Баянаула өңірінде ХVIII ғасырда орын алған негізгі тарихи оқиғалар – қазақ-қалмақ арасындағы соғыс болғандықтан қазақ халқының ерлігі тарихи дастандарда, батырлар жырларында айтылады.

Қазақ даласын қалмақ басқыншыларынан азат ету тарихына байланысты жерлер аз емес. Баянауыл жырында:

Жауласқан ертеден-ақ қазақ-қалмақ,

Бірде қалмақ, біресе қазақ алмақ.

Бәрінің қызыққаны Баян еді,

Бәрі де бұл жерлерді мекен қылмақ.

 

Бекініс айналасы, жаудың жері,

Қалмақтың не сықылды болыпты ері.

Жазайын кейбірінің атын айтып,

Қонтажы, Сыйқым, Ежен, Қалдан сері.

 

Бұрын талай қазақты қалмақ алған,

Әр жерде соғыс қылып, оба салған.

Құба қалмақ барында, бармын деме,

Деген сөз мақал болып содан қалған, – деп айтылады.

Қазақ елінің өткендегі тарихында елеулі із қалдырған, дүркін-дүркін үзілістермен жүз жылға жалғасқан қазақ-қалмақ соғысы. 1729-1730 жылдары Аңырақай шайқасына дейінгі кезеңдерде 1711, 1718, 1723-1727 жылдары жоңғарлармен болған соғыстарда қазақ халқының елін, жерін ерен қаһармандықпен қорғағандығы бізге мәлім.

Тарих сахнасына Абылай (Әбілмансұр) сұлтан шыққанға дейін, Әбілмәмбет хан айта қаларлықтай тегеурінді қимылдар жасай алмағандығы айтылады. Абылай ханның азан шақырып қойылған есімі – Әбілмансұр – әйгілі Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханнан Уәлі, Бақы, одан Абылай.

Жекпе-жекке шыққанда жауларын шақ келтірмейтін батыр болған соң қанішер Абылай атанған. Осы Абылайдан Уәлі. Ол Түркістанның билеушісі, сұлтаны болған. Уәлі сұлтан жаугершілік жылдары қаза тауып, Әбілмансұр жетім қалады. Намысқор Әбілмансұр, өзінің ата-тегін жасырып, Сабалақ деген есіммен көптің бірі болып ер жетеді. Жоңғарлармен болған бір сұрапыл соғыста жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекте Абылайлап ұран сап, қалмақтың аты шулы батыры Шарыштың басын алған соң Абылай атанды.

Бұл кезде Абылай 20 жастағы жігіт еді делінеді тарих беттерінде. Бұл оқиғаны Үмбетей жырау былай баяндайды:

Жиырмаға жасың толғанда,

Қалмақпен соғыс болғанда.

Алғашқы бақты тапқанда,

Шарыштың басын қаққанда.

Қанжығаңа бас байлап,

Жау қашты деп айқайлап.

Абылайлап шапқанда,

Ұмыттың ба соны, Абылай, дейді.

Көмекей әулие Бұқар жырау былай толғайды:

Әй, Абылай, Абылай,

Сені алғаш көргенде

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің.

Үйсін, Төле билердің,

Түйесін баққан құл едің.

Жиырма жасқа жеткенде,

Алтын тұғыр үстінде.

Ақ сұңқардай түледің,

Дәулет құсы қонды басыңа.

Қыдыр келді қасыңа,

Бақ үйінде түнедің.

Қылышыңды тасқа біледің,

Алмаған жауың болмады,

Несібеңді елден тіледің! – дейді.

1733 жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны анық. 1733 жылы Уса-Серен бастаған жоңғар қолы Қара Ертіс арқылы Зайсанға түсіп, Аягөзге жетеді. Одан Қарқаралы, Баянауыл тауларынан асып Ерейменге келеді.

Қабанбай мен Бөгенбай батырлар бастаған орта жүз қолы Өлеңті мен Ерейментау аралығындағы жазықта жоңғар-
ларды күтіп алып, шайқасады. Соғыс Шығыс дәстүрі бойынша жекпе-жектен басталып, қалмақтар қандыбалақ Шарышты шығарады. Қалмақтың батырларымен жекпе-жекке шыққан қазақ батырлары бірінен соң бірі жеңіліске ұшырап, қазақ қолының сағы сынады.

Құр ғана Бөгенбайдың сүлдері тұр,

Соғады егде тартқан жүрегі құр.

Сабалақ киім шешіп қам қылады,

Алла! деп бұл сапарға барайын бір.

