«Абай» романы қалай шықты

Там 7, 2025

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ұлт руханиятының мұрағатына айналған сирек кітаптар көп сақталған. Солардың қатарында жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының орыс тілінде жарық көрген нұсқасы да бар. Аталған құнды еңбек 1945 жылы Қазақ мемлекеттік баспасынан басылып шыққан.

«Абай» романының алғашқы томдарының жарық көргеніне де 80 жылдан астам уақыт болды. Яғни, роман бастапқыда тек «Абай» деген атаумен шыққан. «Абай» романының бірінші томы 1942 жылы баспадан өтсе, оның орыс тіліндегі нұсқасы 1945 жылы оқырман қолына тиіпті.

Негізі, Мұхтар Әуезов «Абай» романының бірінші томын 1940 жылы жазып бітіріп, баспаға ұсынады. Бірақ, сол кездегі саясаттың салқын желіне байланысты роман баспада біраз уақыт жатып қалады. 1941 жылдың мамыр айында Мәскеуде істейтін публицист, ғалым Бейсембай Кенжебаев Алматыға Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы болып келеді. Роман енді Бейсекеңнің қолына тиеді. Бірақ Орталық комитет Кенжебаевқа: «Абай» – ескілікті көксейтін роман, авторы да сенімсіз. Мұндай романды жарияламау керек. Бірақ Әуезовке басқадай сылтау айтып, кітабын қайтарып жібер», –
деп тапсырма береді. Бірақ Бейсембай Кенжебаев басқаша әрекет жасайды. Авторға латын әліпбиімен жазылған мәтінді кириллицамен жаздырып әкеліңіз деген тапсырма береді. Жазушы бұл істі де жылдам жүзеге асырып, романды жаңа әліпбимен жазып әкеледі. Дәл осы уақытта соғыс басталып, әскер, майдан туралы туындылар бірінші кезекке қойылып, «Абай» тағы кейінге шегеріледі. Бірақ, соған қарамастан Бейсембай Кенжебаев өзінің басын үлкен қатерге тігіп, тәуекелге барып, «Абай» романын ешкімге ескертпестен баспадан өткізіп жіберген екен. Кітап шыға салысымен «Социалистік Қазақстан» газетіне мақала жариялап, көпшілік оқырманнан сүйінші сұраған. Әдебиет зерттеуші Құлбек Ергөбек ғалым Бейсембай Кенжебаевтың бұл әрекетіне: «Ешкімнің қолынан келмес рухани ерлік, қайталанбас кісілік жасады», — деп баға береді. Есесіне, бірер күннен соң «саяси сенімсіз» адамның романын жариялап, оны мақтап мақала жазды деген айыппен Б.Кенжебаев Орталық комитеттен сөгіс алады. Бірақ Бейсекеңнің басына үйірілген бұлт мұнымен тарқаған жоқ, көп кешікпей жұмыстан да шығарылды. Кітап редакторларының бірі, белгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев өзінің бір естелігінде: «Сүйінші хабарды Бейсембай Кенжебаев көзіне жас алып тұрып жеткізді» деп жазған.

Көзі тірісінде жазушы Мұхтар Әуезов әрбір жарық көрген жаңа еңбегіне көл-көсір тілегін жазып, алдымен өзінің замандас-достарына қолтаңбамен сыйлайды екен. Сондай қолтаңбасын өзінің досы Бейсекеңе арнап: «Бейсембайға! Кітаптың дүниеге шығуына еткен еңбегің мен достық, інілік көңіліңді айрықша сүйсініп бағалаған жүрекпен сыйлаймын» деген жүрекжарды алғысын білдіреді.

Бейсембай Кенжебаев өзінің бір күнделігіне: «1941 жылдың басында бір барғанымда Мұхтар өте қуанышты еді. Кездесіп, әңгімелесе бастағанымыздан-ақ: «Мен биыл үлкен жұмыс бітірдім. Абай туралы біраз жылдан бері жазып жүрген романымның бірінші кітабын бітіріп, баспаға бердім. Бұған дейін ірілі-уақты бірсыпыра жаздым ғой. Мына романым — соның бәрінен өзге, жазушылық қызметімнің бір биік белесі. Адам өзінің әр жұмысына, біріне аз, біріне көп дегендей, әртүрлі қанағаттанады, түрліше риза болады. Мен бұрынғы жазғандарымның ешбіріне бұл романыма қанағаттанғандай қанағаттанған, риза болған емес едім. Бұған бір айрықша қанағаттандым» дегенді айтты», – деп жазып қойған екен.

Бұл — жоғарыда сөз болған «Абай» романының жарыққа шығар алдындағы жүрек тебірентер сәттер мен тарихи оқиғалар еді. Ал Б.Кенжебаевтың анау ерлігін ұлтқа қызмет етудің ең жоғарғы шыңы деуге болады. Себебі ол ұлт әдебиетінің, қазақ тарихының тағдырын өзінің қара басынан биік қойып отыр.

Тілеуберді САХАБА.