Баянауыл ауданы Мырзашоқы жотасында қыстың ең ғажайып науқаны – аңшылардың қансонары басталып кетті. Оның аясында құсбегіліктен КСРО аңшылық өнерінің үздігі, жерлесіміз Мәуия Әбікеевті еске алуға арналған республикалық құсбегілер сайысы өтіп жатыр.
Биыл аты КСРО-ға мәлім болған баянауылдық бүркітші Мәуия Әбікеевтің туғанына – 125 жыл. Әйгілі аңшыны еске алуға арналған сайыс дүйсенбі күні басталып, төрт күнге жалғасады. Аңшылар дүбірінің ашылу салтанатына аудандық мәслихат төрағасы РусланМұқашев қатысып, барша қатысушыларды, қонақтарды құттықтады. Мәслихат төрағасы өз сөзінде ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен жас ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, Баянауыл ауданы құсбегілік өнерді дамытуға айрықша назар аударғанын атап өтті. Сонымен қатар, құсбегілік дәстүрді одан ары жаңғыртып, баба жолын жалғап жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Қазақтың бабадан қалған бекзат өнер додасына еліміздің әр түкпірінен аңшылықты серік еткен серілер арнайы келіп, өздері баптап отырған қыран құстарының қырағылығын, алғырлығын, шапшаңдығын сынға салды. Сайысқа еліміздің 10 облысынан 50-ден астам бүркітші тіркелген.
Бүркітшілер додасының бірінші және екінші күндерінде бүркіт, қаршыға және ителгі құстарын ұшырып, көрерменге қысқы қансонардың қызықтарын көрсетті. Төрешілер құсбегілердің құсты қолға қондыру, шырғаға салу шеберліктерін бағалауда. Сонымен қатар, қатысушылардың киім үлгісі мен құсбегілік құрал-жабдықтарына да назар аударып, тиісті бағаларын беріп жатыр. Жарыс әлі де жалғасуда.
Соңғы қорытынды нәтиже бүгін жария-лануы тиіс.
Тілеуберді САХАБА.
