Облысымызда алғаш рет ережесіз жекпе-жектен жарыс ұйымдастырылады. Онда елімізге белгілі былғары қолғап шеберлері өзара жұдырықтаспақ. Осыған орай жуырда «Бірлік» жекпе-жек сарайында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Кездесуге «Fight Nights Global» лигасының президенті Камил Гаджиев пен жергілікті спортшылар қатысты.
Алдымен Павлодар қаласының әкімі Хасар Айтпекұлы Камил Гаджиевке осындай ауқымды шараны біздің аймақта ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
— Біз Fight Nights Global ұйымына біздің қаланы таңдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Мұндай шаралар спорттың танымалдылығын арттыра түседі. Павлодар — дәстүрлі түрде бокс таланттарының өсірілетін ордасы. Бүгінде аймағымызда 150 мыңнан аса адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Оларға облыс басшылығынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді, — деді Х.Хабылбеков.
Ал «Fight Nights Global» лигасының президенті Камил Гаджиев алдымен павлодарлықтарды Роман Ивановтың Харбинде өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарындағы жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта өтетін бокс кешінің өту барысымен таныстырды.
— Павлодар қаласын бекер таңдамадық. Себебі, бұл аймақта спортқа, әсіресе бокспен кәсіби түрде шұғылданатын азаматтар көп. Олардың арасынан көпке белгілі Фаниль Рафиковты да атап өтуге болады. Оған қоса осы шаһардың белсенді азаматтары да мұндай кешті осы өңірде өткізуді ұсынды. Рингтегі жекпе-жек 27 ақпан «Астана» мұз сара-
йында өтеді. Одан бір күн бұрын медиа тұлғалардың қатысуымен хоккей шоу-матчын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Спорттық құрамдас бөліктен басқа, шоу-бағдарламада көпке танымал павлодарлық рэперлер Niman мен Truwer өнер көрсетеді, — деді К.Гаджиев.
Айта кетейік, бокс кеші он жекпе-жектен тұрады. Онда Фаниль Рафиков, Жалғас Жұмағұлов секілді танымал боксшылар жұдырықтаспақ. Сондай-ақ, рингке жастар арасындағы әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері Ерболат Сабыр шығады. Бұл оның кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі болмақ.
Айдана БОРАНБАЕВА.