«Біз Аршалыданбыз!» деген сөзді француз партизаны Сейсенбай Бахриденов айтқан еді» деп жазған еді журналист Төлеубек Қоңыров ағамыз өзінің «Замандастар» атты кітабында. Ес білгелі әулетіміз түгелдей кәрі Ертістің жағасындағы бұрын «Григорьевка», бүгіндері «Жаңақала» деп аталатын ауылда тұрып келеді. Бұл ауылға аштық жылы қарсаңында елу үйлі наймандар Шығыс Қазақстан аймағынан қоныс тепкен.

 

Бастапқыда тұрғындары негізінен орыс, неміс, шешендер болғандығы, ауылдың көпұлттылығы соғыс ардагер-леріне қойылған ескерткіштегі жазулардан және іргесіндегі зираттардан білінеді. Сондықтан болар, әкемнің алғашқы қосағынан туған үш ұлдың, кейінгі жары — менің шешемнен туған төрт баланың фамилиялары әртүрлі жазылып келген. «Атыңыз қалай қойылған?» деп сұрағанда, әкеміз «Еденге бақырып түскенмін ғой» дейтін күліп. Түпкі араби мағынасын мен кейін тапқандаймын. «Бахра» сөзі «таза», екінші бөлігі «дін» мағынасы мені, тіл маманы ретінде қатты қуантты. Өйткені, әкемнен тараған ұрпақтардың бойынан тек рухани тазалықты, еңбекқорлықты ғана танып өстім. Үйімізден қонақ арылмайтын, аштықта шешемді бауырына алған өз нағашыларыммен бір ауылда тұрдық. Алғашқы қосағынан соғыста айрылған анам өзінен 20 жас үлкен әкеме қосылады. Үлкен ағаларымның нағашы жұртымен де етене жақын араласып, соғым басына арналған дастарханға, той-томалақтарға туыстық қаты-насын үзбей, өзара шақырысып жататын. Қонақтар, әсіресе олар қыстыгүні шанамен келгенде, тікен матаға оралған бауырсақ, оның арасындағы қапшықшаларда салынған қатырылған құрт-ірімшік, майлар шытырлаған аязбен үйге кіргізілгенде, иістері мұрын жаратын. Біз, балалар, жүгірісе қуанысып, ауызға лақтыратынбыз. Ондай жақтың сый-сыяпаты Жаңылдық әжеден жалғасқан дәстүр екен. Әрбір қыста жалғыз әпкесі Күлжек әжемді әкелуге баратын Бақриден әкем алдымен алғашқы қайын жұртына соғып, енесі Жаңылдық, оның қызы Бөпіш пен жездесі Кенжекейдің, бір-бір ошақ басы болып отырған Сәрсен, Жұмаш балдыздарының дәмін татып қайтатын. Үш ұлдан кейін анамнан туған Ақан, Қыдырбайды, екі қызы – мені және Жанкүмісті туыстарына жылда қыдыртатын-ды. Біздің көргендеріміз – бертіңгі бақытты, «коммунизмге» сенген, қайғы-қасіретсіз кезең. Ал туыстарды табыстырған ауыр заман әріде екен. Жаңылдық Сүлеймен деген ауқатты адамның жары болған. Қазақстанда жеке меншікті тәркілеуге (кәмпескелеуге) біздің әулет те ұшыраған. Атамыз Майкөлдің жылқылары тоғайдағы «Болай» деп аталатын ойпаң жердің аумағымен өлшенген екен. Бірақ құдандас Сүлейменнің де, атамыз Майкөлдің де бай болғандығы кеңес заманында айтылған емес. Жаңылдықтың үш қызының аттары – Биханым, Бөпіш, Жәзкен. Көрген бейнеті көп Бөпіш апа бізге ара-тұра келіп тұратын. Ол кісінің ешуақытта жадырап күлгенін, ашылып сөйлегенін байқаған емеспіз, тек қана шешемнің,  жеңгелеріміздің үйлеріне кезек-кезек қонақ болатын. Ал әкем Жаңылдық енесінің қатал да батыр қылықтарын, ел басқарғанын балаларының есіне салып отырыпты. Тарихи деректерде 1920 жылы 26 тамызда Қазақ республикасы Ресей құрамында автономия атағын алғаны көрсетілген. Бұған дейін Омбы уезінің құрамындағы Павлодар уезі 31 болысымен 1921 жылы 7 ақпаннан Семей  губерниясына енгізіледі. Бұл деректер М.