Пенденің шың-құзға құлаштауға қуат беретін қос қанаты — ақылы мен еңбегі. Алысқа абыроймен самғататын осы қос қанатты Жаратқан тірісінде ел ағасы атанған абзал жан Қабдеш Темірбайұлына молынан үйіп-төгіп берген екен. Туған халқының мызғымас мүддесін мұқият сақтап, өсу, өркендеу жолында толассыз қызмет атқарған арда ақсақалдың Ертістің Павлодар өңіріне сіңірген еңбегі өлшеусіз еді.
Мен өмірімнің асыл мұраттарын мемлекетіміз бен ұлтымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнап келе жатқан жанмын. Қазіргі кезге дейін талай-талай жауапты лауазымдағы қызметтерді атқардым. Қазақстан Республикасының, Кеңес одағының бірнеше наградаларымен, Алғыс хаттарымен және көптеген грамоталармен марапатталғаным және бар. Қорыта айтқанда, бір кездегі арман қуған жас жігіттен бүгінде қазақстандық қоғам таныған ел ағаларының қатарына қосылдым.
Осының бәрін жалаң мақтаныш ретінде тізбелеп отырған жоқпын. Кеудеме нұр құятын өзекті мәселеге байланысты ойларымды бабымен сабақтау үшін осылай жасауыма тура келіп тұр. Өйткені, қызметтік өсу баспалдақтарынан тұратын өмірімде ауыз толтырып айтарлық жетістікке өз басымның ғана қабілетімен жеттім деп айта алмаймын. Ел-жұртымның құрметіне бөленуіме Отаныма адал қызмет етуге деген ұмтылысым мен соны жазбай танып, ақылымен алдымнан жол ашқан, сәуегей баталарымен бойымдағы талабыма өршіл рух берген жайсаң жандардың шынайы демеушілігі себепкер болды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат!
Менің тағдырымның көңіл қалауындай болып қалыптасуына таудай үлесін қосқан сондай ерекше тұлғалардың бірі – соғыс және еңбек ардагері, Павлодар облысының және қаласының Құрметті азаматы, кезінде бүкіл республикаға танымал болған Қабдеш Темірбайұлы Нұркин. 2002-2006 жылдары Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Павлодар облыстық департаменті бастығы болған мені тағдырым осындай біртуар жанмен табыстырды. Ол кісі менің өмір бойы үлгі тұтар рухани ұстазыма, әке орнына қабылдайтын қасиетті адамыма айналды.
Мен ол кісінің «Ер туған жеріне қызмет етеді» деген ұстанымды өмірлік мұрат тұтып, Ұлы Отан соғысында жауынгерлік ерен ерліктер жасағанын, тамылжыған мынау тіршілікті бабына келтіру жолында аз тер төкпегенін естідім.
20 жасында атқыштар ротасының командирі болған абзал жан кескілескен ұрыс даласында үш рет дене жарақатын алып, оң аяғының санында өмірден өткенше снаряд жарықшағының жүргенін білдім. Өзінің жауынгерлік жолын Сталинград шайқасынан бастап, 1943 жылы Харьков қаласын, одан кейін Могилев қаласын азат етуге қатысып, 1944 жылы партия қатарына қабылданған кезде жоғарыда айтқан қос қаланы азат етуде көрсеткен ерлігі үшін екі бірдей «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған екен. Ұлы Жеңіс таңын жақындатқан 1945 жылдың наурыз айында герман жеріндегі ақтық шайқастардың бірінде тағы да ерен ерлік жасап, «Айбындана шапқаннан ажал да сескенеді» демекші, ауыр дене жарақатын алса да, бетпе-бет келген ажалды жеңіп шығыпты.
Қабдеш ағаның әңгімесінен: «1945 жылдың көктемі еді. Неміс армиясы шегінуде. Біздің рота дұшпанмен шайқасып, кескілескен ұрыс жүрді. Біз командованиенің бұйрығын мүлтіксіз орындап, қарсыластарды құрттық. Осы ұрыста мен қатты жараландым. Оқ қолдарым мен аяқтарыма тиді. Тамбов қаласындағы госпитальде жатып, 13 ай емделуге тура келді. «Берлинге жетсем екен, жауды өз ұясында талқандасам екен!» деп армандайтынмын. Тағдыр оған жазбапты. Жеңісті госпитальде қарсы алдым».
