Өткен жылы Астананың тарихи мұражайларының қызметкерлері Павлодар өңірін аралап  қайтты. Астанадан келген мұражай қызметкерлері, тарихшылар өткен ғасырлардан түзген жәдігерлерді алдымызға жайып салып, терең үңги әңгімеледі. Барды барлап, көнені де шарлап айтар әңгімелерін саралап өттік, тізбелеген деректері де көп-ақ екен. Жағаны ақкөбіктене ұрғылап, жазыққа көсіліп ағатын ақ Ертістің жағасында жүріп астаналықтар мұражай жайларынан бірталай сыр шертті. Бар ойларымыз бір әңгімеге тоғысып, бір-бірімізге айтарымыз мол екенін айшықтай түсті. Ойлана қарасақ, біз бірталай ғасырлар бойында жүз сан өзендерді төңіректеп жатыр екенбіз. Иә, табиғатымыздың ортақтығы бір төбе, айтар әңгімелері пернесіне бір басса таусылмас. Ал енді белестен белеске өткен тарихымызды бір қырдан бір қырға айна-қатесіз жеткізер көнекөз қарияларымыз да баршылық. Тарихтан-тарихқа тізбелеп жеткізер дәнекерлеріміз жоқ емес. Павлодардағы  келгендер әңгімелерін жеріне жеткізе айтқандай санаға жетерді төкпей құйып алар  құйма құлақ біз болдық.

 

Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын Сарыарқаның кенезесін кептірмей, шөліркеген далаға нәр беріп ағатын Ертісті айтса ойға келетін Есіл мен Нұра өзендерінің арасындағы жалпақ жонда сонадайдан көрінетін жалғыз биік Тайтөбе шығар-ау.

Нұра өзені піл сауырындай Тайтөбені оң жағымен қапталдай айналып өтеді де, көз ұшындағы Қорғалжын қопасына тіке тар-тады. Егер осы биіктен қарағанда алақандай болып көрінетін алаң-қайға зер салсаңыз, Тайтөбенің жанамалап өтетін өзенге бір жағынан кіріккен түбектей болып көрінетіні бар. Осылайша, Тайтөбе тек батысынан, нақтырақ айтқанда, Астана қаласы жағынан ғана жол түсетін табиғаттың өзі ғажайып шеберлігімен орналастырған табиғи бекініс сипатына енеді. Есте жоқ ескі кезеңнің дәстүріне зер салсаңыз, орта ғасырлық қоныстардың барлығы тұтқиыл шабуылдардан қорғану үшін осындай ұтымды жерлерге орналасқан.

Бір ғажабы, еңсесі онша биік емес Тайтөбенің ұшар басына шықсаңыз, жанарың жетер жердің бәрі алақанға салғандай анық көрініп тұрады. Жалпақ жонның киесіндей болып тұрған ең биігінде Нияз би кесенесі бар. Нияз би кім болып еді деген сауал да туындауы мүмкін. Айта кетелік, алдымен Қазақ дегеннен бұрын ру дегеннен бұрын Алаш деген ойға түседі қазір. Сондықтан тарихты тым тереңдетпей Алты Алаштың баласы десек делік. Жастайынан қазақтың барша жұртына танымал болған  биді солай десек те лазым. Нияз Тілеуліұлы — он жетінші ғасырда ғұмыр сүрген Алаштың абзал ұлдарының бірі. Табиғат сыйлаған тамаша таланты, тапқырлығы мен зеректігінің арқасында Абылай ханның бас билерінің бірі болып оң жағынан орын тиген. Арғы тегін терең қазбалап, қыпшақтың алпыс тармағынан тарайтыны рас деседі. Қара қылды қақ жарған әділдігіне тәнті Абылай хан Нияз бидің бойындағы кісілік қасиетін айрықша сыйлаған — «Нияз хан» деп атаған. Сол ерекше құрметі мен әділдігінің арқасында ел ішінде қиянатқа жол бермей, татулық пен тұтастықты сақтай білген. Билік айтқанда, дауласушы екі жақ та билігіне разы болған. Өмірінің басым бөлігін Қараөткел мен Көкшетау төңірегінде өткізген. Жастық шағында осы өңірлердегі от ауызды, орақ тілді билердің жанында көп болып, тәлім-тәрбиесін алған. Ат жалын тартып мінген соң Есіл, Нұра жағасын жайлаған қалың елді аралап, Атбасар, Қараөткел атырабын жайлаған жалпақ жұртқа билік айтқан.