Жаманбалиновтың «Әйгілі менің Ертісім» кітабынан алынды. Осы мәліметтен Ресейде уақытша қос үкімет басқарған кезеңде кеңестік атқару комитеті мен болыстық басқару сақталып келгендігі байқалады. Байдың қызы Жаңылдық әженің 1918 жылы жалпыресейлік сьезд емес, Мүбәрак ақын жинақтаған кітапта аталатын Ертіс және Қызылағаш болысы өкілдері съезіне болыс ретінде баруы әбден мүмкін. Бірақ таптық түсініктері әлсіз қазақтар әр болыстан қатыстырылғанымен, аты-жөндері съезд баяндамаларында аталмаған. Қазақ халқының басына келген шындықты шыңырауға кетірген Советтік кезең зобалаңдары осыдан басталған. Дәстүрлі салтпен жаз жайлауы, қыс қыстауы бар қазақтардың мал шаруашылығын тап күресі кезеңі жасанды түрде құртты. Кімнің бай, кімнің кедей екендігін ел білмей қалды. Бай-кулактарды жою туралы тәркілеу Заңы шығы-сымен, Майкөл атамыз балаларымен жер аударылады. Новосибирь облысында Чаны деген көлдің ортасында салынған қағаз өндіру фабрикасында жұмысқа салынған талай қазақ отбасылары өлместің күйін кешеді. Көзі қарақты Жәркен деген әкемнің немере інісі ретін тауып, сол зобалаңнан әкемді ұрлап алып қашқанда құр сүлдесі қалған көрінеді. Сонда ақылға салып: «Мені жеткізе алмассың, баламды бір көріп қалайын» деп, енесіне тастап кеткен отбасынан 7 жастағы ағатайымды жеткізуді сұраған. Бұл — тура 1928 жылы болған оқиға. Болыстықтан соң, ауыл советін басқарған Жаңылдық әжеміз әкемді жасырудың арқасында, қызы Биханымнан 1930 жылы Қабиден, 1935 жылы Бидай ағаларым дүние есігін ашқан. Әкемнің алғашқы жары, үш ұлдың анасы Биханым ауырып, өмірден өтеді. Кіші ағамыздың атының Бидай қойылуы 1934 жылы аштық кезең аяқталып, елдің нанға тоя бастағанынан болуы керек. Б.Майлиннің мектеп оқулығына енген «Күлпаш» әңгімесіндегі аянышты халді бейнелеген сурет балаларға қайыршы кедейге аяныш сезім тудыратын. Сөйтсе, кеңес жазушысы аштық зардабын кедей табының суретіне ауыстыруға мәжбүр болған екен. Мұны кейін түсініп жатырмыз. Шындығында, қазақ тұрмысында тап саясаты болмаған. Бір әңгімесінде Бөпіш апа келіндеріне аштық туралы: «Сендер не білесіңдер? Аштық та, соғыс та біздің жастығымызды құртты ғой. Елде мал да, жан да қырылып жатқан, аштық жайлаған жылы қалаға көшуді ұйғардық. Ат-арбамен келе жатқанымызда жол бойы өлген кісілерді жеп жүрген, көздері алақ-бұлақ етіп, есі ауысқандай бізге қарай жүгірген адамдарды көрдік. Жолдасым атты қамшымен салып жіберіп, әзер қашып құтылғанбыз. Он бір бала таптым, сол аштықта сегізінен айрылдым. Нағашыларым сол кезде Куйбышев аталған ауданың «Калинин» колхозында тұрды. Павлодардан жаяу барған кездерім көп болды. Соғыс басталғанда Сәрсен інім қырман басында басшы (завток) болып істеді. Мен келгенде токтан тары ұрлап беретін. Соны әкеліп, балаларыма