіре білсек болғаны. Олардың мүмкіндіктеріне қарай ойнауына ықпал етсек, ұлттық құраманың қатарына қосылуы да мүмкін. Жалпы, командада 25 футболшы бар. Олардың барлығы – негізгі ойыншылар. Мен оларды негізгі құрам, қосалқы құрам деп бөле алмаймын, бөлмеймін де. Матч барысында жасыл алаңға шықса да, шықпаса да, барлығымыз – үлкен отбасымыз. Яғни, 25 ойыншы бірдей болып, бірігіп еңбек ете білсе, оның соңы жеңіске ұласады деп есептеймін. Жігіттердің «Ертісті» алға шығаруға деген құштарлығы, құлшынысы, жігері, жаттығудағы аяқ алысына қарасақ, алдағы кездесулер ойдағыдай өтуі керек.
— Шынын айту керек, кей кездері футболшылар, тіпті Ұлттық құрама ойыншылары гол өткізіп алса, қобалжып, есеңгіреп қалатындай болып сезіледі. Бұл ретте клубта спортшылармен жұмыс істейтін психолог бар ма? Оларға бұл тұрғыда қандай қолдау көрсетіледі?
— Басты психолог біз – бапкерлер. Расымен де, жасыл алаңда да, жаттығу кезінде де жігіттердің психологиялық жағдайы аса маңызды. Сондықтан әр ойыншыны жақын тартып, іштегі ойын біліп, сыр суыртпақтауға тырысамыз. Отбасындағы жағдай, жақындарымен қарым-қатынасын сұрастырып, қажет болса қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенімізді білдіреміз. Еуропаның барлық дерлік клубында психолог бар, ол ойыншылармен жекелей жұмыс істейді. Әзірше отандық футболда мұндай тәжірибе кең тарала қойған жоқ. Десе де, алдағы уақытта біз де бұл жүйеге келеміз деп ойлаймын.
— Жалпы, бірінші лигадағы командаларға қандай баға берер едіңіз? Чемпиондыққа талас-тартыс қалай өтеді?
— Мен бірінші лигада бірінші рет жұмысқа кірісіп отырмын. Сол себепті де бұған дейін аталған лиганың деңгейін көрген жоқпын. Бірақ Кубоктың іріктеу ойындарынан-ақ маусымның оңай болмайтынын аңғардым. Қарсыластардың бәрі жақсы ойыншылармен қамтылған, бапкерлер де жақсы. Барлығы ойнауды да, қорғануды да біледі. Ал қалғанын ойындардың өзі көрсете жатар.
— Өзіңіз бірінші лигада бапкерлік қызметті атқармағаныңызды айтып қалдыңыз. Жасыратыны жоқ, бастапқыда «Ертіске» бас бапкер болып тағайындалғаныңызда кей спортсүйер қауымның таңырқап қалғаны рас. Ұлттық құрама, жастардың ұлттық құрамасы, Премьер-Лигадағы «Мақтаарал», «Жетісу» сынды командаларда нәтижелі еңбек еткен маман неліктен бірінші лигаға бет бұрды?
— Жоғарыда атап өткенімдей, «Ертіс» — жаныма жақын клуб. 2002-2004 жылдары осы команда сапында ойнап, ел чемпионы атандым. Кейін ұлттық құрамаға да жол ашып берді. Сондықтан ұсыныс түскенде ойланбастан келістім. Былтыр «Ертіс» бірінші лигаға өткен кезде ерекше қуандым. Премьер-Лиганың бірнеше командасынан да бапкерлік қызмет ұсынылды. Алайда мен ортаңқол командамен 7, 8-орынға таласқаннан алдыма қойылған одан да жоғары талапты орындап, мақсатыма жетіп, команданы алға жетелеуді қалаймын. Қазіргі қызметім – өзімді бапкер ретінде көрсететін, жақсы нәтижені қажет ететін жұмыс. Жігіттермен бірге бұл міндетті орындап, жетістікке жетеміз дегенге сенемін.
— Сөз соңында жанкүйерлерге айтарыңыз…
— Кезінде мен осы Орталық стадионда доп тепкен уақытта футбол тамашалауға келген адамдардың қарасы қалың еді. Сол қолдауды сезініп, тұрғындардың нағыз жанкүйерлігін көргенім үшін қуаныштымын. Биыл да павлодарлықтар ойыншыларға ерекше ерік-жігер береді деп үміттенемін. Жігіттер соны күтеді, қолдаудың болғанын қалайды. Жалпы, Павлодар – футболды сүйетін қала, сондықтан стадионға көп адам жиналады деген ойдамын. Ол үшін бізге жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жету керек. Осы мақсатта аянып қалмаймыз.
— Әңгімеңізге рақмет! Шәкірттеріңіз өзіңіз сияқты чемпион болсын деп тілейміз.
— Әумин, рақмет!
Әңгімелескен – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.