«Мен — Ахаттың алғашқы оқырманымын»

Шіл 3, 2025

Ертіс-Баян өңірінің тумасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахат Жақсыбаев туралы айтылар естелік, жазылар лебіз әлі алда деп білеміз. Қаламгер өмірден өткенде Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар  Мағауин: «Сексеннен асса да, мен үшін мезгілсіз кеткен Ахат Жақсыбаев арлы, шынайы қаламгер ғана емес, өзгеше мінезді, ғажайып жан еді» деп күңіренген болатын. Содан бері де төрт жыл өте шықты. Бүгінде өмірлік жары Клара Әубәкірова мен ұрпақтары жазушының соңында қалған мұрасын жинап-теріп, оқырман кәдесіне жаратуда. Жақында Клара апаймен арнайы хабарласып, сұхбаттастық.  

— Амансыз ба, Клара Теміртасқызы! Биыл Ахат Имантайұлы жарық дүниеде болса мерейлі 85 жасын тойлап жатар едік. Алланың жазуымен сексеннен асқан шағында пәни дүниені тәрк етті. Дегенмен, қазақ әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, соңына мол мұра қалдырған қаламгердің шығармашылық жолы алда талай мақалаға тақырып, талай естелікте сыр болып шертілетіні анық. Жалпы, өзіңіз өмірлік жарыңызбен қалай, қайда жолықтыңыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ…

— Мен Ақмола облысының тумасымын. 1964 жылы мектеп бітіріп әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түстім. Сол жылы қараша айында студенттер әлемге әйгілі жазушылар –
Шыңғыс Айтматовпен және Юрий Казаковпен кездесетін болды. Ол кезде осы аталған тұлғалардың есімдері бүкіл Кеңес Одағына жақсы таныс еді. Көп кешікпей көптен күткен кездесу де болды. Дәл сол кезде жазушылардан қолтаңба алуға кезекте тұрып мен Ахаңды көріп қалдым. Бірақ ол мені байқаған жоқ. Міне, ағаларыңды алғаш осылай көрген едім. Арада бірнеше ай өтіп кеткен. Біз бірінші семестрдің емтихандарын тапсыра бастадық. Барлығын беске жауып болған соң киноға барғым келді, бардым. Кинодан келген соң әке-шешеме хат жазайын деп жатақхананың оқу залына кірдім, бір ғана бос орын бар екен, қолыма қағаз-қаламымды алып, сонда жайғастым. Алдыңғы орында екі жігіт отырған болатын, сонің бірі Ахат Жақсыбаев, екіншісі курстас досы екен. Сол жерде олар назарларын маған бұрып, хал-жағдайымды сұрады. Міне, алғашқы танысып, сөйлесуіміз осылай басталған болатын. Мен хатты жазып болып, енді кетуге ыңғайланып жатқанда Ахаң: «Мен сізді бөлмеңізге дейін шығарып салайын» деді. Мен қарсы болған жоқпын. Содан бастап кездесіп жүрдік. Одан кейін Ахат дипломдық жұмыс жазуға мәлімет жинайтын болып еліне аттанды. Ол кезде Ақсу қаласының  электр станциялары салынып жатқан болатын. Мен қыстық демалысқа ауылға әке-шешеме кеттім, ол кезде біздің үй — Ақмола облысының Аршалы ауданында. Ахаң сол кеткеннен біраз бөгеліп, наурыз айының аяғында келді. Содан бастап біз бір-бірімізді жиі көретін, жиі кездесетін болдық. Тіпті, бір-бірімізге көңіліміз ауып, жақындай түстік. Ал жаз айында ол университет бітірді, бітіру кешіне мені де шақырды.

— Қашан отбасын құрып, шаңырақ көтердіңіздер?