тамақ істеп жүрдім. Қалада көшеде жүріп келе жатып, түсіп қалған нанның қоқымдары ұшырасса, соны да теріп әкеліп жүрдім. Бірде шешем түйе жегіп берді. Титықтап қалаға жете алмай келе жатсам, ат жеккен арбалылар көрінді. Жарты қап бидайымды арқалап, соңдарынан тез-тез жүріп жетіп алдым. Екі еркек түйе жеккен маған қарап: «Бұл кім шаңды бұрқыратып жүгіріп келе жатқан?» деп күлді де: «Лақтыр қабыңды арбаға» деді. Лақтырғаным сол еді, атты бір тартып, шауып кете барды. Сонда жаман ренжіп жылап үйге келдім». Қолдан жасалған саясат туралы естіп әңгіме қылуға ол кезде тыйым салынды. 1937-нің ылаңы ауылдарды бетке ұстар азаматтарынан айырды. «Жақсы қасиеттер — нағашыдан» деп халық қалт айтпапты. Концлагерьден қашып шыққанымда, о жақ, бұ жағымнан оқтар өтіп жатты. «Майкөл, Маңдай, Сүлеймен аруақтары, сақтаңдар, деп қаштым. Жүрегімде қорқыныш болған емес» дейтін марқұм ағатайым. Осындай қайсарлық, қорқынышты місе тұтпау Павлодар өңірінде танымал орыс тілі мұғалімі, мектеп ісін басқару қызметтерімен таныс болған, Жаңылдық әжесінің тәрбиесін алған Сүлейменова Миля Сарсеновна әпкеміздің бойында болды. Ол кісі маған: «Алтын, зейнетке шыққаныңда біздің, сіздің әулет жайында, небір қиыншылықта айналасына көмек берген ата-апаларымыз жайында естелік жазайықшы» деген еді. Қазір сол шаққа жеттім. Бірақ ақылшы үлкендерім өмірден озып кетті.  Жоғарыдағы Кенжекей тегінен шыққан Шаймұратұлы Серікбаймен біздің әулетті алдымен Бөпіш апа, кейіннен Кенжекей атасы және ол атаның саяткерлігімен халыққа демеу болған көлі табыстырып отыр. Кенжекей көлі Жаңақала зираты мен Омбы-Павлодар тас жолының ортасында. Үстінде көктем келісімен, үйрек, жабайы қаздар ұшып жүреді. «Аштық жылдары 50 үйлі найманды тоғайда өсетін буылдық, өзеннің балығы, сол көлден талай адамдардың атып түсірген құс еті мен балдыры аман алып қалған» дейтін бертінге дейін ауыл ақсақалдары. Жаңақаладан Қалтаев Шеге атаға ілесіп, ағам Қыдырбай Бақраденов зейнеткер-лікке шыққанға дейін сол көлдің бар қызығына батып жүретін-ді. Нәубет жылдары қара Ертістің ен тоғайының жеміс-жидектері мен көлден келген көмекті елдің пайдасына жаратуға атсалысқан тарих өкілдерін есте қалдыруымыз керек-ақ. Бастан өткерілген тарихи оқиғалар тұсында елге азық болған бұл жаратылыстар – тұрғындарға табиғаттан берілген үлкен сый. Осындай табиғат сыйын сақтау, елді мекендердің атын қазақшалау, «Набережный» ауылын «Кенжекей» деп ауыстыру, яғни нәубетпен жеткен саясат салдарынан арылу–шынайы тарихымыздағы ақтаңдақ кезеңдерді ұмытпай, ұрпақ есінде қалдыру жолы деп білемін.

Алтын БАҚРАДЕНОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры.

Редакциядан:

Жүректерде сызы, тарихта ізі қалған сонау қиын-қыстау кезеңде ел-жұртының қамы үшін өлшеусіз еңбек еткен асыл азаматтарды ардақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау — баршаға ортақ парыз. Сондықтан есімі ел жадында сақталған жандарға тағзым етіп, оларға қандай құрмет көрсетсек те лайық!