Италияның Ассизи қаласында 13-14 жас аралығындағы қыздар арасында бокстан турнир өтті. Жарысқа павлодарлық арулар да қатысып, жүлделі оралды.
Облыстың бокстан қыздар құрама-сының және ҚР құрамасы бойынша аға жаттықтырушысы Марат Қырықбаевтың айтуынша, халықаралық турнирде Италия, Испания, Польша, Словения және Қазақстан елдерінің спортшылары 10 салмақ дәрежесінде бақ сынаған.
– Аталған жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болып, 6 алтын және 3 күміс жүлде алды. Турнир Ассизи қаласының олимпиадашылары жаттығатын олимпиадалық базада жоғары деңгейде өтті, – дейді Марат Қырықбаев.
Павлодарлық София Ващенко 60 келі салмақта Италия және Словения спортшыларын жеңіп, 1-орынға ие болды. Ал Виктория Бишлер 44 келі салмақта екінші орынды иеленді.
Оралхан ҚОЖАНОВ.