Өшпес өнерімен, ел аузында аңыз болған суырып салма ақын, жазба әдебиетінің өкілі, композитор, әнші-актер, ағартушы Иса Байзақов – қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қосқан ірі тұлға. Иса Байзақов 1900 жылы 3 қыркүйекте Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген.

Нөсерде туған нәресте

Әкесі Байзақ өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ән айтуды жақсы көретін адам болса, шешесі Ғазиза да өнерге жақын, әнді тамаша орындайтын сауықшыл адам болыпты.

Иса ақынның өмірге келуі де ерекше. 1900 жылдың күзінде Байзақ әулеті қыстаққа көшпекші болып дайындалып жатады. Исаның әйелі Қазизаның аяғы ауыр екен. Кенет ауа райы бұзылып, жаңбыр себелей жөнеледі. Осы сәтте кенеттен Қазизаның толғағы басталады. Көп ұзамай кішкентай сәби өмірге келеді. Жас нәрестенің шыр еткен дауысын естіген Байзақ есі шығып, қуанғанынан сыртқа ата жөнеледі. Далада жауын нөсерлетіп құйып, дауылды жел өршіп тұр екен. Қуанышын баса алмаған Байзақ өмірге нөсерлетіп келген бұл бала тегін болмас деп ойлайды.

Айы-күні толмаған жеті айлық баланы әке-шешесі ырым етіп, тоғыз ай толғанша түлкі тымаққа орап, үй төбесіне шеге қадап, соған іліп қояды. Осылайша дауылдатып, нөсерлетіп өмірге келген Иса қазақ халқының дауылпаз ақыны болатынын сол кезде аңғартқан болар.

Иса кішкентай кезінен ұғымтал, зерек, пысық болып өседі. Әнге құмар, өнерге құштар болады. Айналасындағы тамаша табиғатты аялап, кең жазиралы даланың көркемдігіне сүйсініп, ішінен өлеңдетіп, күбірлеп жүреді екен. Оның бойындағы бұл қасиетті ата-анасы мен әжесі де сезіп жүреді. Болашақ ақынның жыр мен әнге жастайынан құмарлығы ата-анасына тартқанынан болар, бос уақытында, тіпті іші пысқан кезде көрші ауылдағы жиын-тойларға кетіп қалып, ән айтып, өнерін көрсетіп жүреді.

Бірақ бұл қуанышты күндер ұзаққа созылмайды Иса 9 жасқа толғанда анасы Ғазиза қайтыс болады. Анасы қайтыс болғаннан кейін бала Исаның қиын күндері басталады. Ағасы Мұса мен Қатира жеңгесінің қарамағында болып, ал тәрбиені әңгімешіл, ақынжанды әжесі Жанбаладан алады. Исаның өзінен үлкен Зылиха деген апасы да өлең-жырға әуес екен. Бірде тоғыз жастағы бала Исаны Зылиха бір шумақ өлеңмен былай деп қағытады:

Басыңда жалма-жұлма ескі бөрік,

Ағаш ат астыңдағы  жансыз көлік.

Өн-бойың құс түткендей  түрің мынау,

Қақсаған тумай жатып, шешең өліп, – депті.

Сонда Иса бірден:

Кекілін кербесті аттың түймедің бе?

Тал-шыбық бұрайын деп имедің бе?

Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,

Бөркіңді тігіп берген кимедің бе?
деп жауап беріпті.

Жастайынан өнерге бейім отбасында өскен Иса ақындық, әншілік, домбыраның құлағында ойнайтын өнерімен ауыл-аймаққа әйгілі болып, көзге түсе бастайды. Содан Иса 10 жасынан бастап ақындық талантымен елге танымал болады. Дегенмен, оның балалық шағы қиындықпен өтеді. Байларға жалданып, отбасына көмектеседі. Әр жерге мал айдаған саудагерлерге жалданып Қызылжар, Омбы қалаларына мал апарады. Шетке шығып жүргенінде бала Иса орыс тілін де үйреніп алады.

«Әйтпегенде Сараны жеңер едім…»

Патша үкіметінің 1916 жылғы маусым айындағы жарлығы бойынша 19-31 жастың арасындағы есеп жүргізгенде, 16 жастағы бала Исаны 21 жаста деп көрсетіп, оны да үлкендермен қара жұмысқа айдап жібереді. Ол Томск қаласының жанындағы Анжерка шахтасына жұмысқа алынады. Сол кездегі жұмысшылардың қиын тұрмысын бала ақын өз көзімен көріп, оның өмірге деген көзқарасы да осы жылдары өзгере бастайды.

