Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық азабы мен саяси қуғын-сүргін науқаны қазақ даласын қанға бөктірді. Бұл нәубет уақыт сағаты айналып, жылдар жылжыса да ұмытылмақ емес. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес арнайы комиссия құрылып, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізілді. «Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы» деді Президент бір сөзінде. Бүгінде ғалымдар осы қолдан жасалған геноцидті жан-жақты зерттеп, ғылыми тұрғыдан бағасын беруде. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Мамытова да осы тақырыпты, соның ішінде ашаршылыққа ұшыраған қандастарымыз жайлы зерттеу жүргізуде.
— Сәуле Нәсенқызы, жалпы ашаршылықтан қанша адам қайтыс болды деуге болады?
— 1920-жылдардың соңында Кеңес өкіметінің күштеп жүргізген кәмпескелеу, ұжымдастыру және қазақ көшпелілерін отырықшылыққа көшіру науқандары қазақ шаруашылықтарының толық күйреуіне әкеліп соқты. Оған дейін қазақ даласында 45 миллион мал болса, соның небәрі 4,5 миллионы ғана қалды. Негізгі күнкөріс көзінен айырылған қазақ халқы жантүршігерлік аштыққа душар болды. Қазақстанда халық саны
6 миллион болса, оның 3,6 миллионы қазақтар еді. Зерттеушілердің бағалауынша, аштықтан 2–2,5 миллион қазақ қырылып, 1 миллионнан астам адам елден қашуға мәжбүр болды.
— Ал сол кездегі Павлодар өңірінің жағдайы қалай болған екен?
— Осы кезеңдегі Ертістің Павлодар өңірінің тарихына көз жүгіртсек, жерлестеріміз де жаппай аштыққа ұшыраған және таралу ауқымы үлкен болғанын байқауға болады. Қазақстан бойынша біздің аймақ ең үлкен демографиялық шығынға ұшырады. Атақты демограф М.Х.Асылбековтің мәліметінше, аштықтан кейін бұл аймақта қазақтардың саны күрт азайған. ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында бұл өңірде қазақтар жалпы халықтың басым көпшілігін құраса, 30-жылдардың соңына қарай олардың үлесі небәрі 4,3 пайыз ғана болып қалған. Павлодар облысындағы халық шығыны туралы австралиялық ғалым Стивен Уиткрофттың зерттеулері де осыны растайды. Ашаршылықтың бұл өңірдегі қандай ауқымда болғанын архивтік құжаттар да дәлелдейді. Мысалы, Қазөлкеком ВКП(б)-нің уәкілі А.Розыбакиевтің екінші хатшысы И.Курамысовқа жолдаған телеграммасында: «Павлодар ауданында 1932 жылдың желтоқсан айының екінші жартысынан бастап, қаңтар айы ішінде, толық емес деректер бойынша, аштықтан болған 515 өлім жағдайы тіркелген, ит етін және өлі малдың етін жеу оқиғалары көп» деп хабарланған.
— Осы тұста жергілікті халық Ресей жеріне қарай жаппай қоныс аударғаны белгілі. Сонда қандай аудандарды паналаған екен?
— Қазақтардың өз ауылдарынан жаппай көшіп кету дерегін ОГПУ қызметкерлері нақты статистикалық мәліметтермен көрсетті. Мысалы: «1930 жылдың мамырынан бастап Павлодар ауданының №4 ауылындағы Маркс атындағы колхоздың 260 мүшесінің ішінен 60 шаруашылық көшіп кетті. №6 ауылда 1930 жылы 600-ден астам шаруашылық тіркелсе, 1931 жылы тек 300-дей шаруашылық қалған, қалғандары қашып кеткен. №1 ауылдан қаңтар мен 1 тамыз аралығында 55 шаруашылық көшіп кеткен, олардың тек 3-еуі кулак шаруашылығы, қалғандары – кедей-колхозшылар» деп жазылған. Солтүстік-шығыс өңір қазақтары үшін көшу бағыттарының бірі – Ресей Федерациясының шекаралас Сібір өлкесі болды. Жақын орналасуы, табиғи жағдайының ұқсастығы және қазақ ирредентасының көп болуы бұл аймақ аштық босқындары үшін негізгі паналайтын жері болды. Павлодар өңірінің қазақтары ең алдымен көршілес Құлынды даласына қашты. Архивтік деректерде Павлодар облысының батысындағы Ключев ауданы қазақтардың «қашу үшін ашық есігі» ретінде аталады. Осы ауданнан қазақтар Алтай өлкесінің орталық аудандары – Алей, Ребриха аудандарына, сондай-ақ Ойротияға (Таулы Алтай) жеткен. Мұнда аштық босқындары ең көп шоғырланған жер – Хабар ауданы. Көпшілігі ауылдық жерлерге қоныстанғанымен, кейбір қазақ босқындары Барнауыл мен Бийск сияқты өнеркәсіптік қалаларға орнығуға тырысты.