Осындай көзсіз ерлігі үшін Александр Невский орденімен марапатталуға ұсынылып, награда өз иесіне 20 жылдан кейін ғана, яғни 1965 жылы облыстық кеңестің сессиясында тапсырылыпты. Қабдеш аға – жауын жеңген майдангер. Қазақ халқының батыр перзенті Бауыржан Момышұлының ерлігін, ол басқарған әскердің Мәскеуді қорғап қалғанын, бұл жеңіске Баукеңдей дарынды командирдің еңбегі көп болғанын жыр ғып айтатын еді. Өзінің Баукеңнен үлкен өнеге алғанын да тілге тиек етеді. Батыр полкты, дивизияны басқарса, Қабекең рота командирі болды. Аз әскерімен көп ерлік жасады.
Ұлы Отан соғысының өлшеусіз қайғы-қасіреті, соғыстан кейінгі жылдардың көп қиындығы Қабдеш Темірбайұлының замандас құрдастарының басына түсті. Халықтың қамын ойлап, құлдыраған тіршілікті көтеру мақсатында ел-жұртты іргелі істерге жұмылдыру, олардың ертеңгі күнге деген үміттерін арттыру, жақындарынан айырылып, құсалы күй кешкен жандардың қаралы көңілдерін жадырату тәрізді таусылып бітпейтін шаруаларды реттеу қалыпты өмір нормасына айналған шақта Қабдеш Темірбайұлы тағы да осы тіршілікті ұйымдастырудың басы-қасы болып табылатын партия, кеңес органдарына қызметке келіпті. Онда 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, оның көп бөлігін облыстық кеңес атқару комитетінің хатшылығына, облыстық кеңестің депутаттығына арнапты. 30 жылдан аса уақыт облыстық партия комитетінің құрамына сайланған. Ұзақ жылғы қызметінде төккен тердің төлеуі ретінде мол марапатқа бөленіп, кең кеудесін тағы да екі «Құрмет белгісі» ордені және «Шапағат» медалі көмкерген екен. Қазақ КСР Жоғары кеңесі Президиумының үш Құрмет граматосымен, екі грамотасымен, ҚР Қорғаныс министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталғаны және бар.
Ұлы Отан соғысында «Қызыл қан, ащы термен» алған аға лейтенант әскери шені кейін полковникке дейін жоғарылады.
Ел сыйлаған ағамыз былай дейтін: «Мен Ертістің Павлодар өңірін гүлдендіруге қатысқанымды мақтаныш етемін. Өмір мені талай жақсы адаммен жүздестірді. Олардың өнегелі жақтарын үйренуден жалықпадым. Әсіресе, облыстық партия комитетінде қызмет еткен жылдар мен үшін үлкен мектеп болды. Халықпен біте қайнасып, мұң-мұқтажын білуге, ауқатты тұрмыс құруына жағдай жасауға үйретті. 40 жылдан астам уақыт ішінде облыстық партия комитетінің он бірінші хатшысымен, облыстық кеңестің атқару комитетінің 7 төрағасымен қызметтес болыппын. «Еңкейгенге еңкей – атаңнан қалған құл емес, шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес» деп айтқандай, қызметтестеріммен ортақ тіл тауып, ортақ мақсат жолында тізе қосып еңбек еткенім рас».
Тағы бір ерекше атап өтетін жайт — Қабдеш ағаның қарапайымдылығы мен отбасы алдындағы зор жауапкершілігі. Ағаға кезінде облыстың бірқатар ауданында партия комитеттеріне басшылық жасау ұсынылғанымен, ол оған аса құштарлық танытпайды. Еңбек етіп жүрген қызмет орнында мемлекетке пайдам көбірек тиеді деп есептейді. Бұл бір болса, екіншіден Рәзия жеңгейдің қартайған ата-анасы Павлодарда тұратын.
Сол кісілер алыс кетсек жүдеп-жадап қалар деген мейірімділікке толы алаңдаушылық сезім қызмет ауыстыру, қоныс аудару сияқты шешімді қабылдауға ынталандырмайтын.
