Қазақ елі өзінің тарихын қайтадан тәуелсіз мемлекет көзқарасы негізінде қайтадан жазып шығуы керек. Бүгінде мектептегі тарих оқулығында жіберілген кемшіліктер көп. Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі мектептегі тарих оқулығын қайта жазуды ұсынып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

 

Депутаттың айтуынша, биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толады. Бұл – қазақ халқының шынайы тарихын білу үшін тамаша мүмкіндік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында бұл жайлы еске салған.

«Әрине, ұлт тарихын білмеу – қасірет. Алайда одан өткен үлкен қасірет бар. Ол – тарихты жаңылыс білу. Ұлттық санаға тарихи сана негіз болады десек, бұрмаланған түсініктен қате таным қалыптасады. Сондықтан тарихты дұрыс жазу және оқыту – тарихты жасаумен бірдей өзекті», — деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көптомдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуға тиіс.

— Сонымен қатар, оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастаулары туралы соңғы деректер енгізу керек. Мәселен, тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекеті жайлы 6-7-сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана бар. Ал осы Моғолстан жерінде Шу бойында Қазақ хандығы негізі қаланғаны белгілі, — деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ, ол университеттер-дегі тарих оқулығын біріздендіру керектігін жеткізді.

«Бір айта кетерлігі, жоғары оқу орындарындағы мамандықтарға Қазақ тарихы пәнінің енгізілгені құптарлық. Осы пәнді методоло-гиялық бірізділікке келтіріп, мемлекеттігіміздің бастауларына басымдық берілгені жөн», — деді депутат.

Сенат депутаты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныс жасады.

Олардың қатарында — Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. «Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – Жошыны насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық-деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды», — деді Дархан Қыдырәлі.

Д.Қыдырәлі бұған дейін әлеуметтік желідегі жазбасында Жошының шығу тегі туралы дүдәмал пікірлерге тосқауыл қоюды меңзеген болатын. Тарихта Жошы дүниеге келер алдында оның анасы Бөртені Меркіт тайпасы ұрлап әкетіп, кейін оны Шыңғысхан жасағы қайтарғаны белгілі. Автор Моңғолдың құпия шежіресінде және Мырза Ұлықбектің кітабында жазылғанындай, «Шыңғыс хан Жошыны өзге ұлдары мен қыздарынан көбірек жақсы көрді» дейді. Алайда мұны көре алмаған бауырлары Жошының тегіне байланысты өтірік жала ойлап тапқан екен.

Парсы тарихшысы Жузжани (1226) еңбегінде «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өте батыл, қайсар, ержүрек жауынгер болды. Оның күш-қуаты соншалықты, әкесі одан сескенетін еді» дейді. Жошы 1224 жылы таққа отырып, ұланғайыр аймақта дербес мемлекет жария-лады. Ол — қазақ мемлекеттігінің бастауларының бірі болғандықтан ел тарихы үшін елеулі оқиға.

Мемлекет басшысы 2019 жылы Ұлық ұлыстың 750 жылдығына айрықша мән беріп, Ұлытауға арнайы барған еді. Одан бері Жошы хан кесенесі жаңартылып, Ұлытау мәртебе алды, арнайы облыс құрылды. Биыл да игілікті істердің бастауы болады деп сенеміз, деп қайырған еді ойын Д.Қыдырәлі.

Өз тілшіміз.