Қара мен ақты, өтірік пен шындықты, әділетсіздік пен жауыз-дықтың бәрін осы жылдары ол басынан өткереді. Иса ақын ауыр жұмыста жүргенінде өз жанынан өлең шығарып, әділетсіздікті сынайды. Қара жұмыста жүріп шыңдалады, әрі бай мен кедейдің алшақтығын осы кезеңде түсінеді. Кеңес үкіметі орнаған жылдары Иса ақын мектепте оқып білім алады, осында тәлім-тәрбие көреді.
О баста зерек тума талант көрген білгенін қағазға түсіре бастайды. Жаңа өмірге араласып, домбырасы мен қаламын қатар ұстап, халықтың мұңын жоқтайтын өлеңдерді өмірге әкеледі.

1919 жылы Павлодар қаласында үлкен той өтеді. Сонда Иса қалың қауым алдында қойылған бірнеше тақырып бойынша суырып салып, керемет көркем тілмен жыр толғайды. Өзінің білімі мен жан-жақтылығын танытады.  Осыдан кейін Исаның аты ауыл-ауылды аралап, бүкіл аймаққа тарай бастайды.

1919-1920 жылдары бірнеше ақынмен айтысып, оларды жеңеді. Солардың ішінде Сағит ақын да бар. Айтыс кезінде жұрт атақты Құдайберген ақынмен айтысуды сұрайды. Бірақ ұста-зымдай жасы үлкен ақынмен айтысу жөн болмас деп одан бас тартады.

1921 жылы Иса ақын Семейде жұмысшы факультетінде оқиды, драма үйірмелеріне белсене қатысып, өнердің сан қырын көрсетеді. Осында Мұхтар Әуезовпен және орыс жазушысы Николай Ановпен танысады.

1922 жылы Орынбордағы Қазақ ағарту институтына оқуға түседі. Өлеңдері баспасөзде тұңғыш рет 1924 жылдан бастап жариялана бастайды. Семей қаласындағы драма үйірмесіне қатысып, бірнеше өнер адамдарымен кездеседі. Жұмат Шанин, Қапан Бадыров, Әміре Қашаубаев, Майра Шамсутдиновамен де осы жерде алғаш танысады.

1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш ұлт театры ашылғанда Иса Байзақовты да осында шақырады. Ол Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше–тоқал» қойылымдарында» басты рөлдерде ойнаған. Одан басқа да бірнеше спектакльдерге қатысқан. Ал «Біржан-Сара» спектаклінде Иса Байзақов Біржанның ролін сомдайды.

Ол жайында «Қазақ радиосына» берген сұхбатында Қазақстанның Халық әртісі Қапан Бадыров маған былай деген еді:

– Иса қазақ театрында «Біржан-Сара» спектаклінде Біржанның ролінде ойнады. Бірде Сарамен айтысып отырып, өз бетімен кетті дейсің, түйдек-түйдек өлеңдер кетіп жатыр, сценарийде жоқ. Белгі берсек те тоқтамайды. Содан қасында отырған мен шапанының етегінен тартып қалдым да, ыммен білдірдім. Әзер тоқтаттым. Спектакльден соң маған: «неге тоқтаттың, әйтпегенде Сараны сол жерде жеңер едім» деп әзілдеген еді, – деп әңгімесін Қапан аға одан әрі жалғастырды. – Иса сол жылдары театрда әдебиет бөлімінде де қызмет жасады. Біз спектакльден кейін көрермендерге концерт қоятынбыз. Иса өлең оқиды, Әміре ән айтады, басқа әртістер де өз өнерлерін көрсететін. Сол концерттің сцена-рийін де Иса жазатын. Оған қоса кейбір композиторлар спектакльге музыка жазғанда, Иса сол әнге сөз жазып беретін.

Иса әндері – халық әндері

Бір жылы Елубай Өмірзақов «Әндер жинағы» деген кітап шығарды. Сол кітапқа 149 ән кірді. Сол әндер жинағындағы 50 әннің сөзін Иса жазды. Исаға талайлар «сөз, ән жазып берші» деп келетін, ақындығы да, суырып салмалығы да керемет қой, жазып беретін. Исаның көп әндері бұл күнде халық әні болып жүр ғой. Исекең авторлығын да, өлең жазып берген адамдардан ақы да сұраған емес.