Елдің игі жақсылары жиналған мәжілістерде елдік пен ерлікті, бірлік пен бәтуаны отты сөзіне өзек еткен. Адам бойындағы кісіліктің, адамгершіліктің сыны үзілмеуі керектігін уағыздаған. Ел ішінде Нияз би айтты немесе Нияз айтыпты деген аталы сөздің жұқанасы әлі де кездеседі.

Бидің бар ғұмырын бажайлап зерттеушілер Астана қаласының бір кезде Ақмола атануының төркінін де Нияз би қабірінің басына орнатылған ақ моламен байланыстырады. Заманында Нияз, Кенжетай билердің нұсқауымен қалың қыпшақ Торғай өзенінің алқабындағы қазіргі қоныстарына 18-ғасырдың соңында келіп мекендесе керек. Нияз биден Айдарлы, Байдалы, Жақсылық, Айдарбек, Байғозы ұрпақтары тарайды.

Нияздың әкесі Тілеулі — жасанған жауға қол бастап аттанған атақты батыр. Тоқсан екі баулы қыпшақ жұртының құрама қолын басқарған. Аңырақай, Қалмаққырылған, Қалақұм тәрізді қиян-кескі шайқас-тарда өлмес-өшпес, ғажайып ерлік көрсеткен Абылай ханның жеңімпаз батыры болыпты.

Нияз сынды еліне сөзі өткен ұлы билердің қазақ халқы үшін сіңірген еңбектері, игілікті істері кейінгі ұрпағына өміршең өнеге. Сондықтан да, бар мұраты ел мерейімен байланысып жатқан аталардың көкірегіндегі аяулы арманның ұшқы-
нын кейінгі ұрпақ бойына дарыта жүрсе, әсте артық болмайды. Сонымен тілге тиек етеріміз, 1733 және 1784 жылдары өмір сүрген Нияз Тілеуліұлы  елінің болашағы үшін ерте есейіп, ерте ат ерттеген өршілдігімен танылған. Абылай оның өжеттігімен қоса тапқырлығы мен әділдігіне риза болған, бөлек бағалаған. Би өмірінің көпшілігін Қараөткелде, Көкшетау өңірінде өткізген. Зерт-теушілер Ақмола (қазіргі Астана) қаласы атауының тарихын Нияз би қабірінің басына орнатылған ақ моламен байланыстырады. Кезінде ұзын қыпшақтар Торғай өзенін жағалай қоныстанған көк майсалы жер болатын. Ал енді бертінгі жылдарда қазіргі қоныстарына 18-ғасырдың ақырында Нияз және Кенжетай билердің нұсқауымен келіп мекендеген деседі. Нияздан Айдаралы, Байдалы, Жақсылық, Айдарбек, Байғозы ұрпақтары тарайды. Әкесі Тілеулі батыр
92 баулы қыпшақ жұртының құрама қолын басқарған, Аңырақай, Қалмаққырған, Қалақұм, тағы сондай атақты шайқастарда талай-талай ерлік көрсеткен Абылай ханның жеңімпаз батыры болыпты. Осындай ұлы батырлардың, билердің ортасынан тәлім алған Нияз ер жете келе Есіл, Нұра жағаларын, Атбасар, Қараөткел  атырабын мекен еткен елдерді басқарып, оларға әділ  билік жүргізген. Елдікті, ерлікті, бірлікті, ынтымақты, адалдықты, адамдықты уағыздап келген.