— Ахаң оқуын бітірген соң «Лениншіл жас» (осы күнгі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа тұрды. Шерхан Мұртаза ағамыз бас реадктор-тұғын. Басында әдеби қызметкер ретінде бастап, кейін бөлім меңгерушісі болды. Мен екінші курсқа келген соң маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Ол қазан айы болатын. Мен қабыл алдым. «Онда келесі жылдың наурыз айында тойымызды жасайық» деді. Мен ұсыныс жасаған соң неге сонша көп уақыт созды деп ойлайтынмын, сөйтсем, оның артында сенер адамы жоқ екен. Той қаражатын өзі жинап, басқа дайындығын өзі жасады. Міне, соған уақыт қойған  екен. Сонымен 1966 жылдың 5 наурызында үйлену тойымыз болды. Тойға менің туыстарым көп келді. Ал Ахаң жақтан анасы мен ағасы Серік келді. Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза бастаған газет ұжымы, Рамазан Тоқтаров, Сейдахмет Бердіқұлов сынды белгілі жазушылар қатысты. Ол кезде жеке баспанамыз болмады. Пәтер жалдап тұрдық. 1966 жылдың қараша айында тұңғышымыз дүниеге келді. Осылай үш жарым жыл пәтер жалдап жүріп үйлі болдық. Мен отбасылық өмірмен қатар оқуымды да соңына дейін жеткізіп, диплом алдым. Тіпті, жоғары стипендия алып тұрдым. Оған енеміздің көп септігі тиді. Ол кісі де келіп, біздің қолымызда болды. Өзім Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінде 42 жыл сабақ беріп, профессор болып зейнетке шықтым.

— Қазақ әдебиетінде Ахат Жақсыбаев есімі сол «Лениншіл жаспен» таныла бастаған  болар…

— Иә, дұрыс айтасың, Ахаңның есімі осылай бүкіл елге таныла бастады. Себебі, ол кезде газет-тердің таралымы көп, қолдан-қолға тимей оқылады, жұрттың бәрі оқиды ғой. Екіншіден, Ахаң өте көп жазатын, оның мақалаларын оқырман тұшынып оқитын. Мұхтар Мағауиннің мынадай бір сөзі бар: «Мен Ахаңды «Лениншіл жас» газетінде шығатын көлдей-көлдей мақалалары арқылы таныдым. Ол қандай тақырып таңдаса да, жеріне жеткізіп жазатын әрі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін» деп еді бір естелігінде.

 — 70-80-жылдары өмірге келген «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдарының  желісі, шығар-
ма мазмұны – жұмысшылар. Соған қарағанда ағамыз жұмысшылар өмірін көп зерттеген, оған не себеп екен?

— Ағаларың өмірден өтер-өткенше қолынан қаламын тастамады. Шығармашылыққа, әдебиетке адал еді. Оның қарапайым жұмысшылар туралы көп жазған себебі мынау: Павлодар қаласында орта мектепті бітірген жылдары ағасы Екібастұзға шахтаға жұмысқа орналасады. Ол кісі Алматының Горный институтын бітірген ғой. Соңынан анасы да Екібастұзға көшіп келеді. Ахаң сол кезде журналистика мамандығына түсуді армандап жүреді екен. Бірақ ол кездің талабы бойынша журналистикаға түсу үшін екі жылдық еңбек тәжірибесі болу керек. Сондықтан дренажный шахтаға жұмысқа түсіп, екі жыл еңбек етті. Сол жерде жұмыс істеп жүріп қаншама кейіпкерін жолықтырды. Міне, жұмысшылар туралы кітап жазуына осы жағдай себеп болған. Сондай-ақ, ағасымен бірге істеген инженерлерді де жазды. «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдарының кейіпкерлері — осы Екібастұз шахтасының жұмысшы-лары.  Романдарының бас кейіпкері Батырбек деген жігіт болатын

— Ахат ағамыз Иса Байзақов туралы тарихи-көркем роман жазды ғой. Бұл шығарма қалай туды? Қалай зерттеді?