Халық арасындағы құрметті есімі Ел ағасы дәрежесіне көтерілсе, Құдай қосқан қосағы Рәзия Асқарқызы апаймен тату-тәтті тіршілік кешіп, үш ұл мен екі қыздың асқар таудай әкесі, олардан тараған немерелер мен шөберелердің ардақты атасы атанған. Барлық жайға қаныққан соң отбасылық өмірде де, қоғамдық салада да рухының биіктігімен, тектілігінің тереңдігімен жарқыраған асыл жанды «Өз еліндегі өзендей сарқыраған тұлға» деп таныдым. Сол себепті «Өз артына өшпестей із қалдырған» өр тұлғаның баянды болмысынан рухани нәр алуды ішкі танымы мен жан-дүниелік сұранысымның ауадай қажеттілігі деп сезіндім. Оған деген рухани тартылыс күшімнің оянуын ұрпақтар жалғастығындағы табиғи заңдылық деп қабылдадым. Сөйтіп, ол кісімен болған әрбір дидарласуым маңызды мәселелер қатарына қосылды.
Әскери қызмет ерекшелігімді жақсы білетін Қабдеш Темірбайұлы бірде өзінің басынан кешірген мол соғыс тәжірибесіне сүйеніп, әскери өмірге және әскери басшының өз тіршілігіндегі ұстанымдарына қатысты құнды пікірлерін ортаға салса, енді бірде қызметтік тіршілікте адамдар арасындағы бір-біріне деген секемсіз сенімділік пен шынайы сыйластықты қалай орнатуға болатыны жайлы терең ойлармен бөлісетін. Тіпті, жанұялық өмірдегі берекеге қол жеткізудің өзі оңай шаруа емес екенін ескертіп, әскери өмірдің сұрғылттау желісімен жүрмей, бір мезгіл нәзіктік туралы да ойлануға шақыратын. Осындай жан-жақты әрі тұшымды әңгімелерден мол әсер алып, одан орамды ой түйіп, нақты істерге ұластыруға ұмтылдым. Ізгілік пен адамгершілік, жауапкершілік пен іскерлік сияқты көптеген адами құнды қасиеттердің тереңіне бойлап, ізгіліктің не екенін түсіндім. Өмірімді сонымен түбегейлі байланыстырып, қолымнан келгенше әрекет жасап та келемін.
Мен басшылық жасаған еңбек ұжымына келіп, ардагерлер мен қызметкерлер арасында жиі болуды жаны сүйетін Қабдеш Темірбайұлы тек менімен емес, айналасындағы көптеген адаммен дәл осындай қарым-қатынаста болғандығын ескерсек, ол кісі – елі құрмет тұтатын дара тұлға.
Оған дәлелді көптеп келтіруге болады. Мәселен, Ертіс өңіріне келгеннен кейін көп ұзамай Қабдеш ағамен таныстым. Келесі жылы ақсақалдың 80 жылдық мерейтойына қатысып, үлкен салтанатты жиынның куәгері болдым. Қабдеш аға мені өзіне жақын тартып, бауырына басты. Әкелік ақылын айтып, өмірден жинаған мол тәжірибесімен бөлісті. Осындай ұлағатты адаммен пікірлесіп, сұхбаттасқан кездерім есімнен ешқашан кетер емес. Бір-біріміздің отбасымызбен араласып жүрдік. Ол кісімен әрбір жүздесуім мен үшін өте қымбат болды. Бірімізді-біріміз сағынып, әр кездесуімізді асыға күтіп жүрдік. Ол кісінің маған деген ерекше көңілін, ағалық таза қамқорлығын әрқашан сезінетін едім.
Есімнен кетпейтін бір жайт, Қабдеш Темірбайұлы 2010 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне байланысты Астана қаласындағы Ақордада Елбасының қабылдауында болды. Сонда ол кісі трибунаға шығып, жүрек тебірентетін жалынды сөздерін айтты. Ағамыз еліне, жеріне деген зор сүйіспеншілігін терең де мағыналы ой-пікірлермен ақтарып салған болатын. Ағаның ғибратқа толы сөздерін тыңдаған ел басқарып жүрген азаматтар, соғыс ардагерлері риза болды. Менің ойымша, мұндай биік дәрежеде сөйлеу барлық жағынан көпшілікті жарып шыққан нағыз абыз адамның ғана қолынан келсе керек. Қабдеш аға данышпандықты бойына жиған абыз іспетті ерекше жан еді.
Әділ ШАЯХМЕТОВ, генерал-лейтенант, мемлекет және қоғам қайраткері, Павлодар қаласының
Құрметті азаматы.