Аңырақай соғысынан бері Бөгенбай батырдың қасында болған Сабалақ айқас алаңына Абылайлап шығып, жеңіске жетеді. Келесі 1734 жылы Баянауылдағы Сабындыкөлдің жағасындағы Көкжартас жазығында Әбілмәмбет хан бас болып Арғын, Қыпшақ батырларының қатысуымен үш жүздің игі жақсылары қарт Жәнібектің батасын алғызып, Абылай ханды ақ киізге отырғызып, Орта жүзге хан сайлады. Абылайдың туын тіккен жартас содан бері Абылай ханның Көкжартасы аталып кетті. Әбілмансұрды сол жолы ақ киізге отырғызып, хан көтергенде Абылайхан аты берілді. Абылайхан ордасын Жасыбай көліне тақау тау аңғарында тігіп, 2-3 жылдан соң Көкшетауға қоныс аударып, Қызылжарға дейін қазақ еліне қарасты аймақтарды қарауында ұстады. Ол жалпы төре тұқымына емес, қазақ халқының дана тұлғаларына, елдің игі жақсыларына, көреген кемеңгерлеріне арқа сүйеді. Батыр, билерден кеңес сұрап, ел іргесін нығайтты. Нәтижесінде 1771 жылы Түркістан қаласында Үш жүздің ханы болып билік құрды. Ол қазақ елінің бірлігін, жерінің тұтастығын сақтап, 48 жыл  халқына аянбай қызмет етті.

Баянауылдағы Сабындыкөлдің жағасында Абылай хан сайланған соң бұл өңір бүкіл қазақ даласын жоңғар басқыншыларынан азат етудегі плацдармға айналды. 1739 жылы жоңғарлар Сарыарқаға тағы да басып кіреді. Қазақ жасақтары ығыса соғысып жаудың бетін қайтарады. Бұдан кейін де жоңғарлар тыныш жатпады. Қазақтардың қорғаныс соғысы қалмақтарды жеңіске жеткізбеді.

Сол жылдардан қалған естеліктей: Олжабай батырдың тас қорғаны, қарауыл төбесі, қару-жарақтарын сақтайтын тас қорасы сыр шертеді. Баян тауларын қалмақтардан азат еткен Олжабай мен Жасыбай батырлар, Олжабай батыр Жасыбай асуына Жалаңтөс деген баласын қыстатып, өзі Избушка деген асуда (Олжабай асуы) төрт қыс қыстаған. Олжабай батырдың туған жері – Түркістан қаласы. Олжабай батыр Сарыарқаны Абылаймен бірге басқарып отырғанда 1783 жылы Ерейментауда қайтыс болды. Батырдың елге белгілі бола бастаған тұсы «Ақтабан- шұбырынды, Алқакөл-сұлама» кезі. Әкесі Толыбай Түркістан үшін болған шайқаста қаза тауып, он үш жасар Олжабай Қаратай деген нағашысының қолында өседі. Он алтыға толған Олжабай жоңғарларға тістене қарап, оларды қайткен күнде де қазақ жерінен қуып, халқына азаттық әперуді көксейді. Сөйтіп қару-жарақ соқтырып, үш жүздің сарбаздарын жинай бастайды. Олар атақты ерлер Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Дулат Өтеген батыр, Малайсары, Жантай көкжал Барақ батыр, Жасыбай батырлар болатын. Бұларға Үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Бұқар жыраулар қосылып қол жинап, Түркістанды басып отырған жоңғарларды шабады. Сөйтіп дұшпандарын Сыр бойындағы қалалардан қуып, Жоңғар тауынан асырып тастайды. Содан Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұламада өксіген ел ес жиып, Олжабайға арнап ұлы той жасайды. Оған Абылай, Әбілмәмбет төрелер келіп, қаз дауысты Қазыбек би мен Бұқар жырау қатысады. Әбілқайыр, Сәмеке, Әбілмәмбет хандар қалмақты Сыр бойынан, Жетісу жерлерінен қуып шыққаны үшін Олжабай батырға ризашылықтарын білдіріп, он сан Орта жүзге ұран болған ер Олжабай деген атақ береді. Құл Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінде сақтаулы тұрған Әмір-Темір көрегеннің алтын балдақ,  бүкір қылышын сыйға тартады.

Қолбасшы, ел ағасы ер Олжабай,

Жер-жерден қол жияды ер Бөгенбай.

Қарқабат, Қарауыл мен Найман, Керей,

Келеді қыпшақтан ол ер Қошқарбай.

Ақылды, батыр кісі Сары, Баян,

Бәсентиін Малайсары ол данышпан.