— 2000 жылы Иса Байзақовтың 100 жылдығына Павлодарға барып келді. Осы тойдан кейін Ахаң Иса Байзақовты қолға алды. Дегенмен бірден бастап кеткен жоқ, біртіндеп материалдарын жинап жүрді де, 2005 жылы жазуға кірісті. Ол кезде Исаны көрген адамдардың көбі өмірден өткен. Бірақ материал жинап көп жерге барды, көп адаммен жолықты. Осылайша 2010 жылы «Иса ақын» романының бірінші кітабын жазып шығарды. Одан кейін денсаулығына байланысты біраз үзіліс жасап, екінші кітабына кірісті. Екінші кітабын 2021 жылдың басында аяқтап, үшінші кітабын бастады. Бірақ оны аяқтауға ғұмыры жетпей қалды. Бастапқы 30-дай бетін ғана жазуға шамасы жетіп, ажал құрығына ілінді. Ахаң дүниеден өткеннен кейін, 2022 жылы «Иса ақынның» екі томдығын бастырып шығардық. Жалпы Ахаңның стилі өте жеңіл әрі қызықты жазатын. Ол кісі қандай шығарма жазса да алдымен маған оқытатын. Сосын менің пікірімді сұрайтын. Мен енді артық ешнәрсе айтпаймын, тек алған әсеріммен бөлісіп, ризашылығымды білдіретінмін. Көбінде қолдауымды көрсетіп, жылы пікірімді айтып, мақтап қоямын. Солай көңіл бөлуінің өзі мен үшін үлкен мәртебе еді. Бір сөзбен айтқанда, мен — Ахаттың алғашқы оқырманымын. Жалпы, ол кісі — өмірде қарапайым жан. Жарыққа шыққан кітаптары туралы басқа жазушылардан пікір сұрап, мақтау күткен жоқ. Бірақ, белгілі жазушылардың пікірлері жарияланды.

— Биыл қаламгердің туға-нына 85 жыл толуына орай Алматыдағы Жазушылар одағы бастаған әдеби орта қандай жұмыстар жүргізуде?

— Біз Ахаң екеуіміз 55 жыл отастық. 2021 жылы 5 наурызда пандемиямен қатар 55 жылды-ғымызды жақын-жуықтың орта-сында атап өттік. Ол кезде біз әлі де бірталай жыл бірге өмір сүрерміз деп ойлайтынмын. Себебі, ағаларыңның денсаулығы жақсы еді. Жасына байланысты кішігірім қылтың-сылтыңы болғаны болмаса, қорқатын сырқат жоқ болды. Сөйтіп жүргенде екеуіміз де коронавирус жұқтырып, сәуір айында емханаға түсіп қалдық. Мен Алланың қалауымен аман-есен жазылып шықтым, ал ол кісі, өкінішке қарай, аяқасты келген қауіпті дертті еңсере алмай, емханада көз жұмды. Содан бері де төрт жыл өте шықты. Өткенде жазушының 85 жасқа толуына байланысты Ұлттық кітапханада еске алу шарасын өткізіп, ас бердік. Оны ақын Бауыржан Жақып басқарды. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған ақын-жазушылар болды. Қаламгердің «Бозарал» деген көпшілік оқырманға өте танымал боған повесі бар еді. Сол шығармасын және естеліктерін кітап етіп шығарып, тұсаукесерін жасадық. Биылғы мерейжасына байланысты республикалық газет-терге бірнеше үлкен мақала шықты. Мәселен, белгілі жазушы, журналист Марат Мәжитовтің «Қос пырақты Ахат» атты көлемді мақаласын «Қазақ әдебиеті» газеті жариялады. Республикалық «Ана тілі» газетіне Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуаныш Жиенбайдың «Ахаттың әдеби әлемі» деген мақаласы шықты. Ал «Егемен Қазақстанға» танымал журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаевтың «Айнымас адам» деген тамаша сараптамасы басылып, оқырманды тұшындырды. Жалпы «Қазақ әдебиеті» газеті бір нөмірдің алты бетін Ахатқа арнапты. Отбасымыздың атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Менің ойымша, бұл қаламгерлер жайдан-жай мақтаған жоқ. Барлығы бұрыннан бері үзеңгілес жүрген танитын, қызметтес болған сырлас адамдар ғой. Олар өздерінің шын жүректерінен шыққан сөздерін арнады, ой-толғамдарын жазды, естеліктерін айтты деп білемін. Сосын жақында бұрын ешбір мерзімді басылымда немесе кітапта жарияланбаған «Жазира» деген бір әңгімесін тауып алып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаттым.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.