Еліміз үшін жылдың ең маңызды әрі ауқымды әлемдік спорттық шарасы – Астана қаласында өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Көшпелілер мәдениетінің бірегей мерекесі саналған әлемдік оқиға дәстүр мен заманауи жетістіктерді насихаттау мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар мен көрермендерді біріктіреді.

8-13 қыркүйек аралығында өтетін әлемдік спорт шарасына 100-ден астам елден екі мыңнан астам қатысушы келеді деп күтілуде. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазіргі таңда Ойындарға дайындық қызу жүріп жатыр. Билеттерді ресми билет операторы — zakazbiletov.kz сайтынан алуға болады. Бүгінде қазақ күресі, алыш (қырғыз күресі), көрәш (татар күресі), дәстүрлі садақ ату, асық ату, ордо, таяқ тарту, күрәш (өзбек күресі), арқан тартыс, ашыртмалы аба гүреші (түрік күресі) жарыстарына билеттер сатылымға шығарылды. Ашылу рәсімі мен көкпар, көк бөрі, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, алыптар сайысы сынды жарыстарға билеттер тамыз айының басында сатылымға шығады. Әсіресе дәстүрлі садақ ату мен асық ату жарыстарына сұраныс көп.

Ойынның маңызды бөлігінің бірі — «Бірлік керуені» мәдени бағдарламасы. Бұл бірегей жоба көшпелі халықтардың мәдени байлығы мен алуан түрлілігін көрсетуге бағытталған.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстанның ұлттық құрамасы соңғы дайындық-жаттығу жиындарын өткізуде.

Еске сала кетейік, дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда өтті. Чолпон-ата қаласы халықаралық жарыстарды үш рет қабылдады. Атап айтқанда, 2014 жылы 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы, 2016 жылы  62 елден 26 спорт түрінен
1 200 спортшы, 2018 жылы 82 елден 37 спорт түрінен 2 000 спортшы қатысты. Ал төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен болатын. Бұл жарыста  102 елден келген 3 мың қатысушы спорттың 13 түрінен бақ сынаған еді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.