Абайдың күйлері қалай жетті?

Ақп 13, 2025

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының музыкалық мұраларының өзі — тұнған қазына. Бүгінгі күнде ақынның өлеңдері, Қара сөздері және әндері туралы жиі айтылғанымен, күйлері туралы көп айтылып, жазыла қоймайды. Ендеше, Абайдың күйлерінің шығу тарихы, сол мұраларды жазып қалдырған және нотаға түсірген адамдар туралы мәліметтермен бөліспекпіз.

Авторлығы Абайға телінетін бүгінде бес күй бар. Біріншісі – «Торжорға». Күйді жеткізген Абай еліне танымал азамат Ғайса Сармурзин (1904-1987) деген кісі.  Бұл туралы «Абай» энциклопедиясында толық әрі нақты мәлімет берілген екен: «Күйді Ғ.Сармурзин 1923 жылы Оспан деген домбырашыдан үйренген. Оспан ақын – ауылында жылқышы әрі Абайға атқосшы болған кісі. Абайдың Жетісу елінен сыйлыққа келген Торжорға деген аты болған. Сүйікті ұлы Әбдірахман Верный (Алматы) қаласындағы ауруханада жатқан кезінде Абай оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында Ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп танысады. Мағауияның Абай баласы екенін білген соң, ол ақынға дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады. Бұл жөнінде М. Әуезовтің «Абай жолы» романында тартымды суреттелген».

Ғайса Сармурзин жеткізген тағы бір күйі «Май түні» деп аталады. Бұл күй жайлы мәлімет тіпті аз. «Абай» энциклопедиясында қысқа ғана қайырады: «Бұл күйді 1923 жылы Ғ.Сармурзин Абайдың Ақылбайдан туған немересі Исрайылдан, ал Исрайыл Абайдың өзінен үйренген. Исрайылдың айтуынша, Абай бұл күйін жайлаудағы түнгі сауық-сайранда отырып шығарыпты».

«Абай» энциклопедиясының мәліметі бойынша ақынның «Желдірме» деп аталатын тағы бір күйі бар. «Күйді 1977 жылы музыка зерттеушісі Қайролла Түсіпұлы Жүзбасов Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауылында тұратын Демшінов Хамзадан таспаға жазып, нотаға түсірген. Бұл күй алғаш рет Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» деген ән-күй жинағына енгізілді».

Ал Абайдың «Майдақоңыр» күйін Семей облысы (бұрынғы) Аякөз ауданында тұрған күйші Жүнісбай Стамбайұлы (1891-1973) жеткізген.  Өткен ғасырдың ортасында, нақты  айтсақ, 1967 жылы күйші Жүнісбайдың ауылына Алматыдан арнайы келген фольклорлық экспедиция мүшелері  ондаған күйді жазып алған. Ішінде осы «Майдақоңыр» да болған екен. Күйдің аудиожазбасы Құрманғазы атындағы консерваторияның фольклорлық кабинеті мұрағатынан табылды депті зерттеушілер.

Ақынның кейінгі табылған күйлерінің бірі «Ақтолқын» деп аталады. Күйші, өнертану РhD докторы Ардаби Мәулетұлы бұл күйді шерткен Тергеусіз Бәлекейұлы екенін айтқан. Туынды күйшінің баласы Қуанышбайдың аудиожазбасында сақталған дейді. Ал күйдің шығу тарихы жайлы «Шың Жияң» қоғамдық ғылымдар журналының 1995 жылғы №3 санында жарияланыпты. «1890 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Көктұма деген жерде үлкен съезд өтеді. Оған арғын, найман, керей және қызай руларының атқамінерлері қатысып, қордаланып қалған жер дауы, жесір дауы сияқты  істерді қарайды. Съезбен қатар бәйге, балуан күрес, көкпар, қыз қуу, тағы да басқа ұлттық ойындар, ақындар айтысы, күй жарыстары ұйымдастырылады. Осы съезге қызай руынан шыққан атақты Қоңқай күйші де (1836-1920) қатысады. Сол жолы күйшілер төрт күн бойы күй сайысына түсіп, бақ сынайды. Күй сайысына Абай, Шәкәрім бастаған қасқа-жайсаңдар төрелік етеді. Сайыстың төртінші күні Қоңқай күйші Абайдың бір рет шертіп көрсеткен күйін басқа күйшілер нақышына келтіре алмағанда, төрт саусағымен тартып, елді таңғалдырып, нәтижесінде, бас бәйгені ұтып алады. Күйдің «Ақтолқын» деген атауы сол жолы қойылады. Кейін бұл күйді Қоңқайдың шәкірті, қызайдан шыққан тағы бір дәулескер күйші Әшім Дөңшеұлы үйреніп, кейінге жалғастырады».

Бұл ақынның музыкалық мұралары туралы құнды мәлімет-тердің бір бөлшегі ғана. Алдағы уақытта бұдан өзге де қызықты әрі тарихи деректермен бөлісетін боламыз.

Әзірлеген – Тілеуберді САХАБА.