Шақшақұлы атақты ер Жәнібек,

Қаракесек қадірлі би ол Қазыбек.

Арғынға жаңа шыққан би Едіге,

Мейрамға ұран болған ер Олжабай, – делінеді жыр жолдарында.

Қол алдында келеді ер Олжабай,

Есітіп, қарсы тұрды хан Абылай.

Тайкөкке мініп алып бата бер деп,

Сұрайды Абылайдан ер Олжабай.

Күн жарқырап шыққан соң еркін барып,

Тұра шапты қақпаны Олжабайлап.

Бес күн болды бұзғалы Олжабайдың,

Талқы асуын мықты оба, Темір қақпа.

Олжабай батырдың негізгі қонысы – Баян тауларындағы Жасыбай көлі мен Торайғыр көлінің арасы. Осы маңда ағаштан, тастан оба жасап, қысты сонда өткізетін болған. Жазға қарай Сілеті өзенінің жағасында отырған Абылай мен Қанжығалы Бөгенбайға қосылып, жиын өткізеді екен. Соған қарағанда Сілеті өзенінің бойы елдің басы қосылатын ордасы болғандай. Баянаула мен Ерейментау өңірінде болған қазақ-қалмақ соғысындағы Олжабай батырдың бейнесін Жаяу Мұса былай суреттейді.

Тайкөкке мінді Олжабай,

Бүкірді алып қолына.

Қалмаққа кірді ашынып,

Қарамайды жолына.

Арыстандай ақырып,

Абылайлап шақырып.

Төрт мың қалмақ түк қылмас,

Қорғанға кірді Олжабай.

Алды-артына қайырылмай,

Көз қызарып, домығып.

Соғып жүр қылышты мұқалмай,

Қанатты тұлпар Тайкөк ат.

Қорықпастан шауып жүр,

Жал-құйрығы зуылдай.

Олжабай Толыбайұлы 1783 жылы Ерейментауының сыртында дүние салды. Өлер алдында қоштаса келген Арғын – Сүйіндік бауырларына:

Олжабай деп атайды, қайран елім,

Ерің кетсе сынады-ау сенің белің!

Аттың жалы, түйенің қомында ғой,

Сарыарқа сансыз жатқан асқар белің… деп өсиет айтып кеткен екен. Бұл туған елін, халқын жан-тәнімен сүйген ердің сөзі еді. Орта жүз рулары, оның ішінде бес Мейрам балалары қыс айларында Қаратау, Сырдария бойын қыстап, жазда Арқаны жайлайды екен. Кейін қалмақтар көз аларта берген соң Олжабай Толыбайұлы бастаған Айдабол руы Арқаның таулы, нулы, өзен-көлді жерлеріне қоныстанып, қыстау-жайлауларынан алыстап кетпейтін болған. Олжабай батыр қалмақтарды ығыстырып, ежелгі ата-мекенінен қуып шыққаннан кейін, олардан босаған жерлерді Айдаболдың жеті ұлынан тараған ұрпақтарына бөліп береді. Өзі Малқозы тұқымымен Ақкелін, Семізбұғы, Ақшоқы, Шалқар, Аққұдық, Арқалы бойларын жайлайды. Кейін Қытайлардан қауіп төнгенде қыстауын Баянаулаға ауыстырып, Жасыбай көлінің маңына қоныстанды. Сарыарқа даласы – қазақ халқының неше рет кетіп, неше рет келген атамекені.

Мәшһүр Жүсіп:

Төрт арыс – Орта жүздің шын баласы,

Арқаның толған емес сар даласы.

Қарақожа бабамнан Арғын туып,

Дәулетке сондай толған айналасы, – десе, Нұржан ақын Наушабайұлы:

Қуандық мырза, екінші би Сүйіндік,

Бегендік, Шегендікке және келдік.

Үш жүздің баласы бас қосқанда,

Байлық, бақыт соларда һәм үлкендік, – дейді. Осындай рулық жүйеде отырған ата-бабаларымызбен төре тұқымдарының санасуға мәжбүр болғандығы байқалады. Арғынның негізгі бөлігін құраған Қуандық, Сүйіндік, Бегендік (Қозған), Шегендік (Қақсал), Болатқожа (Қаракесек) руларының одағы Абылай аспас Сарыбел аталған. Абылай хан: Осы бес Мейрамның баласы Пайғамбар мен Шадияр тумады демесеңдер, адамның бұлбұлы мен дүлділі түгел туған ел, – деп үнемі айтып отырады екен.

Батыры көп жаудан қорықпайды,

Шешені көп даудан қорықпайды, – деген даналық сөз содан қалса керек.

 

Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ,

өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.