Аштықтан әлсіреген, қалжыраған қазақ босқындары жеуге келетіннің бәрін тұтынды. Мал көмілген шұңқырлардан өлі малдың жемтігін қазып алып, етін жеген оқиғалар туралы көптеген архив құжаттарында баяндалады. Бұл іш сүзегі, бөртпе сүзегі және шешек сияқты жұқпалы аурулардың кеңінен таралуына себеп болды. Архивтік құжаттарда аштықтан өлген қазақтардың мәйіттері ұзақ уақыт бойы көшелерде жерленбей жатқаны туралы көптеген дәлелдер бар. Қалжырап, аштықтан есінен адасқан қазақтар өз туыстарын жерлеуге де дәрменсіз болды. Қазақтар арасында ежелден қалыптасқан марқұмдарды құрметпен жерлеу дәстүрі алғаш рет бұзылды. Бұл біздің дінге берік, дәстүрге бекем халыққа өте ауыр рухани және физикалық соққы болды.
— Жоғарыда аштықтан аман қалу үшін талай қазақ Ресей жеріне босып кетті дедіңіз. Сондағы жергілікті халықтың босқындарды қабылдауы қалай болды?
— Аштықтан ауып барған қазақтарға деген жергілікті халықтың көзқарасы өте нашар болды. Қазақтарды ұры, қарақшы, жылқы ұрысы ретінде көрсететін үгіт таратып, Сібір халқы арасында қазақтарға деген өшпенділікті өршітті. Мұндай бұрмаланған жағымсыз стереотиптер репрессиялық шараларды ақтауға пайдаланылды. Кеңестік үгіт-насихаттың ықпалымен қазақтарға деген жағымсыз көзқарас орнықты. М.Малышева мен В.Познанский «Босқын қазақтар — Батыс Сібірдегі аштық құрбандары» атты еңбектерінде: «Оңтүстіктен келгендерді ұрып-соғып, қуып жіберетін. Сібірліктер қазақтарды екінші сортты, еш нәрсеге жарамайтын, қамқорлыққа лайық емес халық деп есептейтін. Усть-Пристань ауданындағы «Трудовик» колхозының төрағасы жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсініп, «Ұлт айырмашылығына байланысты [қазақтарды] колхозға қабылдамау туралы» бұйрық берді» деп жазады.
Алайда, бөтен жерге бұрын славян-егіншілері ортасында өмір сүрген қазақтар тез бейімделе білді. Олар жергілікті тұрғындардың кейбір әдеттері мен дәстүрлерін тез қабылдап, алғашында қастықпен қарағандармен де достық қарым-қатынас орната білді. Көшпенділерге тән төзімділік, білімге ұмтылыс, еңбекқорлық, сабырлылық пен ашық мінездің арқасында қазақтар жат және дұшпан ортада аман қалып қана қоймай, жергілікті халықтың арасында беделге де ие болды.
— Павлодар өңірінде аштықтан қаза болған марқұмдар негізінен қай аудан, ауылдарда жерленді?
— Марқұмдардың зираты негізінен Ақсу ауылдық аймағында, сосын Ақтоғай мен Ертіс аудандарында көптеп кездеседі. Атап айтсақ, Ақсу ауылдық аймағының Сарышығанақ елді мекенінде, Ақтоғай ауданының Өтес, Әуелбек, Қараоба, Жаңаауыл, Исантерек, Әбжан ауылдарына жерленді. Сонымен қатар, Ертіс ауданының Қарақұдық, Ертіс, Панфилов ауылдарында бар.
— Кезінде қазақ даласын жайлаған ашаршылықтың себебі туралы нақты саяси баға берілді ме?
— Бұл оқиғаларды зерттеу мақсатында көптеген ғылыми еңбектер жазылды. 1991–1993 және 2020–2023 жылдары осы демографиялық апаттың себеп-салдарын ашуға бағытталған Мемлекеттік комиссиялар жұмыс істеді. Алайда ашаршылық тақырыбы әлі де толық зерттеле қойған жоқ. Тарих ғылымында бұл мәселе бойынша пікірталастар көп. Көбінде 1932–1933 жылдардағы ашаршылықтың себептері, ауқымы және салдарына қатысты өрбиді. Кейбір зерттеушілер ашаршылықты кеңестік биліктің қателіктерінің салдары деп санаса, енді біреулері мұны геноцид саясатының көрінісі ретінде бағалайды. Бұл ұлттық нәубетке нақты әрі дұрыс құқықтық баға беру үшін әлі де терең кешенді зерттеу өткізу керек. Тек архив құжаттарына ғана емес, ауызша материалдарды зерттеп, зерделеу қажет.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.