Шынында да, Иса Байзақов 40-тан астам әннің сөзін жазып, көптеген қазақ әндерін нотаға түсіртіпті. «Заулатшы-ай», «Қалқа», «Ісмет», «Назқоңыр», т.б.  әндерінің сөздерін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта өңдеп жазған. Исаның жазған әндері «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына да енген.

Желдірмелері – ел жүрегінде

1931-1941 жылдары Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Семей қала-ларында радио комитеттерде, Жазушылар одағында қызмет жасаған. Иса Байзақов Ұлы Отан соғысы жылдарында да өзінің отты жырларымен ел ішіндегі насихат жұмысына белсене араласып, еңбектегі ерлікті жырлады. Соғыс жылдары Иса ақын Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып, ауыл-ауылды аралап, жалынды өлеңмен, асқақ өнермен үгітшілік қызмет те атқарған кезі болыпты. 1942 жылы Павлодар облысында, Ертіс ауданы мен сол кездегі Үрлітүп (қазіргі Железин) аудандарында халықты жаппай еңбекке шақырып, әрбір дәніміз фашистерге оқ болып атылсын деп Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан. Ауыл-ауылда концерт беріп, одан түскен қаржыны танк алуға аударыпты.

Оның атақты «Желдірмелері» халық арасына кеңінен тараған. Бүгінгі күнге дейін айтылып келеді. Иса Байзақов поэма жанрын дамытуға да зор үлес қосты. Ол – алғашқылардың бірі болып поэма жазған ақын. «Ұлы құрылыс», «Алтай аясында», «Он бір күн, он бір түн», «Кавказ», «Ақбөпе», «Қырмызы Жанай», «Қойшының ертегісі», тағы басқа көлемді поэмаларында өткен заман оқиғалары мен кейінгі дәуір шындығы бейнеленген. «Құралай сұлу», «Алтай аясында» поэмаларында жоңғар шапқыншылығының оқиғасы мен Ақтабан-шұбырындыдағы қазақ тұрмысы суреттеледі. Ел бірлігі жырланады. Ал «Ақбөпе» поэмасында халықтың әлеуметтік қайшылықтары мен Ақбөпе мен Әмірхан сынды қазақ жастарының  жақсы қасиеттері  тілге тиек болады. Ақбөпе — өз бақыты үшін күрескен өр мінезді қазақ қызы.

Үкіметтен үй алмай кетті

Иса ақынның шығармашылық жолында да, өмірде де қиын шақтары көп болды. Жан жұбайы, қазақтың тұңғыш актрисаларының бірі Шәрбану Байзақова небары 29 жасында өмірден өтті. Иса ақын екі баласы Маһпуза деген қызы және Ертіс атты ұлымен жалғыз қалады. Тұрмыс тауқыметін көп көрген. Басында баспанасы да болмаған. Үкіметтен үй ала алмай кеткен. Қасым Аманжолов сияқты ол да жалдамалы жертөледе отбасымен өмір сүрген. Солай жүріп қаншама өлеңдер мен поэмаларды, онға жуық желдірмелерді жарыққа шығарған. Соғыс жылдары балаларын интернатқа тапсырып, өзі елді аралап, өлең айтып, майданға қаржы жинаған.

Иса Байзақовтың шығарма-шылығы — қазақ поэзиясындағы жарқын белестердің бірі. Иса Байзақов – сегіз қырлы, сексен сырлы дарын иесі. Ол ақын, жыршы, композитор, әнші әрі ағартушы.

Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов Иса ақын жайлы былай деп баға берген екен: «Біз қазақ сахнасының Иса бар заманын қызықты әрі қымбат сыйы іспетті түсінуіміз керек. Қолдан жасай алмайтын, оңайлықпен қайта тумайтын сирек өнерді біз, бүгінгі заманның адамдары, мәдениетті елдерше қадірлей, бағалай білуіміз керек. Соңғы бес-алты ғасырда Исадай бір поэманы бір мезетте жазған, суырып салма ақын жер- жаһанда болмаған. Сол Исаны туған қазақтан туғанымды мақтан етем», – деген екен.

Иә, Иса шынында да Мұқаң айтқандай, өнердің барлық ғажабын бітімдестірген өнерпаз болды. Поэзияның құдыретті күшімен тіпті табиғатқа да жан бітіріп, оны адамша сөйлетіп, адам мінезімен аттастырып, өлеңін түрлендіре отырып айтқан. Шынында Иса өлең-поэмаларын таудан құлаған көшкіндей тулатып, айтқан жыры желдей есіп, құйындайды екен.
Мына бір өлең жолдарына үңілейікші:

Қарашы қарағайдың еркесіне,

Исаның шығып алды желкесіне.

