Тәуелсіздік күні қарсаңында Баянауыл ауданында бүркітшілер арасында аты аңызға айналған белгілі құсбегі, КСРО аңшылық өнерінің үздігі, баянауылдық Мәуия Әбікеевті еске алуға арналған ашық турнир өтті. Оған аймағымыздың бірқатар өңірінен және Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана, Қарағанды, Ақтөбе қалаларынан 40-қа жуық құсбегі қатысып, қырандарын сынға салды.
Турнирге қатысушыларды алдымен облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко айтулы шарамен құттықтап, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол жергілікті мәслихат депутаттары ұлттық өнерді қолдауға әрдайым әзір екенін атап өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген бүркіт-шілердің басын қосқан игі шара «Шырғаны қолға шақыру», «Шырғаны салу», «Шырғаны уақытқа салу» атты үш бағыт бойынша ұйымдастырылды. Құсбегілер сайыс шарты бойынша баптаған қыран-дарының алғырлығын сынға салды. Бірнеше күнге созылған турнир қызықты әрі мазмұнды өтті. Нәтижесінде, жүлделі
І орынды Астана қаласынан арнайы келіп қатысқан Ерасыл Серікбек, ІІ орынды тағы да астаналық саятшы Күнтуған Серікбек және ІІІ орынды павлодарлық Алан Ысқақов қанжығасына байлады. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетерлігі, аталмыш турнирдің төрешілер тобын Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Құрметті спорт қайраткері, республикалық «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы басқарды. Ол Баянауылға келген сапарының алдында «Ертіс Медиа» холдингіне бас сұғып, құсбегілік өнердің қыры мен сыры, белгілі бүркішті жерлесіміз Мәуия Әбікеев жайлы ой-пікірімен бөлісті.
— Киелі Баянауыл баура-йында Мәуия Әбікеевтің немересі Дәметкен сіңлімнің осындай керемет іс-шараны ұйымдастырып жатқанын естіп, қатты қуандым. Биыл бұл турнирге облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, облыстық ұлттық ат спорты клубы қолдау көрсетіп жатқанына ризамын. Бұл – ұлттық өнерге деген үлкен қолдау деп білемін. Өзім де құсбегілік өнерді насихаттауға арналған шараның шашбауын көтеріп алыстан келдім.
Жалпы, саятшылық, құсбегілік – халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық өнерінің бір түрі. Әрине, кейінгі кезде осы іспен айналысатын, қызығушылық танытатын жастар азайып барады. Десе де, «Қыран» федерациясының директоры – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен бабадан қалған асыл мұраны ары қарай жалғастыру үшін үлкен жұмыстар қолға алынып, барынша күш салудамыз. Алға қойған мақсатымыздың бірі – «Ескірмейтін есімдер» деген жобаны жүзеге асырып, Мәуия атамыз сияқты адамдардың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау болып табылады. Мәселен, осы турнир арналып отырған баянауылдық Мәуия Әбікеевке 1957 жылы, яғни Кеңес дәуірі кезінде тұңғыш рет «Аңшылық кәсіптің үздігі» деген атақ берілген. Сонымен қатар, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың немере інісі Шәймерден есімді азамат 1967 жылы «Саятшы Мәуия» деген поэма жазыпты. Міне, осындай дүниелерді көпшілік білмейді. Сондықтан біз бүгінгідей іс-шаралар арқылы жас ұрпаққа халқымыздың дара тұлғаларының еңбегін дәріптеп, есімдерін жаңғыртып отыруымыз қажет, — дейді Бағдат Мүптекеқызы.
Босаға Мәуияұлы (Мәуия Әбікеевтің баласы):
— Әкем – Мәуия туралы көп әңгіме айтуға болады. Ол сонау ашаршылық жылдарында Баянауыл және облыс халқын аң аулап, асырап тұрған екен. Тіпті, қиын-қыстау кезеңде тұрғындарды азықпен қамту үшін Тарбағатай өңіріне дейін барып, аң аулаған деседі. Оның аңшылық, құсбегілік қасиеті әулеттегі өзге жақындарына, ұрпағына дарыды. Мен де кезінде құсбегілікпен айналысқан едім. Кейін денсаулық жағдайыма байланысты бұл істі ысырып қойдым. Туыстарымның ішінде саятшылықты серік еткендер көп. Ең бастысы, бүгінде әкемнің еңбегі еленіп, оның құрметіне арналып осындай іс-шаралар өтіп жатқанына қуаныштымын.
Нұржайна ШОДЫР.