Өңірімізге белгілі өлкетанушы, бірқатар шежіре кітаптарының авторы Қайролла Қаженовтің өңірдің тарихын зерттеудегі орны өзінше бөлек. Ағамыздың шын мәнінде кеудесі қазына еді, бір деректі қозғаса, түбі қопарылып, сонау ерте замандарға ой сүңгіте жөнелетін. Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның құрамында жүріп, бірталай ақтаңдақтарды анықтап, бірнеше мақаласын
«Сарыарқа самалы» газетіне жарыққа шығарды.
Қарапайым ғана еңбек иесі болған Қайролла ағамыздың ең алдымен алған тәрбиесі, көрген өнегесі қазақы ауылдан тамыр тартып жатқан еді. Өзі де айтатын: «Мен әжеммен бірге Ақсу ауданының Қызылжар ауылынан шығып, Ақтоғайдың Жаңаұйым, Қараоба ауылдарына дейін үш-төрт күн бірге еріп жүріп, аралайтынмын. Ол кезде кішкентай баламын. Сонда әжем марқұм: «мынау үлкен атаның бір шаңырағы еді, қалай айналып өтеміз?» деп арнайы түсіп, қона жатып, ағайынның амандығын біліп өтетін». Сірә, осындай ағайындыққа жақындықтың қасиеті де Қайролла ағамыздың үлкендердің жанында әңгімесін естіп, болашақ құймақұлақ шежіреші болып қалыптасуына зор әсер етті. Оның алғашқы шежірелік жинағы «Апай Таңатар» кітабы Қызылжар ауылының атажұртының тұқым-тұқиянын түгендеген, аңыз-әңгімелерін санаға қайта сіңірген ерекше бір құнды дүние болып еді. Бүгінде осы кітабы көптеген шаңырақтың төрінде сақтаулы тұрғанын көрдік. Қайролла Қаженов 1953 жылы дүниеге келіп, Ақсу қаласы Қызылжар ауылында мектеп есігін ашқан. 5-інші сыныптан бастап Павлодар облыстық Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда білім алуға ауысады (ол кездегі — үшінші интернат). Осында ол өзіндей ұлтжанды оқушылармен тіл табысып араласады. Он бес жасында «Жас ұлан» ұйымының мүшесі ретінде болашақ күрескер ақын Арман Қанимен бірге қазақ тілді мектептер мен балабақшалардың қайта ашылуын үндеген парақшалар таратуға қатысқан. Көп ұзамай құқық қорғаушылардың қырағы көзіне ілігіп, «тәртіпсіздік жасады» деген айыппен білім ордасынан шығарылады. Қажекең ұзақ жылдар көлік жүргізушісі болып қызмет етеді. 2011 жылы Екібастұз қаласынан облыс орталығына қоныс аударады. Осы уақыттан бастап бойындағы ата шежіресіне деген қызығушылығын қайта жаңғыртып, аңыз-әңгімелерін жинақтап, зиялы қауыммен бірге өлкетану бағытында еңбектеніп, өзіндік үлес қосады. Мінезі ашық жан көпшілікпен тіл табысып, өз қаржысына архивтердің қорынан мәліметтер жинайды. 2019 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Қуат Есімханов Ақтоғай ауданы Өтес ауылында ХХ ғасыр басында Алашорда үкіметінің беделді өкілі болған, қазынашы Бәтістің Иманқұлына арнап белгітас қою туралы бастама жасады. Сол кезде Қайролла Қаженов осы төңіректе ел билеген қайраткерлер туралы білімін танытып, осы аймақта ауызбіршілігімен аты шыққан Тоғайдың бес арысы болғанын айтып еді. Олардың қатарында Бөріден Исаның Қабышы, Хангелді-Күшіктен Оразбайдың Сүлеймені, Апайдан Райыстың Әйтімі (шын аты Айтмағамбет), Уақтан Жаңқараның Құсайыны, Бура-Найманнан Бәтістің Иманқұлының орны ерекше. Бұларды жергілікті ел «Тоғайдың бес арысы» деп атайды. Ұйымдастырушылар Қайролла ағаның телегей-теңіз біліміне мойынсұнып, белгітасқа «Тоғайдың бес арысы» деген ұғымды енгізді. Осылайша, Қайролла бұған дейін өлкетану саласында белгісіз болып келген жергілікті қайраткерлердің атын жаңғыртуға да үлес қосты. Қайролла ағамыздың арманы да көп еді. Соңғы уақытта жаппай қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік өңірлік комиссияның мүшесі ретінде аштық құрбандары туралы толымды еңбектер берді. Соның бірі – 2022 жылы мамыр айының соңында «Сарыарқа самалы» газетінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты жарық көрген «Ел қырылған» нәубетін ел ұмытпасын» атты зерттеу мақаласы. Онда Қайрекең бір ғана ауылдың мысалында кеңестік солақай саясаттың кесірінен бір кездері ұйып, саны да қомақты болған, ендігісін ұрпағы жан-жаққа шашыраған аталар туралы езіле де, егіле айтады. Өзі ертедегі ата-әжелердің суреттерін әкеліп тапсырған болатын. Оның осындай еңбектері көп еді. Қайрекеңнің еңбегі – ел тарихын жаңғыртушылар қатарында. Қайрекең — өзгелерге елді қалай сүюді еңбегімен көрсетіп кеткен қайсар адам.
Нұрбол Жайықбаев.