Домбыра екі шекті, тоғыз перне,

Арқаның кез болды ғой серкесіне.

Толқынын топшыменен  қақ айырып,

Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.

Самғайын қанатымды  жел үйіріп,

Қонғандай Оқжетпестің өркешіне, – деген тамаша теңеулермен жырлағаны көңілге қонымды. Иса өзінің жыр сүйерлеріне қалай еркелесе, оның домбырасы да ерке еді. Иса ақын елі сүйген дауылпаз ақын болды. Өткір тілді, алғыр зейінді, ұшқыр қиялды жыр дүлділі. Шаршы топ алдында оның көкейінен жарып шыққан жырлары, кең құлашты өлеңдері тыңдарманның әрдайым көкейінен шығатын.

Шын асылды дәріптеу керек

Осы жерде ақын Мұзафар Әлімбаевтың: «Егер қазақ халқының шынайы поэзиядағы шын асылдың өнерін дәлелдеу керек болса, мен Иса есімін атап, оның бес аспап өнерпаздығын алға тартар едім» деген сөзін алсақ, қандай жоғары баға дер едім.

Ал бес арысымыздың бірі Мағжан Жұмабаев: – Иса – Алла тағаланың қазақ халқына сыйға берген, теңдесі жоқ бұлбұлы. Өткен ғасырларда қазақтың небір ғажап дүлдүлдері болған, солардың бірі де Исаға тең келе қоюы екіталай» депті.

Тағы бір ерекшелігі, Иса – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін бітімдестірген ақын. Ақындық шебер-лігі де осыдан байқалады. Иса Байзақов – тілге бай ақын. Оның желдірмелері мен поэмалары мен өлеңдерінің тіл көркемдігі мейлінше бай. Олар – қазақ поэзиясында көрнекті орын алған таңдаулы шығармалар.

Тіпті кезінде оның шығарм-шылығына қызығушылықпен қараған Сәбит Мұқановтың өзі де таңданысын білдірген екен. «Иса – бір Алланың пендені таң қалдыруға жіберген өкілі», – десе, ал Қасым Аманжолов: – «Иса – бүкіл дүниені алдына алып отырып, жырлайтын Тәңірдің өзіндей құды-реті бар ақын», – деп баға беріпті.

Иса ақынның тағы бір еліне сіңірген еңбегі – ағартушылығы жайлы:

– 1923 жылы Иса ақын Алматыдан жазғы демалысқа ауылы Павлодар облысының Ертіс ауда-нындағы Үлгілі ауылына қасына бір мұғалімді ертіп алып келеді. Ол жылдары бұл ауылдағы үлкендер де, жастар да сауатсыз еді. Келісімен қасына ауыл жастарын жинап, мектеп салуды қолға алады. Саманнан кірпіш соқтырып, мектеп үйін салады да, қасындағы мұғалімді мектепке қалдырады. Міне, осылайша туған ауылында білім ошағы пайда болады. Мектепті тегін салып, мұғалім де білімді тегін береді. Осы мектепте оқушылар он шақты жыл білім алған екен. Кейін мектептің жалғасы болып бірнеше рет мектеп салынады. Бүгінде бұл мектеп Иса Байзақовтың атында.

Иса – өмірінің соңғы күніне дейін жырлап өткен өршіл ақын. Ол өмірден ерте, 46 жасында кетті. Бірақ артында өшпестей өлеңдері мен желдірмелері, онға жуық поэмасы қалды. Иса ақынның бір өлең жолындағы:

Жүрегін жұлып алып  аспанға ұрған,

Жұлдыз боп соның оты

 Жанып тұрған, – дегендей, Исекеңнің ақындығы біздің көгімізде шоқтай боп жанып тұр. Ол – заңды құбылыс!

Актерлік, әншілік, жыршылық дарынымен қазақ мәдениетінде терең із қалдырған, заманымыздың айыр көмей, орақ тілді ақыны Иса Байзақов Москвада өткен Қазақ мәдениеті күндерінің онкүндігіне де қатысқан. Ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Түйін:

Осы жерде бір ой туындайды. Осыншама артында өшпес құнды шығармалар қалдырған, соғыс жылдары жаяу-жалпылап жүріп, ел алдында өнер көрсетіп, майдангерлерге қаржы жинап, танк алып берген ақын Иса Байзақовқа Қазақстанның Астанасынан бір көше, не өнер ордасы, не мектеп бұйырмағаны – өкінішті жайт.

Ғалия Балтабай, «Құрмет» орденді журналист.