Елімізде отандық футболдың жаңа кезеңі басталды. Тарихта алғаш рет Freedom QJ League жасөспірімдер футбол лигасының әйелдер маусымы ұйымдастырылып отыр. Ірі турнирдің шымылдығын түрген жергілікті «Ертіс» командасының қыздары Қарағандыдан келген қонақтар – «Шахтер» ойыншыларын ірі есеппен жеңді.
Осыдан екі жыл бұрын елімізде ірі ұлттық жоба — Freedom QJ League лигасы қатарға қосылды. Футболды дамыту мақсатында қолға алынған жоба аясында биыл жастар арасындағы үш санат бойынша үздік 20 команда қамтылып отыр. Олардың қатарында U-14, U-16 және U-18 санаттары бар. Сонымен қатар, биыл алғаш рет турнирде әйелдер лигасы қамтылды.
Бұл лиганың алғашқы ойыны Павлодар қаласындағы Орталық стадионда өтті. Бұрын-соңды болмаған үлкен футбол кешіне жиналған адам қарасы қалың болды. Атап айтқанда, әйелдер футболын тамашалау бойынша жаңа рекорд қойылды! Жасыл алаңдағы аяқдопшыларға 4186 адам жанкүйерлік етті. Бұған дейін қыздардың ойынын көруге осынша адам жиналған емес.
Қызықты матчты тамашалауға облыс әкімі Асайын Байханов та келді. Аймақ басшысы іс-шараға қатысушылар, жанкүйерлер мен қонақтар алдында сөз алды.
— QJ League әйелдер маусымының алғашқы ойыны біздің аймақта өтіп жатқанына қуаныштымын. Бұл — Павлодар облысы үшін үлкен жетістік және абырой. Аймағымыздың футбол тарихы өте бай. Өткен жылы біз «Ертіс» футбол клубын барлық атақ-даңқын сақтай отырып қайта жандандырдық. Бүгінде клуб Бірінші лигада сенімді өнер көрсетуде. Басты мақсат — Премьер-лигаға шығу. Әйелдер командасының QJ лигасына қатысуы да — даму мен жаңа жеңістерге жету жолындағы маңызды қадам, — деп атап өтті А.Байханов.
Аймақ басшысы турнирдің бас серіктесі – «Freedom Holding Corp» компаниясына және оның бас директоры Тимур Турловқа, бастамаға қолдау білдіріп, еліміздегі жастар футболын дамытып жатқан Қазақстан футбол федерациясына алғысын білдірді. Тарихи турнирдің алғашқы ойыны тартысты өтті. Кездесудің 15-ші минутында команда капитаны Елизавета Медведева айып соққысын ойдағыдай орындап, есеп ашты. Кейін Аружан Оспанова қарсылас қақпасына жауапсыз екі гол соғып, басымдықты еселей түсті. Айсана Ахмедиян да дубль авторы атанды. Ол қарсыластың қорғанысын қапыда қалдырып, әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Ал қарағандылық қыздар бес голға тек бір доппен «жауап қайтарды». Қорытындысы есеп – 5:1.
Бұл ретте стадионға жиналған жанкүйерлердің жергілікті қыздарды ерекше жігерлендіре білгенін атап өту керек, Зор қолдаудың нәтижесінде «Ертіс» командасы алға ұмтылып, маңызды жеңіске қол жеткізді. Ойынды тамашалауға жиналған қауым үшін аттракциондар, чилл аймағы, фудкорт ұйымдастырылып, DJ жиынтығы және бағалы сыйлықтар ұтысы ойнатылды. Ал отандық эстрада әншісі Мирас Жүгінісов хит әндерімен тартысты кездесудің әдемі нүктесін қойды.
Айта кетейік, Freedom QJ League екі айналымдық чемпионат форматында, яғни өз алаңында және сырт алаңда ойын өткізумен өтеді. Бұл формат бәсекелестіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, жас спортшылардың кәсіби дамуына ықпал етеді. Жобаны «Freedom Holding Corp» толығымен қаржыландырады. Атап айтқанда, барлық негізгі шығындарды, соның ішінде логистика, командалардың тамақтануы мен жатын орны, төрешілер қызметі, маркетинг – барлық шығынды көтереді. Мұндай жүйе қатысушылардың тек ойынға көңіл бөліп, әлеуеттерін арттыруға мүмкіндік береді.
Турнир жеңімпаздары УЕФА жасөспірімдер лигасында Қазақстанның абыройын қорғау мүмкін-дігіне ие болады. Сол арқылы QJ лигасы тек ішкі чемпионатпен шектелмей, халықаралық спортқа тікелей жол ашады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.