Нияз бидің тапқыр, шешендігі жөнінде мына бір аңыз ел есінде қалыпты. Атақты Абылай ханның он екі биі болыпты. Сол он екі бидің қай-қайсысы болмасын шетінен «сен тұр, мен сөйлейін» дейтін нағыз дана, тілге шешен екен. Талай айтыс, тартыста, билік, шешім кезінде әлгі билер бірінен-бірі асып түсіп отырған. Мұндайда бірін-бірі күндеу, қызғаныш та болады емес пе? Жай ғана жеңіл әзілден әрі аспай ұтымды сөзді қалт жібермей бағып отыратын әдеттері де болған. Бірде сол он бес би сөздің реті келіп қалған кезде тыныш отыра алмай қозғалақтап алға жылжып, өздерінше Нияз бен Кенжетай ханды ортаға алып қылжақтамақ болады. Ал, Абылай болса бас билерін жеңіл сөзге жақындатпай оларды жақтайды екен. Бұл мәтел шағын жұртшылық алдында айтыла келе елге жайылып кетеді. Бұл әңгімелер Абылайдың құлағына да шалынады. Абылай хан әлгі он биді сынап байқамақ болып, оларға былай депті:

Жердің құты не?

Елдің құты не?

Ауылдың құты не?

Аймақтың құты не? – деп жолай сұраған екен.

Билер бұл сұраққа дәл жауап бере алмапты. Сөйтіп отырғанда хан ордасына Нияз бен Кенжетай сәлем беріп, кіріп келеді. Абылай хан енді бұл екеуін сынамақ болып:

— Белдеріңді шешпей тұрып мына бір сұраққа жауап беріңдерші, — деп, әлгі төрт сұрақты қайталапты. Кенжетай би:

— Ныке, сіздің жасыңыз үлкен ғой, алдымен сіз айтыңыз, сізден сөз қалса мен айтайын деп, әдеп көрсетіпті. Сонда Нияз би, алға бір қадам басыпты да:

— Уа, хан ием,

Елдің құты — ер азамат,

Жердің құты — жаңбыр,

Ауылдың құты — жақсы әйел,

Аймақтың құты әділ басшы емес пе? Бұған кімнің таласы бар?! — деп, бүктелген жез қамшысын төсіне басыпты. Бұған риза болып масаттанған хан:

— Жауабың жауап-ақ екен, төрге шық, қасыма кел, — деп, өзінің оң жағынан Нияз биге орын беріпті. Мұндай тапқыр, шешен сөздер Нияз биде көп болған. Оның ілуде бірлі-жарымы бізге жетіп отыр. Астаналықтардың көп жайы еліміздің жұртшылығына белгілі ғой. Айтыскер ақын, зерделі зерттеуші Қуаныш Ахметов жайлы да естіп-білгендеріміз аз емес. Сол зерделі зерттеуші, ақын Қуаныш Ахметовтің «Қазақ әдебиетіндегі» (7 қаңтар 1998 жылы жарияланған) бір мақаласында атақты сері, ақын Иманжүсіптің айтқаны деген әңгімелер де келтірген:

Абылай аспас қазақтың   сары белі

Қуандық пен Сүйіндік  жайлайды елі.

Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас

Аюлы мен Нияздың Қаракөлі — деген өлең жолдарын келтіре отырып, Нияз бидің қонысы Қараөткел екенін, ол қайтыс болғанда сонда жерленгенін, басына кесене, сағана тұрғызылғаны, оны кейін ел «Ақмола» атап кетке-ніне былайша дәлел келтіріпті: «Қараөткелден Нұраға қарай жүргенде 18 шақырым жерде төбе басына салынған сол ақ бейіт Нияз бабамыздың кесенесі, Ақмола атауының осыдан шыққандығын дәлелдейтін нақты құжат Омбының мемлекеттік архивінде жатыр». Мұны айтып отырғанымыз да сол. Дәлел сенімді. Тек қана оны тағы да анықтай түсіп, толықтыру ләзім. Нияз тәрізді ұлы да баба билердің, батырлардың ел үшін, халық үшін атқарып кеткен игі істерін өшпестей етіп, тарих беттеріне түсіріп, мәңгі есте қалдыру — алдағы міндетіміз. Байтақ жері кең көсіліп, елді мекендері бір-бірімен қайнасып жатқан біздердің тарихымызда зерделей жүретін есімдер, деректер әлі де баршылық. Бірімізден біріміз естіп–біліп, барынша толықтыра түсуіміз қажет. Сол бағыттан ажырамауымыз парыз.

Ғалымбек Жұматов,  жазушы.