Төрткіл әлем төрт жыл бойы тағатсыздана күткен Олимпиада ойындары аяқталуға таяп қалды. Франция астанасы – Париж қаласында жалауын желбіреткен байрақты бәсекеде бақ сынаған кей спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтерілсе, енді бірі жеңілістің ащы дәмін татты. Осы орайда дүбірлі доданың айтулы оқиғаларына тоқталуды жөн көрдік.

 

 

Алғашқы медаль!

Өткен аптаның басты жаңалығы – спорттық гимнастикадан сынға түскен Нариман Курбановтың ел қоржынына күміс медальді салуы. Бұл – спорттың осы түрінен тәуелсіз Қазақстанға бұйырған Олимпиаданың алғашқы медалі. Бұған дейінгі төртжылдық бәсекелерінің ешқайсысында біздің спортшылар жеңіс тұғырына көтерілмеген еді.

Нариман Курбанов ат үстіндегі жаттығуды бірінші болып орындап, 15.433 ұпай алды. Ол базалық қиындығы 6.7-ге тең жаттығуды сәтті орындап шықты. Бұл сында алтын медальді ирландиялық Риз Макленаген иеленді. Оның ұпай көрсеткіші — 15.533. Ал қола медаль 15.300 ұпай жинаған америкалық Штефан Недорочекке бұйырды.

— Снарядқа келдім де, комбинация басталар алдында басқа ештеңе ойламай, тек жаттығуды соңына дейін орындадым. Іс-қимылдың бәрін қалай сәтті орындап шыққанымды өзім де түсінбей тұрмын. Ұзақ жылдар бойы жасап жүрген комбинацияны автоматты түрде орындап шықтым. Қазіргі олимпиадалық циклді есепке алар болсақ, мен бағдарлама соңында жиі құлайтынмын. Бұл —
менің техникалық немесе такти-калық тұрғыдағы кемшілігім емес. Психологиялық тұрғыдан беріліп қоятынмын. Бүгін бар тәжірибемді жинап, ең маңызды турнирде білгенімді түгел орындадым. Соның нәтижесінде осындай жетістікке қол жеткізіп отырмын, — деп әсерімен бөліскен еді Нариман
Курбанов.

Бүгінде Олимпиада жүлдегері елге оралып үлгерді. Жанкүйерлер күміс медаль иегерін Алматы әуежайында сән-салтанатпен қарсы алды. Өз кезегінде спорттық гимнастика шебері енді келесі Олимпиадада алтын алу үшін барын салатынын айтты.

 

Назым – қола жүлде иегері

Соңғы бірнеше күнде спортсүйер қауымның назары шаршы алаңдағы қыздар боксына ауды. Көпшілік 50 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістіретін отандасымыз Назым Қызайбайдың тілеуін тіледі. Бұрнағы күні бұрымды боксшымыз жартылай финалда қытайлық Ву Юмен кездесіп, есе жіберді. Төрешілер қарсыластың қолын көтеріп, қытайлық спортшыны ақтық сынға өткізді. Ал біздің Назым Қызайбай финалға берілетін жолдамадан қағылып, қола жүлдені місе тұтты. Боксшының бұл жүлдесі — ел қоржынына түскен үшінші қола медаль.

Еске сала кетейік, екі дүркін Әлем чемпионы Назым Қызайбай Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып отыр. Олимпиададағы бірінші жекпе-жегінде Италия боксшысы Джордана Соррентиноны жарыс жолынан тайдырса, екінші кездесуде бразилиялық Каролин Барбозадан басым түскен еді. Ширек финалда Колумбия боксшысы Валенсия Виктория Ингрит Лоренаны жеңіп, жартылай финалға өткен еді.

 

Сафронова сыннан сүрінді

Павлодар облысынан Олимпиадаға үкілеп қосқан жалғыз үмітіміз, төртжылдықтың басты бәсекесінде көк Туымызды алып шыққан жеңіл атлет Ольга Сафронованың биылғы Олимпиадада жолы болмады. 200 метр қашықтыққа жүгіруден сынға түскен ол іріктеу кезеңінің алғашқы айналымына қатысқан жеті спортшының ішінен соңғы боп келді. Финалға жолдама алу үшін оған жұбаныш раундта үздік екі көрсеткіштің бірін көрсету керек еді. Алайда павлодарлық спортшы мәре сызығын алтыншы болып кесіп, жарыс жолын аяқтады.

— Мен бірінші кезекте өзімді және өзімнің бұған дейінгі көрсеткіштерімді ақтаған жоқпын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Осы Олимпиадаға қатысу үшін дистанцияның әр метріне өзімді арнаған едім. Бірақ тәжірибе, күш пен жылдамдықтың өзі аздық етті. Бір апта бойы ұлттық құраманың спортшылары медаль иеленіп жатқанын да, жеңілгенін де көрдім. Өкінішке қарай, жүлде иеленген қуанышты сәтке бөлене алмадым. Менің ішімдегі «жараны» тек жеңілістің ащы дәмін татқандар түсінеді, — деп жазды павлодарлық спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін Ольга Сафронова 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасында 100 метр қашықтыққа жүгіруден сынға түсіп, сол кезде мәреге 24-інші болып жеткен еді.

 

Рекордты жаңартты!

Бұл Олимпиадада бұған дейін көпшілікке бейтаныс болып келген спортшы Әмір Маймұратовтың есімі жарқ ете қалды. Ол құзға өрмелеу спортынан Олимпиада рекордын жаңартуымен есте қалды. Отандасымыз ерлер арасында жылдамдыққа құзға өрмелеуден аралық кезеңде А жолағында 4,89 секунд нәтижесін көрсетті. Сол арқылы жаңа рекорд орнатты. Бұған дейінгі Олимпиада рекорды франциялық Мавем Бассаға тиесілі болатын. Ол 2021 жылы Токиода (Жапония) өткен Олимпиада ойындарында жылдамдыққа құзға өрмелеуден 5,45 секундты тіркеген болатын. Әмір Маймұратов рекордты жаңартып қана қоймай, келесі кезеңге жолдама алды.

Сонымен қатар, барша қазақ жұртын күрес пен бокстан келген қос медаль қуантты. Грек-рим күресінен 77 келі салмақта белдес-  кен Демеу Жадыраев қарсылас шақ келтірмей, финалға дейін жетті. Жартылай финалда Әзербайжан өкілі Санан Сулеймановтан басым түскен ол ақтық сында жапондық балуан Нао Кусакомен шеберлік байқасты.

Ал боксшы Нұрбек Оралбай жартылай финалда доминикалық Кристиан Пиналесті 3:2 есебімен жеңіп, финалдық кездесуде украиналық Олександр Хижнякпен қолғап түйістірді.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 11 тамызға дейін жалғасады. Бұл аралықта ел қоржыны тағы бірнеше жүлдемен толығарына үміт бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.