Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының босқындар, байлар-кулактар, ұжымдастыру науқандары, депортацияланған және арнайы қоныс аударушылар, халық көтерілістері мен наразылықтары, әскери тұтқындар, ГУЛАГ лагерьлері, діни қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресушілер бағыттары бойынша ғылыми зерттеулері осы жылдың соңына дейін жалғасады.

Павлодар облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясы құрамында осы бағытта 3 жұмыс тобы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда жұмыс топтарының 10 мүшесінде архив қорының құпия құжаттарымен жұмыс істеу үшін рұқсатнамалары бар. Комиссия құрамында араб графикасы бойынша маман жұмыс істейді.

Комиссия өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарын құқықтық және саяси ақтау үшін архив материалдарын, тарихи дереккөздер мен құжаттарды зерттеу бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде. 2022-2023 жылдар аралығында жұмыс топтарының мүшелері жүргізген зерттеулер нәтижесінде Павлодар облысының мұрағаттарында 440 қор, 2653 іс, 3730 ақталмаған азамат анықталды. Жұмыс топ-тарының зерттеушілері саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға ұсынылғандар бойынша деректер базасын толтыру жұмыстарын жүргізуде.

2022 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясы жұмыс топтарының зерттеген бағыттары бойынша 2 томдық еңбек–материалдар мен архив деректері және монография жарық көрді. Онда кулактар, байлар, жартылай феодалдар және шаруалардың, 1916-1930 жж. мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды, сондай-ақ большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу және басқа да саяси науқандарының құрбандарын зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы дайындаған «Кеңес өкіметінің Павлодар Ертіс өңірінің шаруаларына қатысты зорлық-зомбылық саяси науқандары. 1920-1930 жылдар» атты материалдар мен мұрағаттық құжаттар жинағы басылды. Сондай-ақ, Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдардың, осы идеялар үшін адамдардың саяси баяндамаларына қатысушылардың, қоғамдық және саяси ұйымдардың, қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың толық құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстары жинақталған «Тәуелсіздікке ұмтылған жас ұландар» монографиясы жарыққа шықты.

Өткен жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Ерлан Қариннің жалпы редакциясымен шыққан 31 томдық жинақтардың ішіне 17 том болып Павлодар облысы өңірлік комиссиясы жұмыс топтарының мүшелері дайындаған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары
(ХХ ғасырдың 20-50 жылдары). Политические репрессии в Павлодарском регионе: трагедия народа» атты жинақ шығарылды. Сонымен қатар, өңірлік комиссияның әскери тұтқындар мен Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендер жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыс тобы «Алаш» қозғалысы жөнінде архив құжаттарын жинау жұмысы барысында табылған барлық материалдар сканерленген және басылған түрде Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесіне жіберілді.

Екі жыл ішінде облыс бойынша 51 жаппай жерлеу орны анықталды. Облыс білім беру басқармасының Ақпараттық технологиялар колледжінің техникалық қолдауымен жерлеу орындарының интерактивті картасын құрастырылды. Өткен жылы Павлодар педагогикалық университетімен картаның мазмұнын толықтыру бойынша жұмыс жүргізілді.

Қазіргі уақытта жаппай жерлеу орындарын, архив құжаттарын ғылыми зерттеу, өз көзімен көргендердің жауабы, аудио,-бейне материалдары негізінде сайтты жаңа ақпаратпен толықтыру және геопорталды жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылуда. Жұмыс топтарының облыс қалалары мен аудандарына барып, мемлекеттік архив филиалдарында жүргізген зерттеу жұмыстары жемісін беруде. Өткен жылы Шарбақты ауданы мұражайының қорынан ХХ ғасырдың басындағы қоғам және саяси қайраткер Темірғали Нұрекенов туралы деректер табылды. Биыл әскери тұтқындар мен Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендер жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыс тобының мүшелері облыстық мемлекеттік архивтен И.Байзақовтың 1920 жылы Жұмат Шанинге жазған хатын тапты. Сонымен қатар, халық көтерілістері мен наразылық-тары, байлар, кулактар, байлар-жартылай феодалдар (орта шаруалар) мен шаруалар, мәжбүрлі босқындар, күштеп ұжымдастыру, дайындау және басқа да саяси кампаниялардың құрбандары жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыс тобы мүшелерінің Семей қаласының архивіне ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының ұйымдастырушысы мен әрі жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың қолы қойылған құжат табылды. Құжатта «Алаш-Орда» төрағасы Әлихан Бөкейханов 1918 жылы 20 маусымда жазған хатында Семей әскери штабына кері шақырылған Ахмет Байтұрсыновтың орнына Алаш-Орда Бүкіл қырғыз Халық Кеңесі Ұлттық полиция басқармасының өкілі Әбікей Сәтбаевтың тағайындалғаны туралы хабарлайды.

Халық көтерілістері мен нара-зылықтары, байлар, кулактар, байлар-жартылай феодалдар мен шаруалар, мәжбүрлі босқындар, күштеп ұжымдастыру және басқа да саяси кампаниялардың құрбандары жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыс тобы дайындаған «Кеңес өкіметінің Павлодар Ертіс өңірінің шаруаларына қатысты зорлық-зомбылық саяси науқандары. 1920-1930 жылдар» атты материалдар мен мұрағаттық құжаттар жинағы енгізілді. «Халық жады»/«Память народа» жинағын дайындау шең-берінде өңірлік комиссияның жұмыс топтарымен жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді толық ақтауға байланысты жұмыстар жалғасуда.

Қ.ДОЩАНОВА, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясының хатшысы.